«Шам-шырақ» дуэті:Тоқтар мен Бейбіт, Жазира мен Жанболаттың жолын қумаймыз

/uploads/thumbnail/20170708151340638_small.jpg

      Қазақ эстрадасында өзіндік ерекшелігі бар дуэттердің бірі «Шам-шырақтың»  әншілері Асылбек Ысқақов пен Ұлмекен Бегалиевамен сұхбаттасуымыздың сәті  түскен еді.  Назарларыңызда екі  әншінің сыршыл әңгімесін  ұсынамыз...

-Сәлеметсіздер ме?  Талғамы биік, тағымы мол  өнер айдынына қалай келдіңіздер?

Ұлмекен Бегалиева: -Бала кезімізден мектептерде, той–томалақтарда ән айтып, өнерге жақын  болып өстік. Осы талабымыз музыка орталықтарына түсуге жетелесе де, бірақ жолымыз болмай түсе алмай қалдық. Кейін  Алматыға жол  түсіп, Асылбекпен танысып, дует болып ән айту туралы шешімге келдік. Сөйтіп, өздеріңізге белгілі «Шам-шырақ» тобымн құрып,  өнер айдынына бойладық. Сол  қадамымыз  құтты болып,  күні бүгінге дейін  өнер сахнасында  ән  айтып келеміз.

Асылбек Ысқақов: -«Жігіттің жақсылығы - нағашыдан» дегендей, менің нағашы жұртым  өнерге жақын  адамдар. Нағашы атам да өте мықты домбырашы жан  еді. Сол кісі мені қасынан тастамай ілестіріп жүріп,өнерге баулыды,ән айтқызды.  Өнерге жақын боп ержетуіме нағашы атамның ықпалы көп болды деп  ойлаймын. Кейіннен  алға  арман  жетелеп, «Өнер ордасы» деп Алматыға келдім. Біраз уақыт бос жүрдім,    мейрамханада да ән айттым. Ал, менің шоу бизнеске келуім қызық болды. Біреуге өтірік, біреуге шын:  мен түсімде «МузАрт» тобын көрдім. Үш күн қатарынан Сәкен Майғазин: «Бауырым, Асылбек, не істеп  жүрсің, сахнаға шықпайсың ба?»,-деді (күлді). Түсім түрткі болды ма,  әлде  уақыты  келді ме содан бастап ән жазуды бастадым. Жұрт бірнеше ән жазса, мен бір-ақ ән жазып, әнге клип түсірдім.  Жеке әнші болып ән айтып жүрдім.

«Шам-шырақ» тобын қалай құрдыңыздар?

Асылбек Ысқақов: -2012 жылы құрылдық. Кезекті концерттердің бірінде әдеттегідей жалғыз  емес,  бір әнші қызбен шығуым керек болды. Тапсырма солай болды. Сөйтсем, серіктесім осы Ұлмекен екен. Екі күн арпалысып жүріп ән жаздық. Концертке шықтық. Халық жақсы қабылдаған соң, екеумізде  бірлесіп  жұмыс істеу  туралы  идея туындады.  Жұмыс істеуге келістік. Бірақ,  бас кезінде  Ұлмекенге аса сене алмай жүрдім. Дуэт құрарын құрып алып, жалғастығы  туралы ойланып жүрдім. Күнде кездесіп, әңгімелесіп тұрдық. Жұмысымыздың барысында Ұлмекеннің өзін өнерге арнаған талантты қыз екеніне көзімді жеткіздім. Содан бастап дуэт боп ән айтып келеміз. Иншалла, алған бағытымыз жаман емес, бұл күнгі жұмыстарымызға көңілім толады.

 -Ән өнері беталды адам ат басын бұра бермейтін өнер ғой. Осы өнерге сіздерді жетелеген кімдер еді? Еліктеген әншілеріңіз бар ма немесе  болды  ма?

Асылбек Ысқақов:-Мен ешкімге еліктеп келген жоқпын. «Дуэт құрған соң, сендер Тоқтар мен Бейбіттің, болмаса Жанболат пен Жазираның жолын қуып жүрсіңдер» дегенді біреулер айтады. Жоқ!  Мен қазақ  эстрадасы немесе шетелдік болсын ешкімге еліктемеймін.

Ұлмекен Бегалиева: -Әркімнің өз арманы бар ғой. Мүмкін, мектеп кезінде, кішкене күнде өнерде жүрген әпкелерімізге еліктеген шығармын. Бірақ, өзіміз жеке дуэт боп шыға бастағаннан кейін, еліктеу деген нәрсе азайтып, ерекшелену  жағы ойлауымыз арта түсті. «Басқа топтардан, басқа дуэттерден бөлекше болсақ» деген ойымыз бар. Сондықтан, біздің дуэтті ешқандай топқа, дуетке еліктемей, өз бағытымен айқын  дуэт деп айтуға болады.

 -Ән қоржындарыңыз эстрадалық әндерге толы. Болашақта халық әндеріне ойысу ойларыңыз бар ма?

Асылбек Ысқақов: -Бұл өте жақсы сұрақ екен. Алдағы уақытта халық әндерін орындаймыз деп  Сізге уәде бере алам. Өйткені халық әні өте керек.

Бұл күндегі өздеріңізге деген халықтың ықыласы қалай?

Ұлмекен Бегалиева: -Кез-келген істі бастаған соң, жақсы жағын көрмесең, әрі қарай шабыттанып жұмыс жасау мүмкін емес деп ойлаймын. Біз сахнада болсын, тойда болсын ән шырқаған кезде халықтың ықыласының ерекше екендігін сезінеміз. Егер халық тыңдамай, әніміздің ұнамағанын сезінсек, онда бұл күнде дуэт боп ән айтып жүрмес едік. Сондықтан, халықтың жақсы қолдауының арқасында шабыттанып, құлшынып жұмыс істеп келе жатқан жайымыз бар.

 Дуэттеріңіздің атын «Шам-шырақ» деп неге қойдыңыздар? Аты да бір өзгешелік танытып тұрғандай...

Ұлмекен Бегалиева: - Асылбек айтқандай, бұлай деп атауымыз алғашқы концерттен кейін «енді бірігіп жұмыс жасаймыз ба әлде жасамаймыз ба?» деген ой түрткі болды. Бірігіп жұмыс жасауға келіскен соң , әрине, дуэтке ат қою керек. Неше түрлі атаулар ойға келді. «Талпыныс», «Ай-жұлдыз» деген идеялар болды. Соңында осы «Шам-шырақ» деген екі ұғымды білдіретін атауға тұрақтадық. Шам және Шырақ. Дуэтке де сай келеді деп ойлаймын. Шам мен Шырақ қараңғы жерге жарық пен жылу беретін дүние ғой. Сол сияқты біз де халыққа әнімізбен жарық, жылу сыйлайтын дуэт болсақ деген арман-ниетпен «Шам-шырақ» деп қойдық.

 -Қазір  өз еңбектеріңіз бағасын бере  алатын кездесіздер. Аллаға шүкір! Ал, енді осы дуэтті құрған кездегі ойлаған армандарыңызға жеттік деп ойлайсыздар ма? Көздеген мақсаттарыңыз...

Асылбек Ысқақов: - Біз арманымызға жеттік деп айта алмаймыз. Бірақ, өзімізді сәл де болса бір баспалдақтан аттадық деп сезінеміз. Әлі де көп жұмыс істеу керек. Хит болсақ деп армандамаймыз, өзіміздің орнымызды Қазақ эстрадасынан тауып алсақ, сол да жеткілікті. Ең алды да емес, ең арты да емес халық көңіліндегі қалаулы топтардың бір болсақ, Аллаға шүкір дейміз.

Қазіргі күнде әншілердің көбі халықтың ән өнерін шоу-бизнеске айналдырып жіберді, сіздер бұған қалай қарайсыздар?

Ұлмекен Бегалиева: -Енді шоу-бизнеске айналдырып жіберді дегенде, «бұл бір ақша табудың жолы ма?» деп ойлаймын. Өнер адамдарына ешқандай жағдай жасалмаған. Оларда еш жерде тұрақты жұмыс орны жоқ. Олар ән жаздырады, соны тойда айтып нәпақасын табады. Сондықтан, «шоу-бизнеске айналдырып жіберді» деу бір жағынан дұрыс емес деп ойлаймын. Қазақтың қай кезде де тойсыз күні жоқ, ал әншілер осы тойда ән айтып, өз еңбектерімен ақша тапқандарында тұрған ештеңе жоқ. Әр бір әнші бір-екі ән жазып алып, тек тойда ән айтып жүре бермей, сахнаға да шығып, өзінің шығармашылық жолын қалыптастыруы керек.

- Алтын уақыттарыңызды бөліп, әңгімелескендеріңізге көп рахмет. Сіздерге шығармашылық табыс тілейміз. Халыққа  деген бір ауыз тілектеріңіз...

Ұлмекен Бегалиева: - Халқымыз аман, заманымыз тыныш болсын! Сәбилеріміз жыламасын, үлкендеріміз қайғырмасын!

Асылбек Ысқақов: - Қазақстандағы барлық халық күліп-ойнап жүре берсін, жүзінен күлкі кетпесін!

Әңгімелеріңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Қуанәлі Алмасбекұлы

Қатысты Мақалалар