"Қамшы" порталы күні кеше ғана Арман Сқабылұлының шу тудырған материалын оқырман назарына ұсынған сайттардың бірі. "Біраз оқырманым жекеге жазып, журналист Арман Сқабылұлының "NUR.KZ" порталына берген бүгінгі сұхбатына байланысты ой-пікірімді сұрапты" деп өзінің фейсбук парақшасында жазба қалдырған танымал тележурналист Серік Абас-шахтың пікірін жарияламасақ оқырман бізді кешірмес.
"1.Арман - жақын досым, курстасым. Бірақ, ол тәуелсіз журналист. Оның да өзіндік ұстанымы бар. Сұxбатта айтылған жәйттер өз арамызда онсыз да жиі талқыланып жүрген-ді. Жиі дауласатынымызды жасырмаймын. Сондықтан, проблемаларды ел алдына жайып салған бүгінгі әңгімесіне онша таңданбадым. Бірақ, аталмыш жазбаның елге танымал сайтта жария көргеніне аздап қынжылатынымды жасырмаймын. Бұрын "қой-қойға қоя салатын" досымның "ашуына тиген бір себеп бар, әйтеуір (өз айтуынша). Қалай болғанда да, Арекеңнің ащылау айтқан сын-пікірін, әріптес досымның жанашырлық назы деп қабылдаймын.
3. Жұмыс ауқымы өте үлкен мекемеге Ерлан Қарин мырзаның төраға болып келгеніне көп уақыт болған жоқ. Ерекең келе салысымен ақ, корпорациядағы барлық кемшілік жойылып, жұмыстың бәрі түзеле қалады деп босқа үміттенбеңіз. Аз уақыт ішінде, Қарин түгіл Мәскеулік телебесаспап Костя Эрнестің өзі де төңкеріс жасай алмасы анық. Бұл ұзақ әрі ауқымды процесс.
3.Ерлан Қарин өзімен бірге Ұлттық арнаға да, "Балапанға" да, "KAZsport-қа" да жаңа команда алып келген жоқ (бүгінге дейін осылай, әйтеуір). Телеөнім иелерінің бәрі дерлік - осы қара шаңырақтың астында қызмет істеп жүрген жастар. Аутсорсингтік студияларға тапсырыс беру жұмыстары енді ғана басталуда. Сондықтан, жаңа төраға білек сыбана іске кіріссе де, "қазақстандықтардың" шабыты шарықтап, "шедевр телеөнімдер конвейері" іске қосылып кетпеді. Жаңа басшымыздың ұлы өзгеріс жасай салатын сиқыршылығы жоқ. Айналдырған отыз бес күн ішінде реформа жасап үлгермейсіз.
4."Қазақстан" корпорациясы жер бетінен қашықта ұшып жүрген бөлек ғаламшар емес. Бұл да осы қоғамның бір бөлшегі екенін ұмытпайық. Мұнда да "күн" бар, мұнда да "көлеңке" бар. Мұнда да "көкешкілер" қоңырауы жиі естіліп тұрады. Мұнда да майталман мамандардың тапшылығы айқын сезіледі. Проблемалардың бәрін еден бетіндегі шаң-тозаң сияқты тез сыпырып тастай алмайсыз. Жаңа басшылыққа аздап болса да уақыт беріңіздер. Өзгеріс жасауға бәрі мүдделі"