МҰРАТ БЕКЕЙ ШАХАНОВТЫ КЕМСІТІП, АЙБЕРГЕНОВТІҢ ӨЛЕҢІН ҰРЛАҒАНЫ НЕСІ?

/uploads/thumbnail/20170709222624213_small.jpg

qamshy.kz еркін пікір алаңы.  Осы мақалаға қатысты қарсы тараптың айтары болса жариялауға дайынбыз. 

Орталықтағы ақындардың өлеңдері сырт көзге бірден түсіп, сүзгіден өтеді. Сыншы біткен көбінесе, болашағынан үміт күттіретін, өзгенің пікіріне оң көзбен қарай алатын ақындардың шығармашылығы жайлы пікір білдіреді. Шамасы,  талантты ақындардың намысын қайрап, халыққа сүбелі шығарма бере алатынына сенгендіктен кішкене шалыс басқан жерін көрсетсе керек-ті. Ал, әдеби өлекселердің шатпағы жайлы жазып, ешкім қаламын былғағысы келмейді. Өйткені, «кемталант сыннан төмен тұрады» деген жазылмаған ереже бар. Заман өзгерді. Қазір жұрт орталыққа шоғырланбай-ақ, шығармашылықпен айналысатын болған. Астанадағы әдеби үдерісті бақылап үйренген сыншының көзі енді аймақтағыларға түспесе, тонна –тонна  қажетсіз кітап тасқынының астында қап кеткелі тұрмыз. Лепірме, көпірме сөздің қадыры артып, сүтке қосылған сылдыр су қаймақты бүлдіргені сияқты ауылдағы ұйқасқұмар әңгүдік аймақты бүлдіріп  жатқандығы бүгін ешкімге сыр емес. Балапан–басына, тұрымтай–тұсына кетті. Аласапыранда ненің дұрыс, ненің бұрыстығын аңдаудан қалдық. Йассауи хикметтерінің мәнін ұқпай, тіл мен жағына сүйенгендердің шатпағынан мағына іздеп әлекпіз. Әлеуметтік желі алысты жақын етіп, ақыл-ойды жаңа кеңістікке шығарумен бірге жынойнаққа да айналып үлгерді. Бейпіл бір-ақ күнде танылатын болған. Дүмбілездер– даңқ тұғырында. Ілуде бір дүниеге келер дарын жөргегінде тұншығады.

Соңғы кезде әлеуметтік желіде «Сарыағаш» аудандық газеті бас редакторының орынбасары Мұрат Бекей деген кісі оғаш жазбаларымен көзге түсуде. Бұл жазбалар жайлы мақаламыздың соңында пікір айтамыз. Алдымен, автордың  «Сұлулық сыры» («Шарқ» баспасы,Ташкент), «Аруана-ғұмыр»(«Өлке» баспасы, Алматы) жинақтарына тоқталуды жөн санадық.

                            ТОТЫҚҰС  СИНДРОМЫ

Жалпы шығармашылықпен айналысатын адамдар мейлінше даралыққа ұмтылады. Жасандылық қаптаған мынау жалған дүниеде сонылыққа не жетсін? Ал, әр қазақ ақынының өлеңдері қазағына жазылған хаттар іспетті тек өз жүрегінен шыққан шынайы, тың дүниелер болуға тиіс.Өкінішке орай, бұл мәселеде Мұрат Бекейдің пікірі мүлде бөлек екен. Оның ойынша, ақын болу үшін өткен ірі тұлғаларды қайталаудың өзі жеткілікті сияқты.

Болсын әркез жүректе сенім аман,

Сан дарынды туған ғой өмір-анам.

Бір сыншы сараптай кеп жырларымды,

–Өткенді қайталапсың,–деді маған.

Кейбіреуге шындықты байқамау–заң,

Танбайды мені осы бір ой талаудан(?).

Қайталау–табиғаттың қағидасы,

Тұрады өмір мәңгілік қайталаудан.

Ғылым ғана жаңадан ой таба алар...

Мұрат Бекей  пікірлерімен сағаттап дауласу мүмкін. Әсіресе, соңғы жол мүлде ақылға қонбайды . Шынтуайтына келгенде ғылым тек ой айтып қарап отыратын жер емес, жаңалық ашатын жер ғой! Адамзат ғылымнан (көбіне) материалдық жаңалық күтеді. Ал, соны ой айту(көбіне) әдебиетке тән құбылыс. Егер тек өткенді қайталаудан тұратын болса, әдебиеттің, поэзияның не қажеті бар? Бұрынғы жазылған дүниелерді оқып жүре бермейміз бе?

Әу баста қате бағыт-бағдар таңдаған Мұрат Бекей өзінің адасқанымен тұрмай, жұртты да шатастыруда. Мысал қажет пе, мысал көп! Оның  «Сылдырап өңкей келісім», «Әнді сүйсең–менше сүй» деген өлеңдеріне көзі түскен адам таңданбай тұра алмайды. Бұл жолдар бас ақынымыз Абайға тиесілі екенін екінің бірі біледі. Өзгенің пікірін пайдаланған адам сол пікірді  тырнақша ішіне алып, түсініктеме беруге тиіс. Алайда, қалыптасқан қағиданы белден бір-ақ басқан Мұрат Бекей Абай сөздерін өзінікі етіп алған.

«Үрниса Айбергеноваға» деген арнаудағы мына жолдарға назар салып көрелік:

Тартпаған дейсің бейнет кім,

Кешкенмен өмір кіл сынын(?).

Махаббатсың–

Бөз көйлектің

Ішінде жарған бүршігін.

Құдай-ау,біз ерекшелеп беріп отырған соңғы екі жол Төлеген Айбергеновтің өзінікі емес пе? Оны жәукемдеп, сіңіру «асқазаныңа» ауырлық етеді, Мұрат Бекей мырза! Екінші жолдың мағынасы бұлыңғыр. Автор «кешкенмен өмірдің кіл сынын» демекші ғой, буын саны асып кеткендіктен «...дің» дегенді лақтыра салып, мағынасыз жолдың өмірге келуіне себепкер болған. «Өмірдің кешіп кіл сынын» десе, болып тұр емес пе?  Немесе:

Тұратын мәңгі аспандап,

Лебізі–өртер өр демі.

Алқынып ұшқан қасқалдақ

Жүдеген жүрек мендегі.

Мұндағы үшінші жол да Төлегеннің өзінен жымқырылған.

Мұрат Бекейдің «Арман сапары» атты Төлеген Айбергеновтың рухына арналған поэма-эссесі бар екен. Мұнда да ол басын ауыртып, атау іздеп отырмастан, Төлегеннің алғашқы кітабының атын пайдалана салған. Бұл оның Айбергенов рухына айтар өз ойы жоқтығын білдіреді.

Поэманың бесінші бөлімі «Төлеген–Мұхтар» деп аталып, екі ұлы ақынның сұхбаттасуынан тұрады екен. Мұнда да автор:

Мен бүгін сонау көгілдер көлге сағынып ұшып барамын,

Бірге қақ қанат қасымнан қалмай, сағынып көрген қарағым.

Жалғасын сен айт бұл асқақ әннің жабылып кетсем егер мен,

Ғұлама– жылдар судырлатқанда парағын,–деп Төлегеннің өз өлеңін пайдаланады да сілтеме бермейді. Тағы бір айтар жайт: алғашқы жолдағы «сағынып» сөзі Төлегеннің бұрынғы кітаптарында «алқынып» деп қолданылатын. «Сағынып» сөзі екінші жолда бар. Айбергеновте мұндай олақтыққа жол берді дегенге сену қиын. Бәлкім, Мұрат Бекей бір сөзін өзгерткені үшін тұтас шумақты өзінікі санап отырған болар? Бұл сөзді басқа біреу өзгертіп, Айбергенов кітаптарының жаңа басылымдарына енгізіп жіберген болуы да мүмкін. Қайткенде де, М. Бекейдің бұл шумақты, сілтемесіз, өзінікі етіп пайдалануы дұрыс емес.

 Диалогтағы Мұхтар Шахановтың айтқан сөздерін оқып көрелік:

Ілестім бе ізінен ұлы көштің?

Құттықтап, ұсынбады гүлін ешкім.

Әлде мен алдарқатып өзімді-өзім,

Жүрмін бе жетегінде құр елестің?

Алғыс айтып алғысым мол күндерге,

Бұйырар ма саңқылдар күн мінберде?

Жүйріктерге тамсанған дулы көптің

Ішінде бос далақтап жүрмін бе әлде?

Мен әлде армандардың қанатының

Астында аңсап жырдың дара шыңын,

Білем бе жанымдағы өр екпіннің

Мені алып биіктерге баратынын?

Біреуді биіктету үшін екінші біреуді аласартудың не қажеті бар? Мұхтар Шаханов поэзия елінде осындай екіұдай күйде жүргеніне кім сенеді? Бекділдә Алдамжардың жазғанына сенсек, Шаханов сонау жастық шағынан сый-құрметтен кенде болмаған. Тіпті, оны кездесулерде  оқырмандар гүлге көміп тастайтынын қызғанғандар «мұны өзі ұйымдастырады» деген қауесет те таратқан екен. Мұхтар Шаханов поэмада суреттелгендей боркемік, жасық, өзіне сенімсіз біреу болса, әлем танитын, бағалайтын деңгейге қалай жетті?

Мұрат Бекей бұл поэмасында Төлеген, Мұхтар, Жұмекен, Мұқағали, Қадыр ақындардың өлең формасымен жазуға тыраштанған. Алайда, мұның үдесінен шыға алмапты. Өйткені, мәселе формада емес, мазмұнда! Олар сияқты ой айта алмаған соң дайын қалыптан келер қайран бар ма?

Шыңғыс Айтматовтың әйгілі романындағы Найман–Ана бейнесі әлем оқырмандарына жақсы таныс. Мәңгүрт ұлына қатысты жері Әбіш Кекілбай хикаятынан ұрланса да, оған назар аударып жатқандар шамалы. Жұрт Айтматовты мәңгүрттік ұғымын философиялық категория деңгейіне көтерген жазушы деп ойлады. Мұрат Бекей де бұл пікірге арбалғандардың бірі екен. Ол Шыңғыс Айтматов оқиғаларының желісімен «Найман–Ана» атты поэма жазыпты. Дігідік...дігідік...дайын дүниені қайта қуып шығу оңай ғой. «Бәтір-ау, Айтматовтың сюжетін ұйқасқа түсіргеннен не ұтасың?» демекшісіз бе? Солай ойлауыңыз заңды. Мұндайды қазақ «малта езу» дейді. Бірақ, Мұрат Бекей қайталауды қасірет емес, қасиет деп ұғады! Сірә, өзіне малта езген ұнаса керек. «Тотықұс синдромы» әне сол індеттен бастау алады. Өзгенің ойын, сезімін қайталаудың берекесіз тірлік екенін авторға ұқтыру үшін арам тер болып отырған да шығармыз, алайда оқырманның көзін ашу үшін еріксіз қолға қалам алып отырмыз.

Тоты құс деген де бөгде дауысты бірден қайталай алмайтын көрінеді. Біршама жаттығу талап етеді екен. Мұны ескеріп, көп машықтанудың орнына ақ қағазға сиясы тамып кетсе, кітап етіп шығару үшін баспаға жүгіретін  Мұрат Бекей деген өлеңшіміз поэзияның қарапайым техникасын да білмейтін боп шықты. Жазғандары ырғақ жөнінен ақсап тұр.

Ой теңізін(4 буын)\тағы да(3)\ кешем енді(4)\,

Қомсынам(3)\арнасам да(4)\неше өлеңді(5)\.

Найман-Ана(4)\тағдырын(3)\оқығанда(4)\,

Ана жайлы(4)\ойларым(3)\еселенді(4).

Дәстүрлі он бір буынды қара өлеңнің ұйқасымен жазылған поэманың осы бір шумағының өзінде қаншама ритмикалық қате бар. Ал, мұндай қателер жоғарыда жоғарыда дәйексөз ретінде алынған жолдарда да, автордың басқа еңбектерінде де өріп жүр.

Жанардың мөлдірінен саулатамын,

Жанның нұрлы жаңбырын сіркіреген.(??)

                                         «Жыр әлемі».

Саулау мен сіркіреу екі түрлі әрекетті білдіретін ұғым. Жаңбыр сауласа сіркіремейді, сіркіресе сауламайды.

«Қарлығашым» өлеңінің алғашқы шумағында автор «Ағасына меңдеткен жыр азабы, Қанатымен су сепкен қарлығашым» дейді де, сегізінші шумақта «Көлімде тербетілген көгілдірсің, Әуеніңмен аққулар көз ілдірсін» дейді. «Көгілдір» деп қазақ аққудың балапанын айтады. Мұрат Бекейдің қарлығашы қалайша аққудың баласына айналып кеткенін байқамай қалдық қой! Әлде, бұл шығармасын ұйқысырап отырып жазды ма екен? Жалпы, автор бір өлеңнің өзінде бірді айтып, бірге кетіп, логикалық қателерді де көп жібереді. Ойын жүйелі түрде жеткізе алмай, шатқаяқтайды.

Көктем қонса (?)Жер бетіне әсем гүлін себелеп(?),

Тамсанумен сұлулыққа шарқ ұрғандай көбелек(?).

                                                             «Ана»

Мына екі жолдың бірі баудан, бірі таудан кеп тұр. Жер бетіне қонған көктемді кім көріпті? Жай қонбай әсем гүлін себелеп қонған көктемді елестету қиын. Негізі, жер бетіне әсем гүлін жайқалтып көктем келеді, қонбайды! Ал, көктемді сұлулыққа тамсаңған көбелекке теңеу–есуастық. Көктем жансыз предмет болғандықтан сұлулыққа тамсанбайды, сұлулығына тамсандырады.

Айдындардың айдарлы мөлдірінен(?),

Сусынымды мейлінше қандырып ем.

                                                  «Базына».

Әдетте, тынық суды «мөлдір» деп атаймыз. Ендеше ол қалайша айдарлы бола алады? Тулап аққан су айдарлы болуы мүмкін.

Жанарынан сауласа,

Жұлдызды жырдың дірілі(?).

                                 «Қияға тіктім көзімді».

Саулау–күшті ағысты білдіреді. Діріл сауламайды ғой.

Көз ілдірмей тіткілеп, қазыналы ой кенін,

Құр қол қайтып оралсам–өлең менің қай теңім(?)?

                                            «Сүйем сені, поэзия».

 Ана тілімізде «не теңім?» деген тұрақты тіркес бар. Бұл жерде соны қолдану орынды. Бірақ, автор ұйқас үшін мағынадан кеше салған. «Қай теңім?» деген сөз басқа мағынаны білдіреді.

Көкпеңбек боп шалқыса күй реңі,

Шәрбат ауа діліңді үйіреді.

                             «Арман сапары»

Көкпеңбек түске еніп күйдің реңінің шалқуын түсіне алмай дал болдық. Күйдің реңі бола ма? Оның ауаға қандай қатысы бар? Ауа қалайша ділді(жүректі)үйіреді? Қазақ әлдебір тәтті тағамға қатысты «дәмі тілді үйіреді» деп қолданады.

Жаңбырда жалаң аяқ сызған адым(?),

Шақтардан біліппін бе із қаларын.

                                  «Арман сапары»

Кісі жаңбырда жалаң аяқ жүруі, қадам басуы мүмкін. Бірақ, «сызған адым» дегенді түсінбедік.

Түн пердесі таңменен түрілгенде,

Сезімнен бола көрме жырым кенде.

Ыстықсың сен аңқыған жусан иісін,

Көкірегім қанбастан сіміргенде(?).

                                    «Арман сапары»

Иісті сіміргенді қай атаңнан көріп едің? Суды сіміреміз, иісті құшырлана иіскейміз. Осындай қарапайым жайттарды білу үшін көп ақыл керек емес қой!

Халқымның арқа сүйер алыбы көп,

Қашан біз ізгілікке тарылып ек,

Көгінен жұлдыздайын ағып өткен

Кім айтады Шоқанды хан ұлы деп(?).

                             «Абай–Мұхтар».

Шоқан Уәлихановтың хан тұқымы екенін бәріміз айтып жүрміз ғой. Тиым салынбаған шығар.  Көгінен жүлдыздай ағып өтсе хан ұлы болмай қала ма, әлде хан ұлы көгінен жұлдыздай ағып өтпей ме?

Екі-үш жыл өзі неге істі болып,

Қажалады(?) түрменің қатқан нанын?!

                               «Абай–Мұхтар»

Ойбай-ау, мынау не дейді? Қатқан нанды кеміреміз. Әлдебір заттың үйкелісінен зақымдануды қажалды дейміз.  

Бүгін Мұқағалидың туған күні,

Әділеттің салтанат құрған күні(?).

                  «Мұқағали туған күн»

Мақатаевтың ұлы ақын екенін білеміз. Бірақ, оның туған күнінің әделеттің салтанат құруына не қатысы бар? Әлде о кісі туған бойдан сот немесе прокурор боп елге әділет орнатқан ба?

 

Мұрат Бекей орыс филологиясы мен бірге бухгалтер мамандығын игерген кісі екен. Сондықтан, қазақ тіліне орашолақ екені бірден байқалады. Шалыс басқан тұсына шұқшиып, қатесін түгел жіпке тізіп берсек, оқырманның уақыты кетеді. Дегенмен, қазақшаны қатырмай жүріп, «Қарелінің(?) жайнайды паң жанары»(«Туған жерге күз келді»), «Қолдан жасап ақынды ала алмассың, Мейлі, қанша төңкені(?) қашаулағын»(«Арман сапары») деген сияқты  бөгде сөздерден аулақ болу керектігін айта кету артық болмас. «Қарелі», «төңке» сөздерінің  мағынасын түсінбегендіктен өзбекше шығар деп топшыладық. Қалың қазақ түсінбейтін сөздермен басты қатырудың қажеті қанша?

Қанша үңілгенімізбен орыс тілі маманы және бухгалтер шайырдан тұшымды шығарма таппадық. Әу баста бұрыс жолды таңдағандықтан  болар, аты арып, поэзия әлеміне жете алмай қалған сияқты. Осылайша, желіктің жетегінде кетіп, желге суырылған тотықұс-тағдырларды еріксіз аяйсың! Өмірзая!..

                                           ЕСЕККЕ  ЕСІ  КЕТКЕН

                НЕМЕСЕ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕГІ ЖИІРКЕНІШТІ ЖАЗБАЛАР

Мақаламыздың кіріспесінде бұл автордың «шығармашылығына» сүзгіден өткізуімізге оның әлеуметтік желідегі жиіркенішті жазбалары себеб болғанын жазған болатынбыз. Қазақстан республикасы заңнамаларында әлеуметтік желі БАҚ-пен теңестірілгені баршаға белгілі. Демек, желіде жарияланған жазбаларға  шолу жасауға, олар жайлы пікір білдіруге толық құқылымыз.

Мұрат Бекей Фейсбуктегі парақшасына марқұм ақын Есенқұл Жақыпбектің «Көтен» деген өлеңін салып, елді біраз шулатты.

                              КӨТЕН

 

Жата-жата іш әбден пысығасын,

Бірдеңе айтып, үйіңнен сытыласың.

Барасың бір ортаға, барасың да,

Оларға да онша аумай ықыласың

Бірдеме айтып одан да құтыласың.

 

Зая кетіп өлеңің, тер мен еңбек,

Көріне алмай жүресің елге жөндеп.

Көрінейін десең де тұрып алар,

Көтені үлкен біреулер көлденеңдеп.

 

Өліп-өшіп еңбегің еленгенше,

К...ке бөстек жасайды сенен көрпе.

Қай көтеннің дәуірі туды екен деп,

Көтен аңдып өтесің өле-өлгенше.

 

Көтен – арман, күнде бір көтен – үміт,

Адам бола алмайсың жеке жүріп.

Бір-ақ уыс боп қапты өз көтенім,

Көрінгенді жүргенде «көке» қылып.

Бұл заман да өзгерер бір жағына,

Сенің к...ің біткенше көтеріліп.

Есенқұл Жақыпбек негізінен, айтыскер ақын емес пе, сондықтан оның жазғандары фольклорға, кейбіреулері тіпті «көше әндеріне» жақындау. Бұл өлеңді де субьектив көңіл күйдің әсерімен сүйкей салған шығар. Мұны қазіргі поэзияның  шедеврі ретінде жалаулатудың ешқандай реті жоқ. Ал, осы өлеңді фейсбуктегі парақшасына салып, бірнеше досымен аузынан суы ағып мақтаған Мұрат Бекейдің талғамына күмәнданып, әліптің артын бақтық.

Әлеуметтік желіде отырған ана, апа, қарындастарға не айтса да бола береді деп ойлайтын шығар, Мұрат Бекей оғаш дүниелерді салуды үдете түсті. Әйелдерге ақыл айтқысы келді-ау деймін, көп бала табуды насихаттағансып, өзінің «Көк көрпенің бүлкілдегені» деген «өлеңін»  салды:

 

Көк көрпе бүлкілдегені...

Кейде,рас,күлкің келеді.

Біреуге бұл сөз ұнайды,

Біреулер сыртын береді.

 

Көк көрпе бүлкілдегені...

Көп сырдың кілтін береді.

Дәл қазір бізге керек-ақ,

Сананы ой тілкімдегені!!!

 

Көк көрпе бүлкілдегені...

Өлеңді толық беруге елден ұялып отырмыз. Қай қазақ ана, апа, қарындасына осындай сөз айтады. Бұл оңаша қалғанда ері әйелінің құлағына айтатын дүние емес пе? Әлде Мұрат Бекей мырза өз қызына «Өз қызына көк көрпені бүлкілдет» деп айтып жүр ме екен?!

Әр ақын шығармашылығының алтын арқауы болады ғой, Мұрат Бекей  салпаңқұлақты  жануар   тақырыбын сүйсіне, ерекше махаббатпен жырлайды. Автордың есі кеткендей есектің қандай қасиеті барын білмейміз.

 

Сыйға берген әжесіне бабасы,

Тозған әйел пәлтесінің жағасы.

Сатсам ба екен есегімді

Базарда

Қымбат дейді бағасы.

 

Білген жанға пайда көзі көп,інім.

Саудаға да ауған бір кез көңілім.

Менен саудагер шықпады,

Осылай...

Өтіп жатыр жақсы-жаман өмірім.

 

Е,айтпақшы,неге қымбат бұл есек?

Еті дейді арамменен бір есеп.

Терісі де өтімді екен шетелде,

Сөздің ұшын пайдаға әкеп тіресек.

 

Мұндай сөзді естімеген пақырың,

Кеше үлкен бір кәзиттен оқыдым.

Етін шашлық қылады да,

Терісін

Өткізеді...қалай жетер ақылың?!,–деп басталатын ұзын сонар өлеңі арқылы автор бұл жануардың жарнамасын жасауға шындап кірісті. Фейсбуктағы кейбір есекқұмарлар «лайк» басты. Талғамы, ой өрісі өзімен деңгейлес жандардың қошеметінен шабыттанып кеткен болу керек, бұрын-соңды қазақ ақындары қалам тартпаған тақырыпта өлең жазып айды аспаннан бір-ақ шығарды:

Аяулым, жырлай алман,

Арнаман жарытып өлең.

Сезімді былғап алғам,

Есектің артыменен(??).

Біздің сөз танитынымыз рас болса, бұл жерде ...әлдебір...  лас әрекеттің...боп кеткендігі...жайлы айтылып тұр ғой...әйтпесе...тектен-текке...сезім... былғана ма? Әйел болғандықтан... бұл әрекетті...ашық мәтінмен беруге...қысылып отырмыз. Егер жоғарыдағы шумақ филологиялық сараптамаға берілсе, қорытынды біздің тұжырымымызбен дөп келуіне күмән жоқ.

Фейсбукте отырған жұрттың бәрі ақымақ емес екен. Осы өлеңді оқығаннан-ақ Күлжайна Қаниева деген юзер ашық қарсылыққа шықты. «Жаман сырын айтам деп, шынын айтады» демекші, аңдаусызда елге масқара болған Мұрат Бекей «есектің артын жу да мал тап» деген Абай сөзіне артына тығылғысы келді. Абай «мал табу үшін ауыр еңбектен қашпа» демекші болған ғой, анандай... әрекет...жаса демеген! Қалбай Әбдіраман атты юзер де М. Бекейдің қателескенін жұқалап жеткізген.

Қорыта айтқанда, біз мақаламызда Мұрат Бекейдің шығармалары жайлы өз пікірімізді айттық. Оны қабылдау-қабылдамау әркімнің өз шаруасы. Автордың жеке басына тиіспеуге барынша тырыстық. Ащылау сөздер айтып жіберген болсақ, шығарманы оқыған соң туындаған субьектив әсердің салдарынан деп ұғыңыздар. Ара-тұра осындай сын жазылып тұруға тиіс. Өйткені, сын түзелмей, мін түзелмейді!

 

   Мөлдір Аманбаева

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қатысты Мақалалар