Сонау 1990 жылдарды ойға алғанда жыртық джинсі модасы еске түседі. Иә, жалақы мен зейнетақы дер кезінде төленбей, бала-шағаны асырау қиынға соққан өтпелі кезең еді ғой. Сондай кезде біздің сыныпта бір аса ауқатты отбасының қызы оқыды. Аида «Алғашқы «Мерседсті» менің папам алды» деп үнемі мақтанып жүретін. Расында солай еді. Қалың көпшіліктің тұрмысы қиын, ауқаттылар аз кезең еді ғой.
Ол кезде мектепке жаздық емтиханға қалың бәтеңкемен келгендер болды — тұрмысы өтен төмен отбасының балалары. Ал Аида дүкен, базарларға түскен киім үлгілерінің бәрін сатып алып, кие беретін. Жоғары сыныпта оқып жүргенде жыртық джинси алғаш рет біздің елге сән боп енді. Әлгі қыз да Қытайдан келген алба-жұлба шалбарды бірінші боп киді. Сол кезде қаладағы аса ауқатты отбасының ұл-қыздары үйге қонбай, тіпті сабаққа қатыспай, подвалға түнеп, темекі шегіп дегендей, ойларына келгенін жасайтын. Сынып жетекшіміз соларға ылғи ұрсып жататын.
Оныншы сыныпқа көшкен жылы сабаққа Айжан келмеді. Сынып жетекшіміз оның бір ұйғыр жігітке күйеуге шыққанын айтып, соның тұрмыс құрып кеткеніне біз кінәлі сияқты, «он алтыға толмастан күйеуге тию деген оңбағандық» деп бастап, әбден ұрысқаны бар.
Кейін арада төрт-бес жыл өткенде базардың жанында бір қолында бөтелке, бір қолында темекі, жатқан әйелді көрдім. Біреулер тұрғызбақ болып әуреленуде. Баяғы Аиданы таныдым. Ол болса небір балағат сөздерді төңірегіндегілерге қарша боратып жатыр. Есіме оқушы кездегі сәнге айналған жыртық джинси түсті.
Иә, джинсидің бұл түрі араға бірнеше жыл салып, қайта-қайта қазақ жастарына сән боп орала берді, орала берді. 2000 жылдардың соңында көрінбей кеткен сияқты еді. Биыл қайта пайда болыпты. Қала көшелерімен кетіп бара жатып, оңға бұрылсаң да парша-парша джинсилі қызды көресің, солға қарасаң да сол. Шалбарының о жер, бұ жерін ойып тастаған бойжеткендер. Жуырда бір халықаралық музыка фестиваліне барып едік. Алаңдағы көрермендердің 80 пайызы жыртық джинси кигендер болды десем асырып айтқандық емес. Жастарды былай қойып, тіпті 40-тан асып, 50-ге келген ерлі-зайыптылар, күйеуіне дейін шалбарын жартып-жыртып тастағандары бар.
Тегінде апаларымыз «жыртық киім — кию жаман ырым» деп, баласының киімінің титтей жері тесілсе дереу қолына ине-жіп алып, тігіп беруші еді. Қазір сау шалбардың өзін арнайы жыртып кию сәнге айналған. Тесігі бар киімнің адамның денсаулығына, оның өміріне өте қауіпті екенін Шығыстың да, Батыстың да ғалымдары баяғыда-ақ дәлелдеген. Байырғы заманның философиялық кітаптарын ақтарып отырсаңыз, қашанда бүтін әрі таза киіну керектігі туралы жазылмай ма? Ендеше жастар, әсіресе қазақ қыздары, жат жұрттың зиянды сән үлгілерін неге соншалықты артық көреді?
Ғалымдар, киімнің жыртығынан адамның денсаулық энергиясы сыртқа «ағып» кетіп, нәтижесінде кісі ауруға шалдығатынын тұжырымдаған. Ендеше небір түрлі киім-кешек жергілікті сауда орындарында толып тұрған заманда жыртық киімге әуес болудың себебі неде? Сәннен қалмау ма? Тізесінен төменгі жағын былай қойып, іш киімінің шеті көрінетіндей етіп жыртылған джинси көзге әдемі көрінбейтінін сол қыздарға ата-аналары неге айтпайды?
Бір жағынан қарасаң, жыртық киім адамзат үшін қай заманда болсын бейшаралық, мүсәпірлік, кедейліктің нышаны болып келді. Әлде қарын тоқ, көйлек көк заманда жыртық джинсиді арнайы сатып алып киген жастар мүсәпір өмірге аяқ басуды мұрат тұта ма екен?
Дана Қамшыбек