Құмдағы алып баққа -1 жыл. Панфилов ауданында аумағы 1100 гектар жерге жеміс бағын отырғызған "Жаркент Фрукт" серіктестігі -- бүгін өзінің ең алғашқы туған күнін атап өтуде. Жетісу жерінде алма бақтарын жаңғырту жоспары аясында ауқымды жобаға кіріскен компанияның жылдық жұмысымен-- "Аграрлық несие корпорациясының" төрайымы Гүлназ Атамқұлова бастаған қаржылық сала өкілдері танысып қайтты. Естеріңізге сала кетелік, Гүлназ Атамқұлова Алматы облысының әкімі-- Амандық Баталовпен кеше ғана өңірде бақ саласын бірлесе дамыту бойынша -- арнайы меморандумға отырған болатын, - деп хабарлайды Qamshy.kz "Жетісу" арнасына сілтеме жасап.
Жайқала жетіліп келе жатқан жап-жасыл жас бақ. Жыл бұрын қып-қызыл құм аралас құнарсыз мына шаңдауыт тақыр дала болған. Адам айтса, нанғысыз. "Жаркент фрукт" серіктестігі айналасы 1 жылда алып жеміс бағына айналдырды. 1 емес, 10 я 100 емес, 1100 гектар алқапта күнге ұмытылған сансыз жас көшет самсап тұр. 2,5 млн дана,-дейді есеп-қисабына жауапты мамандар. Өсімталын, өнімділігі жоғарысын Түркия мен Өзбекстаннан таңдап әкеліпті. Жеміс түрі алуан. Жоспарлары кешенді. Кластерлік.
"Қалауын тапса, қар жанады"... Қу тақыр бүгінде алып агрокешенге айнала бастаған. 15 млрд тенге инвестицияның игі іске жұмсалғаны көрініп тұр. Жыл ішінде әрбірі 1000 шаршыметрлік 2 тыңайтқыш пен өзге де қажет дүниелер үшін қос қойма салынды. 4 бассейн, су насос және метеостансалар іске қосылған. Жалпы ұзындығы 24 шақырымды құрайтын қоршау орнатылып жатыр. Серіктестік қимылы ширақ. Қауырт іске 97 арнайы техника тартыпты. Бүгінге нысанда 650 адам жұмыс жасауда. Басым бөлігі көрші Айдарлы ауылының тұрғындары. Болашақта науқандық жұмыспен 1500 адам қамтылмақ. Ал, жоба нәтижелелігін арттыру үшін компания отандық және шетелдік ғалымдар көмегіне сүйенуде.
Жалпы,серіктестік мақсаты зор. Бақ алқабын келер жылы тағы да 1000 гектарға ұлғайтпақ. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрайымы Гүлназ Атамқұлова бастаған мына топты шақыруының да мәнісі сонда. Қомақты қосымша қаржылық ресурстар тауып, істерін ілгерілетпек. Жергілікті билік те бұл таныстырылыс соңы сәтті аяқталуынан үмітті. Ауданда қолға алынған әр жобаның жемісін жергілікті халық көреді,-дейді. Айтуынша, Жаркент өңірінде жақсы жаңалық көп.
Агрономдар алып бақтың алғашқы жемісінің дәмін келер жылы-ақ татпақ. Жаппай өнім 2017- жылы жиналады. Әзірге тамшылатып суғарып, баладай баптап өсіріп жатыр. Мезгілі жеткенде, гектарынан 50 тонна өнім алудан үмітті. Ішкі нарық өз алдына, өнім көрші Ресей мен орталық Азия елдеріне экспорттауға жеткілікті боларын айтады.