Алматылық жезөкшелер әлеуметтік желіні жаулап алды

/uploads/thumbnail/20170708231949634_small.jpg

Алматылық жезөкшелер өз қызметтерін жарнамалау үшін әлеуметтік желілерді пайдалануда, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы.

Саин мен Сейфуллин көшелерін жын ойнаққа айналдырып болған алматылық жезөкшелер бірер жыл бұрын ғаламтор кеңістігін де «игере» бастаған еді. Қызметтерін жарнамалайтын almatinki.com, almatinki.biz сынды арнайы сайттар ашып, онда тұтынушыларына алматылық түнгі көбелектермен жан-жақты танысу мүмкіндігі ұсынылды. Сайтқа кірген адам өз талғамы мен қалтасына қарай керегін таңдап келген көрінеді. Алайда, аталған сайттар бірнеше мәрте бұғатталып, қызметіне шектеу қойылған соң қызметін біржолата тоқтатыпты.

Бірақ, түнгі көбелектер сайт жабылды деп қол қусырып отырмапты. Бүгінде әркім еш кедергісіз пайдаланып жүрген әлеуметтік желілерден аккаунттар ашып, топтар құрып, қызметтерін одан әрі жарнамалауда. Ондағы жазбаларды көз тартарлық суреттерімен, арбағыш видеолармен «көмкеруді» де ұмыт қалдырмауда.

Әлеуметтік желі қолданушылары жезөкшелердің бұл «алқапқа» ауыз салғанына да біраз болғанын айтады.

«Байқауымша, бұлар жарнаманы «Друг вокруг», «Бадо» сайттары, тағы басқа танысуға арналған желілер арқылы бастаған. Кейін бала-шағаға дейін қолданатын ВКонтакте сияқты желілерге де ашықтан-ашық ене бастады», - дейді Мұрат есімді желі қолданушысы.

Шынымен де, қазір «ВКонтакте» желісінде бір ғана Алматы қаласының жезөкшелері жарнама орналастыратын, атауы «Интим-Алматы» деп басталатын 50-ден астам топ бар екен. Мұның сыртында, массаж қызметімен бүркенген топтар қаншама? Мұндай топтардың бір-екеуін элиталық желі саналатын «Фейсбуктен» де табуға болады.

Ал, жоғарыда аталған «Друг вокруг» желісіндегі интимдік қызмет ұсынатын жарнамадан көз сүрінеді. Тіпті, қызды-қыздымен жезөкшелер жаппай смс-хабарлама тарату қызметіне жүгінген де кездер болғанын ақпарат құралдары бірнеше рет жазған болатын.

Осыған дейін қоғамдық ұйымдар мен азаматтық белсенділер арнайы органдарға жын ойнақтың жаршысы болып отырған бірнеше ресейлік сайтты жабу туралы ұсыныс жасағанымен, ол талап орындалмай келеді.

Осылайша көшеде тұрып тәнін саудалаудан арланбаған жезөкшелер енді әлеуметтік желі арқылы да өздерінің «электронды үкіметін» қалыптастыруда.

Азамат Тоқсанбай

 

 

Қатысты Мақалалар