Нұрсұлтан Назарбаев бүгін өзі туралы түсірілген «Елбасы жолы» киноэпопеясының қорытынды бөлімі «Жұлдыздар тоғысқанда» фильмінің тұсаукесеріне қатысты, - деп хабарлайды Qamshy.kz.
Елбасы фильмнің премьерасын көру үшін «Қазақстан» орталық кинозалына барды. Фильм Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілген. Режиссері әрі сценарисі – РФ Мемлекеттік сыйлығының иегері, Ресейдің халық әртісі Сергей Снежкин.

Президентпен бірге премьераны парламент депутаттары, премьер-министр Кәрім Мәсімов пен вице-премьер Дариға Назарбаева бастаған үкімет мүшелері де тамашалады.
«Бұл мен үшін де, менің әріптестерім үшін де ерекше тәжірибе болды. Әлемде көзі тірі адам туралы көркем фильм түсірген басқа режиссер жоқ. Мұның барлығын «Керемет адам туралы хикаят» деуге болады», - дейді картина режиссері Сергей Снежкин.
Фильмнің сюжеттік желісі бойынша, ағылшын жазушысы Джереми Вильсон Н. Назарбаевтың өмірбаянын жазу үшін онымен кездеседі. Алайда, жоспарланған сұхбат мемлекеттің қалыптасуы туралы әңгімеге ұласады. Вильсон 1950,1989,1986,1991 жылдарға сапар шегеді. Журналист Нұрсұлтан Назарбаев еске алатын оқиғалардың куәгері һәм қатысушысына айналады.
Эпопеяның соңғы қорытынды бөлімінде Елбасының рөлін актер Берік Айтжанов сомдайды. Оның алдындағы бөлімдерде президент рөлін сомдау бақыты актер Нұрлан Әлімжановқа бұйырған еді. Президенттің қыздарының рөлінде Қарлығаш Мұхамеджанова мен Динара Бақтыбаева ойнайды.
Жалпы, «Жұлдыздар тоғысқанда» фильміне мемлекеттен 1,2 миллиард теңге қаражат бөлінген. Бұдан бөлек картинаны түсіруге демеушілердің де қаражаты тартылған.
«Елбасы жолы» киноэпоеясына бұрын түсірілген «Балалық шағымның аспаны», «Отты өзен», «Темір тау» және «Тығырықтан жол тапқан» фильмдері енген еді.