Бүгінде Димаш Құдайбергеннің есімі елге жақсы таныс. Тіпті қазақстандықтарды былай қойғанда, оның өнеріне әлемнің көптеген елдерінің тұрғындары тәнті болған. Өзінің тыңдармандар аудиториясы қалыптасып, ең танымал әншілердің көш басына шықты. Ал оның бала кезі қандай еді?
Бала Димаштың 10 жыл бұрын «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасына берген сұхбаты
YouTube желісіне шығарылды. Әлеуметтік желі қолданушылары қызу талқыға алған бұл сұхбатта, Димаш өзінің кумиры туралы да айтып берді. Сұхбат берген кезде ол небәрі 13 жаста ғана болған. Эфир барысында ол «Ақ көгершін» әнін орындайды.
Димаштың ата-анасы Қанат және Светлана Айтбаевтар елге еңбегі сіңген мәдениет қайраткерлері. Сондықтан да болар, ол бала күнінен өнерге жақын болып өскен. Алты жасында «Айналайын» республикалық байқауына қатысып «фортепиано» номинациясы бойынша лауреат атанады. Басқа да ірі байқауларда топ жарып, халық қошеметіне бөленеді. Оның шетелдегі ең алғашқы жеңісі 2015 жылы «Славян базары -2015» XXIV халықаралық эстрадалық әндер байқауында гран-при жеңіп алуында. Дәл осы кезеңде оған тыңдармандар назар аударып, әнші ретінде мойындай бастаған еді. Ал қытайда өтіп жатқан «Singer-2017» шоу-байқауы оның атағын аспандата түсті.