Кез келген сауатты да көзі қарақты жан жарнаманың қазақша мәтініне шошына қарайтын болды. Өйткені жарнама аудармасының ала-құлалығы туралы айта-айта ауыз ауырды, жаза-жаза қол талды. Бұған дейін жарнама мәтінінің сауатсыздығы, бейәдепсіздігі туралы біраз айтылды. Сын садағына ілініп, суреттері де басылды. Бірақ одан селт еткен ешкім жоқ. Одан қалды, «Жарнамаға жергілікті әкімдік неге жауап бермейді?» дестік. «Тілдерді дамыту басқармалары жарнаманың тілін түземей не тындырып отыр?» деп тағы көрдік. Расында да жарымжан жарнама айылын қашан жияды? Неге шетінен жауапқа тартып, айыппұл салмаймыз? «Неге, неге» деп басталатын сауалдар көп-ақ. Біз бүгін осыларға жауап іздеп көрелік.
Жарнама – нарықтың қозғаушы күштерінің бірі. Сондықтан жарнаманың «бармайтын тауы, баспайтын жері» жоқ. Бұл – әлемде қалыптасқан құбылыс. Бірақ шетелден біздегідей қаптаған сауатсыз жарнаманың жұрнағын да көрмейсіз. Неге? Алдымен жарнаманың тіліне келелік. Бүгінде Қазақстанның қай қаласына барсаңыз да сауатсыз аудармадан көз ашпайсыз. Әр жарнаманың төменгі тұсында «Жарнаманың мазмұнына жарнама беруші жауапты» деп тайға таңба басқандай анық жазылған. Демек. оның тілдік сауатсыздығына жарнама берушілер тарапынан жауапкершіліктің жоқтығы себеп болып отыр делік. Жарнама агенттіктеріндегі аудармашы орыс тілінен қазақ тіліне қалай аударса, солай жазылып келген, яғни сол агенттіктердегі мемлекеттік тілді жетік меңгерген маманның жоқтығынан заң бұзушылық орын алып отыр. Хош делік, заң бұзушылық орын алды. Енді оны кім және қалай жауапқа тартпақ? Бұл заң бұзушылық тілбұзарлықтың нақ үлгісі болып табылатындықтан жергілікті әкімдіктен осы мәселеге қатысты жауапты жандарды іздейміз. Бізге бірден Тілдерді дамыту басқармалары жауапты деген ой келеді. Атауы Тілдерді дамыту басқармасы болғандықтан жергілікті жердегі тіл төңірегіндегі түйткілдерге сол жауапты деген түсінік қалыптасқан. Шындығында солай ма? Бұған Тілдерді дамыту басқармалары не дейді екен? Олардың біразының жауабы мынаған саяды: «Қала, аудан көшелеріндегі сауатсыз жарнамалардың көптеп кездесетіні баршамызға белгілі. Тұрғындар да бізге бұл жайында жиі шағымданып жатады. Мысалы, көпшіліктің назарына сауатсыз жарнамалар мен көрнекі ақпарат ұсынатын кәсіпкерлердің Қазақстан Республикасы «Тіл туралы» Заңын сақтауына келетін болсақ, аталған заңда жарнама иелерінің жарнамалардың қазақша мәтіндерін алдын ала басқармамен келісу мәселесі мүлде қарастырылмаған. Сонымен қатар қалалық не облыстық Тілдерді дамыту басқармаларының жарнамада жіберілген қателерді жарнама иелеріне түзеткізуді талап ететін еш құзыреті жоқ. Осыған орай, заң талабына қайшы рәсімделген жарнамалық көрнекіліктерді ретке келтіру үшін заңдарға өзгеріс енгізілуі тиіс. Дегенмен аталған кемшіліктерді түбегейлі жою жөніне келгенде мәселе тағы да заңға келіп тіреледі. Қолданыстағы Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңында да, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінде де көрнекі ақпарат пен жарнамалар тілін бұзғандарды жауапкершілікке тарту мәселесінің қарастырылмауы көп нәрсеге қолбайлау болып отыр. Міне, гәп қайда жатыр? Жергілікті әкімдіктің жарнамаға әлі жетпеуінің бір сыры осында делік. Бірақ осыдан біраз бұрын ҚР Мәжіліс депутаты Алдан Смайыл бір сөзінде: «Ең алдымен, қате жарнамалардың жіберілмеуіне, ілінбеуіне әкімдіктер мен тіл басқармалары жауап беру керек» деп, соған негіз болатын «Жарнама туралы» Заңды сөз қылып: «Заңда тек грамматикалық қателер ғана емес, рухани қателерді жібермеу мәселесі де назардан тыс қалмаған. Жарнамада жіберілген қателер үшін тиісті жауапкершілікке тартудың жолдары да көрсетілген. Жергілікті әкімдіктер Әділет министрлігіне немесе сотқа жүгінсе де, жекелеген компаниялардың жіберген қателерін түзетіп, болашақта қатенің қайталанбауын қадағалауы керек. Біз бар заңды дұрыс пайдалана алмай отырмыз. Негізінен, жарнамамен айналысатындар қазақша сауатсыз. Әсіресе, тарихи тұлғаларға қатысты атаулар, қазақтың байырғы сөздері өрескел қатемен жазылады» деген еді. Алайда тілге жанашыр депутат өзі атап өткен, өздері қабылдаған заңдарда әкімдіктер мен аталған басқармалардың жарнамаға жауаптылығын міндеттейтін жері жоқтығын қаперіне алмаған сыңайлы. Оған қоса заңда жіберілген қателер үшін жауапкершілікке тартылатыны айтылса да, оның жолдары нақты көрсетілмеген. Әр аймақтағы жергілікті Тілдерді дамыту басқармаларында негізінен мемлекеттік тіл жанашырлары отырғаны рас. Бәрі дерлік жергілікті ұлт өкілдері. Алайда олар әр сұхбаттарында өз тараптарынан мемлекеттік тілге қырын қарағандарды бірден жазалап, жауапқа тартып, оларға белгіленген мөлшерде айыппұл сала алмайтындарын ашына айтады. Өйткені оларда ондай құқық жоқ. Егер жоғарыдағыдай әрекет етуге құқық берілсе, әр кәсіпкер «өз нысаныма қай тілде, не жазсам да өзім білемін» деген пиғылдан арылар еді. Нәтижесінде жарнаманың тілі түзеліп, ел бюджетіне ақша түсуі керек. Өкінішке қарай оны бақылайтын Тіл комитеті болсын, жергілікті атқару билігіндегі Тілдерді дамыту басқармалары болсын, заңдағы олқылықтардан «Тіл туралы» Заңның орындалуын толық қамтамасыз ете алмайды. Бүгінге дейін жергілікті Тілдерді дамыту басқармалары тіл туралы заң талаптарын бұзған нысандарды шамалары жеткенше тексеріп, прокуратураға шағым түсіріп қана келеді. Шамалары жеткенше дейтініміз жеке меншіктегі нысанды прокуратурадан басқа құзырлы мекеменің өз бетінше келіп тексеруге құзыреті жоқ екені тағы бар. Оған қоса бір жарнама немесе көрнекі ақпарат туралы шағым түсіріп, оны прокуратура тексеріп, оларға ескерту жасап болғанша қаланың басқа тұсында небір сорақы қателерге жол берген бірнеше жарнама қылтиып шыға келеді. Сонда қайтпек керек? Мемлекеттік тілді дамыту мақсатында құрылған жергілікті Тілдерді дамыту басқармаларының бар шамасы шағым түсірумен шектелмек пе? Сонда көшелердегі сорақылықтарға жергілікті прокуратураның тек ескерту беруге ғана дәрмені жете ме? Біздіңше, ең алдымен ҚР «Жарнама туралы» Заңы мен ҚР «Тіл туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырудар енгізу керек. ҚР «Тіл туралы» Заңының талаптарын сақтау мақсатында жарнама беруші өнімінің (немесе ұсынатын қызмет түрінің) жарнама мәтінін алдымен жергілікті Тілдерді дамыту басқармасындағы (өз объектісін тіркеткен аудандағы) немесе оның бөлімшесіндегі тиісті мамандарға тексертіп, «мақұлданған» деген мөр соқтырып алуы тиіс. Бұл ретте, әрине, олар тиісті мекеменің қызметі үшін қаржы төлейді. Бір жағынан бұл сауатты жарнамаға жол ашса, екіншіден, Тілдерді дамыту басқармаларының құзыретін арттырып, ел бюджетіне аз да болса қаржы түсірер еді. Ал әзірге жарнаманың мәтіндерімен жер-жердегі жарнама агенттіктеріндегі мемлекеттік тілді меңгермеген аудармашылар айналысып келеді. Оған да тосқауыл қоя алмай отырған жайымыз бар. Өйткені «Тіл туралы» Заңның 23-бабында «Мемлекеттік тілді белгілі бір көлемде және біліктілік талаптарына сәйкес білуі қажет кәсіптердің, мамандықтардың және лауазымдардың тізбесі Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленеді» делінген. Бірақ бұл құжат әлі өмірге келген жоқ. Сондықтан халықпен жұмыс жасайтын қызметкерлерге (соның ішінде жарнама агенттіктеріндегі аудармашылар да бар) қазақ тілін білу міндетті болмай отыр. Осы себепті жоғарыдағыдай сауатсыздықтарға жол беріп отырмыз. Әзірге бұл құжат өмірге келмейінше жарнама мәтіндеріне Тілдерді дамыту басқармалары жауап беретіндей жағдай тудыру үшін ҚР «Жарнама туралы» Заңына жоғарыдағыдай өзгеріс енгізу керек. Бұл – бір. Сонымен қатар Тілдерді дамыту басқармаларының өкілдері көрнекі ақпарат пен жарнамалар тілін бұзғандарды жауапкершілікке тарту мәселесінің қолданыстағы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексте де қарастырылмауы қолбайлау болып отырғанын айтты. Демек, бұл «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекске де өзгерістер керек екенін меңзеп отыр. Ол қандай өзгеріс? ҚР «Тіл туралы» Заңы мен ҚР «Жарнама туралы» Заңының талаптарын бұзған кәсіпкерлер, жарнама берушілер жауапқа тартылып қана қоймай (немесе ескерту жасалып), оларға белгілі бір мөлшерде айыппұл төлеу міндеттелуі тиіс. Егер аталған кодекске осындай өзгеріс енген жағдайда біз сол арқылы оларды жауапқа да, айыппұлға да тарта аламыз. Бұл бұған дейін мүмкін болмаған еді. Себебі жоғарыдағы заңдарда «Тіл туралы» заңның талаптарын бұзғандарды жауапқа тартылатыны айтылғанымен, оларды әкімшілік жауапкершілікке тарту мен оларға кесілетін айыппұл мөлшері көрсетілмеген. Сондықтан жарымжан жарнамалардың иелеріне жоғарыдағы заңдардың солқылдақтығы майдай жағып келеді. Ескерту алды, бірақ еркін жүзіп келді. Еркін жүземіз деп есіріп те кетті. Есесіне оларға тосқауыл қоятын мезет те жетті. Бұл Тілдерді дамыту басқармаларына тағы бір құзырет қосып беру арқылы жүзеге асуы тиіс. Ол – Тілдерді дамыту басқармаларына сауатсыз жарнамалар иелерін «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекс арқылы жауапқа тартып, белгіленген мөлшерде айыппұл салу құқығын беру. Өйткені бұған дейін Тілдерді дамыту басқармаларының сауатсыз жарнамалар туралы тек жергілікті прокуратураға шағым түсіруге ғана қауқары жеткенін айттық. Ол шағым прокуратурада қаралғаннан кейін олар да көбіне тек ескерту жасаумен шектеліп келген еді. Осы орайда Тілдерді дамыту басқармасы жанынан Тіл инспекциясын құратын уақыт жеткенін айтуға міндеттіміз. Мұндай қызмет Францияда, Латвия, Эстония елдерінде де қолданысқа енгенін бұрын да газетімізде көтерген болатынбыз. Егер жоғарыдағыдай құзыреттер Тілдерді дамыту басқармасына өтетін болса, аталған басқарманың жанынан құрылатын Тіл инспекциясына жүктеліп, ол өз қызметін мүлтіксіз орындаған болар еді. Сауатсыз жарнамаларды тексеріп, айыппұл салуды Тілдерді дамыту басқармаларына жүктегеннен не ұтамыз, соған келелік. Алдымен нақты мемлекеттік тіл саясатын жүргізуге негізделген мекеменің құзыретін арттырамыз. Екіншіден, уақыт ұтамыз. Өйткені олар бұрынғыдай прокуратураға шағым түсіріп, оның тексерілуін күтіп отырмайды, дереу өз құзыреттерін пайдаланып, өздері іске кіріседі. Ал үшіншіден, айыппұл салу арқылы «өзімбілемдікке» ұрынған жарнама иелерінің айылын жиғызуға болады. Мәселен, кейінгі кездері жолережесіндегі жаңалықтарды алайықшы. Әкімшілік кодекске өзгеріс еніп еді, барлық көлік жүргізушілері қауіпсіздік белдігін тағуға мойынсұнып шыға келді. Рөлде отырып телефонмен сөйлеспейтін болды. Заңсыздыққа жол бергендер сала мамандары тарапынан жазаланып, мемлекетке айыппұл төлеуге міндеттелді. Кімге қалтасындағы ақшасын біреудің алақанына санап салу ұнасын дейсіз. Міне, тура осы сипатта Тілдерді дамыту басқармалары белгілі бір уақыттаарнайы рейд жүргізіп, заңды белден басқандарды жауапқа тартып, айыппұл төлетіп отырса, қалтасындағы тиын-тебендерінен қағылғысы келмегендер мемлекеттік тілге мұрын шүйірулерін қояр еді. Жарнамасын ілмес бұрын тиісті мекемеге барып, жарнама мәтінінің сауаттылығын дереу тексертіп, қолына қажетті құжатын алып алатын еді. Одан қалды бүгінде түрлі көрнекі ақпарат тілі мемлекеттік тілді былай қойғанда басқа шет (ағылшын, т.б.) тілінде өріп жүргенін көзіміз көріп жүр. Тіпті кей көшелеріміз шетелдің қалаларына ұқсап барады. Қысқасы, шетел атаулары мен өзге тілдегі жазулардан аяқ алып жүре алмайсыз. Алайда мұны көре тұра қала әкімдігі немесе соған қарасты Тілдерді дамыту басқармаларыда ол жерге барып арнайы талап қойып, не құқықтық жауапкершілікке тарта алмай отыр. Неге? Сол баяғы жоғарыда атап өткен заңдардың талаптарына бұл олқылықтардың қайшы келмеуі себеп. Мәселен, ҚР «Тіл туралы» Заңының 21-бабында «көрнекi ақпарат мемлекеттiк тiлде, ал қажет болған жағдайда басқа да тiлдерде жазылады» делінсе, ҚР «Жарнама туралы» Заңының 6-бабында да жарнаманы мемлекеттік тілмен қатар жарнама берушінің қалауына қарай өзге тілде де жазуға болатыны айтылған. Еліміздің осы екі бірдей заңы да жарнама тіліне қатысты жерінде жалпақшешейлік танытқан, яғни жарнаманың тілін жарнама берушінің ырқына берген. Қос заңдағы «Қажет болған жағдайда… жарнама берушінің қалауы бойынша…» деген сөздер осыны аңғартпай ма? Неге біз көрнекі ақпараттың тілін жарнама берушінің еркіне беруіміз тиіс? Бұдан кейін «қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетпей» не қылсын? Ол жарнаманың, көрнекі ақпараттың немесе сол нысанның біздің елде шет тілінде жазылуына еш негіз де, сұраныс та жоқ деп есептейміз. Тек егер ол өзге бір елмен бірлескен кәсіпорын не нысанның атауы болса ғана, онда да мемлекеттік мүддені алға қоя отырып мәселені шешкен жөн. Ал басқадай ала-құлалық болмауы үшін аталған екі заңдағы жарнаманың тіліне таңдау берген жерін алып тастау қажет. Одан қалды заңды тұлғалар субъектіге немесе объектіге атау берген кезде Әділет органдарына тек атауды ғана тіркетеді. Алайда ол жерде де атаудың түп төркініне үңіліп жатқан тірі жанды көрмейсіз. «Ұзын арқан, кең тұсау» дегеніңіз де осы.Ал дүкен, шаштараз және өзге де халыққа қызмет көрсету нысандарының иесі салық органдарында өз аты-жөні, тегі бойынша тіркеледі.Ал оның дүкеніне, дүңгіршегіне қандай атау беріп жатқаны еш жерде тіркелмейді. Олатаудың мән-мағынасына, ел мүддесіне сәйкестігі қадағаланбайды. Міне, елімізде қаптаған түрлі атаулардың пайда болуы да сондықтан. Бүйте берсек, көшелерімізден көрік кетіп, мемлекеттік сипатынан, ұлттық бедер-нақышынан жұрнақ та қалмайды. Енді қайтпек керек? Бұл ретте де заңды тұлғалардың әр нысанға атау берер кезінде оның мемлекеттік тілде аталуын әрі солай ресми тіркелуін заңдастыруымыз керек. Одан кейін сол мемлекеттік тілдегі атаудың елдің ұлттық, мемлекеттік мүддесіне қайшы келмейтінін қадағалануы да қосымша жүктеледі. Оған қоса бұдан былай дүкен, шаштараз сынды басқа да халыққа қызмет көрсету нысандарының атаулары Әділет органдарына міндетті түрде тіркелуі керек. Оның да мемлекеттік тілде тіркелуі, сондай-ақ халыққа ұсынылатын қызметі, жұмыс тәртібі туралы ақпараттардың да мемлекеттік тілде әрі сауатты жазылуы қатаң тексерілуі тиіс. Мұның бәрі жеке азаматтардың баршасына өз нысандарын Әділет органдарына тіркету кезінде міндеттелетін талаптар болуы қажет. «Тәртіпке бағынған құл болмайды». Егер жоғарыда аталған заңдар мен кодекстерге (ҚР «Тіл туралы» Заңы, ҚР «Жарнама туралы» Заңы, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекс) біз атап көрсеткендей өзгертулер мен толтықтырулар енгізілсе, жарнама төңірегіндегі жағдай да түбегейлі өзгерер еді. Жарнама беруші кез келген кәсіпкер қазақ елінің заңына еріксіз мойынсұнып, мемлекеттік тілдің мәртебесін де мойындар еді.
Динара ІЗТІЛЕУ
Пікір қалдыру