Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы Төралқасының «Үштілдік мутациясына бас тартуды талап етеміз» тақырыбындағы жекелеген қоғам қайраткерлері мен ғалымдардың «Ашық хатына» ТОЙТАРЫС БЕРУ
Құрметті отандастар!
Qamshy.kz сайтында 02.07.2016 ж. әлдебір Халықаралық адам институты (Президенті - Жанұзақ Әкім) атынан соңғы кездері ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан белсенді түрде талқыланған елдегі үш тілде оқытуды енгізу мен өзге жаңашылдықтардан бас тартуды талап ететін ашық хат жарияланды. Өтірік пікірлер мен жалған мәліметтерге толы осы ашық хатта оған қол қойған сыңайлы мекемелер қатарында Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы (бұдан ары – ҚР ҰҒА) аталыпты. Осыған орай ҚР ҰҒА Төралқасы өзінің наразылығын таныта отырып, келесіні мәлімдейді:
1) ҚР ҰҒА құрылтайшылыққа да (ешқандай төлем төлеген емес), аталған мәтінді жариялауға да келісім берген емес, тіпті елімізде үш тілде оқытуға бағытталған мемлекеттік саясаттың беделін түсіретін мұндай хаттарға үзілді-кесілді қарсы. ҚР ҰҒА-ның үштілділікті дамыту ісін барынша қолдайтыны баршаға аян (ҚР ҰҒА Президенті, академик М. Жұрыновтың «Казахстанская правда» газетіндегі 17.05.2016 ж.мақаласы).
2) Жарғы бойынша ҚР ҰҒА атынан тек ҚР ҰҒА Президенті немесе ҚР ҰҒА Төралқасының тапсырмасымен вице-президенттер ғана сөйлей алады. Академиктер мен корреспондент мүшелердің мұндай құқығы жоқ (өзге тұлғалар мүлде құқысыз).
3) ҚР ҰҒА академиктері Б.Р.Рақышев, А.Қайдаров, Ө.Айтбайұлы, К.Елемесов, Р.Елешев, М.Өтелбаевтар ашық хатқа қол қойғандар қатарында өздерінің аты-жөндері жүргендігінен бейхабар. Демек, академиктер оған қол қоймаған. Ал аталған хатта олардың қолдары болған жағдайда, бұл жала болып табылады және ҚР заңы бойынша жазаға тартылады
4) Ашық хатқа қол қойған ғалымдар қатарында ҚР ҰҒА академигі ретінде қол қойған Мекемтас Мырзахметұлының аты-жөні бар. Біз ресми түрде бұл азаматтың Ұлттық ғылым академиясының академигі емес екендігін мәлімдейміз. Бұл – я жалған атақтық, я жала.
5) ҚР ҰҒА бұл хат Академияның абыройы мен іскерлік беделіне айтарлықтай нұқсан келтірді деп есептейді.
6) Алматы қ. Білім басқармасының ақпаратына сәйкес ашық хатта келтірілген «фактілердің» дені өтірік және олар қоғамға теріс ақпарат таратуда. Мәселен, хаттың алғашқы абзацында балабақша тәрбиеленушілерін міндетті түрде үш тілде оқыту талабы туралы айтылады. Бұл – нағыз өтірік. Білім беру бағдарламалары мектеп жасындағы балаларды ғана үш тілде оқытуды көздейді.
Хат авторлары жаратылыстану циклындағы бірқатар пәндер мен информатиканы ағылшын тілінде, ал дүниежүзілік тарихты орыс тілінде оқытуды тек 2019/2020 оқу жылынан бастап қана енгізетінін қасақана «ұмытып», бұрмалайды.
Сонымен қоса, хатта «ортағасырлық инквизиция» сынды сөз тіркестерімен жалған сөзді күшейте отырып, жоғары білім бағдарламаларынан «Қазақстан тарихы» пәні мүлде алынып тасталды дегенді айтады. Ал еліміздегі 121 ЖОО-ның ректорлары мен студенттері техникалық бейіндегі жоғары оқу орындарында мектеп курсын қайталайтын «Қазақстан тарихын» алып тастау жөнінде бастамашылдық танытқаны белгілі. Студенттердің осы пән бойынша мектеп курсы аясында бұрын өткен материалды қайталауға 700-ден астам сағатты артық жұмсайтындығы есептелген болатын. «Қазақстанның жаңа тарихы» курсы еліміздің барлық жоғары оқу орындарында оқытылатын болады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының ғалымдары Мемлекет басшысының барлық бастамалары мен нұсқауларын әрқашан белсенді түрде қолдайды. Қазақстан халықаралық үдерістер мен байланыстарға кеңінен әрі тереңінен араласып келеді. Бүгінгі таңда қоғамда ағылшын тілі адамның кәсіптік өсіп-өркендеу жолындағы, сондай-ақ еліміздің әлемдік ғылым кеңістігіне кірудегі маңызды ресурс екендігін барлығы мойындайды. Қазіргі жас ғалым дегеніміз екі не одан да көп тілді еркін меңгерген, мәдениетаралық диалогқа қатысуға қабілетті тұлға ретінде сипатталады. Еліміздегі білім беру жүйесіне үштілділікті енгізу мәселесі – Білім және ғылым министрлігінің тыңғылықты дайындықты, жан-жақты түсіндіру мен біртіндеп енгізуді талап ететін ауқымды реформасының бір бөлігі ғана. ҚР ҰҒА Президенті, академик М. Жұрыновтың жоғарыда аталған мақаласында ғылымды дамыту үшін қоғамның үштілділікке көшуінің мән-маңызы егжей-тегжейлі түсіндірілген болатын.
Мемлекет басшысы, ҚР ҰҒА академигі Н.Ә. Назарбаев айтып өткендей: «Мемлекеттік тілді – өзіміз ортасында өмір сүріп жатқан халық тілін білуіміз керек. Сондықтан біз балаларды осыған мектеп қабырғасынан тәрбиелейміз, солардан осы тілдерді меңгеруді талап ететін боламыз. Біз ағылшын тілін білуіміз керек, себебі бұл – ғылым мен инновация тілі. (...) Және бір-бірімізбен сөйлесіп, түсінісіп үйренген орыс тілін, үлкен көршіміздің тілін білуіміз керек. Бұл біздің балаларымызға қажет. Осының барлығы солар үшін жасалуда». Бұдан асырып айту мүмкін болмас. Ал қол қойғыштардың Францияда, Жапония мен Қытайда ағылшын тілі үйретілмейді дейтін пікірлері шындыққа жанаспайды. Мысалы, сол Қытайда барлық халықаралық ғылыми симпозиумдар тек ағылшын тілінде өтеді.
ҚР ҰҒА Президенті Алматы қ. қалалық сотына «Халықаралық адам институты» ЖШС атынан сөйлеген оның басшысы- Әкім Жанұзақ Меңдешұлы мырзаның заңсыз әрекеттеріне қатысты ҚР ҰҒА абыройы мен іскерлік беделіне нұқсан келтіргені үшін моральдық өтеу талап ету жөнінде арыз жазды, сонымен қоса, алаяқтық жасап, жалган айтқаны үшін қылмыстық іс қозғау жөнінде мәселе шешілуде. Талап етілген қаражат сомасы Алматы қ. балалар үйінің біріне жіберілетін болады.
ҚР ҰҒА Төралқасының тапсырмасы бойынша ҚР ҰҒА корреспондент -мүшесі Б. Әбсадықов,
Техника ғылымдарының кандидаты Н. Бажаев