Президент жарлығы бойынша 2011 жылдың қыркүйегінен бастап, «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы таза қазақ тілінде хабар тарататын болып бекітілген еді. Алайда, арада бір жыл өтпей жатып, 100 пайыз қазақша сайрауы тиіс ұлттық арнада футболдан Еуропа чемпионаты екі тілде көрсетіліп, қоғам наразылығын тудырған болатын.
Сол тұста телеарна басшылығы «Көрсетілім УЕФА-мен жасасқан келісім-шарттың негізінде екі тілде жүргізіліп жатыр» деп ақталған еді. Еуропа чемпионаты аяқталғаннан кейін, олқылықтың орны толып, спорттық трансляциялар таза қазақ тілінде таратыла бастағанда, қазақ жанкүйерлері бір қуанып қалған.
Спорттың тілі қазақшаланып, сүйікті комментаторларымыз пайда болған кезде сол бір шақ. Есей Жеңісұлы мен Ермұхамед Мәуленнің жұптасуы, Рауан Оқас пен Шалқар Естеннің дуэті қандай керемет еді? Бұрынырақ комментаторлар екі тілде жүргізгенкезде, бір-бірінің сөзін аударып, қайталап отырушы еді. Ал бір тілде жүргізілген кезде комментатор арасында ерекше үйлесім пайда болды. Тыңдап отырып, сүйсінуші едік. Бірақ қуанышымыз көпке созылмапты. Таза қазақ тілінде хабар таратуы тиіс Қазақстан ұлттық арнасы қайта екі тілде сайрай бастады. Мұны өз басым, көрермен ретінде түсіне алмадым. Сонда ұлттық арна басшылығы Елбасымыздың шешімін пысқырмағаны ма? Әлде, тағы, «АПЛ-мен жасасқан келісім-шарттың негізінде деп ақтала ма екен»? Неге баcқа-басқа емес, Ұлттық арна мұндайға жол береді? Қазақ комментаторлары жеткіліксіз емес сірә. Мен тыңдап, танып қалған қазақ комментаторларын айтатын болсам, бір шоғыр. Есей Жеңісұлы, Ермұхамед Мәулен, Ермек Төрениязов, Асхат Сағынаев, Рауан Оқас, Уалихан Қосанбай, Ержан Көшкінбаев, Еркін Нұржанұлы, Жандос Смайыл, Ғалым Сүлеймен, Шалқар Естен. Осы кісілер неге бірігіп жүргізбейді? Рейтинг дейсіз бе? 30 пайыз орысша сөйлегеннен рейтинг өсіп кетпес. Ұлттық арна 100 пайыз қазақша болып бекітілді ме, таза қазақ тілінде хабар таратсын, біз секілді көзі қарақты көрерменді алдамасын!
Жақсылық Дәукебай
Сайт оқырманы,