Әке елесі

/uploads/thumbnail/20170709233224811_small.jpg

 

       Қаланың күйкі тірлігінен мезі болып, жұмыстан қажығанда, құтты баспанаңның өзі тар қапасқа айналып, тынысың тарылып кеткендей беймаза күйге түсесің. Мұндай кезде қырға барып, таза ауамен тыныстап қайту менің әдетіме айналғаны қашан. Бүгін де сол ауылға деген сағынышпен тартып келем.

       Біздің ауыл аудан орталығынан онша алыс емес, қаланың солтүстік іргесінде он  шақырым, таяқ тастам жерде. Бала кезімізде бұл жолда жаяулатып та, атпен де, велосипедпен де ары-бері сабылғанбыз. Себебі, оқитын мектебіміз аудан орталығында болатын. Ол кезде екі аралық бізге дардай алыс болатын. Қазір  бұрынғы өрлі-қырлы жол түзеліп, үстіне асфальт жатқызылған, қатынас қолайлы. Жеңіл көлікпен 10-15 минутта зыр етіп, жан қинамай жетіп барасың.     

       Қаратөбе деп аталатын осы ауыл кезінде тораңғы, жыңғыл, ши, нар қамысымен көркем көрінетін, елді өзіне бауырайтын. Менің балалық шағым мен әке-шешемнің жарты ғасыр ғұмыры өткен жер. Өте-мөте тораңғылары бейне әкем мен шешемнің көзі іспетті. Мені сағынып, жолыма қарап тұрғандай сонау алыстан бой көрсетеді.

      Жазы салқын, күзі қоңыржай мал-жанға жайлы төңкелі жер. Ондағы бұрқылдап жатқан бастаулар, ойдым-ойдым қарасулар ертегілерде айтылатын әбілқаят суы ма деп те қаласың?! Ішсең шөліңді қандырып, жаныңды жадыратады, жуынсаң тәніңді сергітуші еді. Бораны – құт, борбасы – алтын. Асан қайғының іздеген жерұйығы осы ма дерсің?! Ауыл тұрғындары бір-біріне жақын отырмаса да, әр үйдің адамдары шілдеханада, той-томалақта, өлім-жітімде шақырусыз жаныңнан табылатын. Адамдарының бауырмашылығы мен ақжарма көңілдері менің айтып таусқысыз жыр-дастаным болатын?!

        Көліктен түскенім сол екен, әкем күшік кезінде асырап баққан ақтабан алдымнан арсалаңдап, құйрығын бұлғақтатып шыға келді. Маған қаладан әкелген базарлығың барма дегендей сұраулы көзімен қарайды?! Үйдегі болмашы  күбір-сыбырды  құлағым шалған мен тамағымды қырнай,  сәлем беріп есіктен кіргенімде қолымды бір бейтаныс жігіт алды. Жанында өзі құралпас келіншек бар. Сіз кімсіз дегендей үдірейе қарасты. Жөн сұраса келгенімде, олар қарашаңыраққа  ие болып отырған інімнің  қойшысы болып шықты.

      –  Ініңіз бен келініңіз қалаға базарлап кеткен, ендігі келетін уақыттары да болып қалды, – деді жас келіншек. Мен  бұл үйден бір-екі шыны шайды асығыс ішіп, дастарқанға батамды жасадым да, әлде бір нәрсемді жоғалтқандай алағызып отыра алмай далаға шықтым.

      Дала қуаң тартып, ағаштардың жапырағы сарғайып күз маусымының бояауын айшықтай түскен. Тораңғының сары жапырақтары желмен бірге ұшып сағымдана көлбеңдеп алды-артымды орайды. Үйдің артында шөп жинайтын қора болушы еді. Соны бір айналып шықтым. Кезінде мая-мая шөп басулы тұратын қора тұғын, ал бүгін қаңғырап бос тұр.  Үйдің шығыс жағындағы кілетке бас сұққаным сол көзіме  таныс заттар іліне кетті. Жайлап қарасам, кезінде әке-шешем ұстаған шаңырақ, кереге, уық, үзік, туырлық секілді киіз үй мүліктері, әр жерде  ретсіз шаң басып жатыр. Бұл киіз үйдің әрбір жабдығында әкем мен шешемнің саусағының табы бар, исі сіңген ғой. Алақаныммен сипалап мауқымды басқандай болдым. Кезінде асқармен бой таластырып, ай-жұлдызбен тілдесіп тұратын қайран ақ боз үй деймін  ішімнен?!  

      Әкем мен анама деген сағынышым аяқ астынан тұтанып, маздай түсті. Біздің үйдің төменгі жағында әке-шешеммен замандас бір кемпір мен шалдың үйі болушы еді, кенет ол кісілер есіме түсті. Барып сәлем беріп келейін, «әкең өлсе де,  әкеңнің көзін көрген өлмесін» деуші еді ғой деген ниетпен салып-ұрып барсам, есігінде қара құлпы тұр. Әлгі қара құлпы маған «бұл үйдің қарауылы менмін, сенің кіруіңе рұқсат жоқ, кері қайт!» деп тіл қатып тұрғандай болды. Мен еріксіз аңтарылып қалдым. Сол сәт құлағыма әлде бір күйдің сарыны талып жетті. Ары-бері көз жүгіртіп қарасам, біздің қораның шетіндегі төбеде малдас құрып отырған әкем күмбірлетіп күй шертіп отыр. Сол маңда шешем де күйбеңмен жүрген секілді. – Апыр-ау, бағана неге байқамағам, бәрің осында жүр екенсіңдер ғой, мен сендерді  бағанадан бері іздеп жүрмін ғой?! – деп өзіме-өзім күбірлеп, оларға қарай ұмтылдым. Жақындап келгенім сол-ақ екен, олар көз алдымда сағымданып ғайып болды. Сөйтсем, бұл олардың елесі екен. Тізерлеп отыра қалдым да, әруақтарға арнап білген Құран аятын оқып, бетімді алақаныммен сипап, орнымнан ауыр көтерілдім. Бұл елес маған өткен күндердің естен кетпес естемелерін есіме салды.

                                     *                   *                     *

      Осыдан он екі жыл бұрын, ақпан айының алғашқы жексенбісі, Жың қалашығы. Аласұрған ақ бұрқасын жел ұйтқып тұр, желден қашқан бұрқасын қар ықтасын таппай безек қағады. Желдің ұлыған  дауысы мен  көшедегі көліктердің  шуылы  қосылып, қалашықты басына көтеріп тұр.  Кей көліктердің үсті қар, бет-ауызы қыраудан көрінбейді. Олар сақылдаған сары аязда алыстан қарлатып әзер жеткен секілді. Желмен бірге желбіреп ұшқан жау торғайлар топ-тобымен  ағаштан-ағашқа қонақтайды. Өзін-өзі сабалаған бұтақтар торғайға пана болатын түрі жоқ.

      Мен де бұрқасынға қарсы жүзіп, әкем күтіп отырған кітапхананың алдына әупірімдеп жетіп, әкеммен амандық сұрасып тұрғанмын.  Әлде бір таныстар  бастарын изеп қойып, асыға басып барады. Боранның шыдас берер түрі жоқ.  Әкем де жауырап кетіпті, аяп кеттіп:

       – Әке, мені мұнда тосқанша үйге бармадыңыз ба, мына аязда атпен қалай келгенсіз? Денсаулығыңыз да мәз емес қой, жақында емханадан шығып едіңіз ғой, суық тиіп науқасыңыз қайталап қалса қайтесіз?! Ақыр келген екенсіз, емханаға барып шипагерге көрініңіз?! Одан кейін үйге барып қонып, ертең аттаныңыз? – дедім. Ол кісі:

      – Қазір құдайға шүкір жақсымын, үйіңе бара алмаймын. Мен болмасам әлгі қорадағы мал аштан  өледі, сен «күйді таспаға жазатын жер бар» деп едің ғой, мені сол жерге басташы?! – деді.  Мен де екіленбестен:

      – Онда жүріңіз, – деп көшені құлдап, қызметтесім Серікқан Ырысбайұлының  студиясына бастап келдім. Секең бірнеше кісімен әңгіме дүкенін құрып отыр екен.  Аман-сәлемнен  кейін біз келген бұйымтаиымызды айттық. Секең де біздің жайымызды түсінді білем, әкемді студияның орындығына отырғызып, домбыраны  қолына ұстатқан ол:

      – Үлкен кісі, күйіңізді шертіңіз, тыңдап көрейік? Онан соң таспаға аламыз, – деді де маған қарап көзін қысып қойды. Әкем аяздан бозарған саусақтарын икемге келтіріп, домбыраның ішегін тыңқылдатып, құлағын бұрап теңшеп алды да, өзінің екі күйін арт-артынан шертіп болып тынстады. Сонда Серікқан;

     – Ақсақал, жаңағы өзіңіз шерткен күйлеріңізді тыңдап көріңіз, – деп магинттік  таспаның тетігін басқанда.  Әкем таңданыспен:

    – Ой, балаларым-ай, бағана айтқан болсаңдар дұрыстап шертпеспе едем, –деді. Сонда Секең күліп; 

    – Ақсақал, бұрынырақ айтқанда мұндай жақсы шерте алмайтын едіңіз, осынымыз дұрыс болды, – деді.

    Сол ақпан айының  соңында әкем жарық дүниемен маңгілікке қоштасты. Әкемнің бұл екі күйінің астарында мынадай оқиғалар жатқан еді.

     Інім Дүйсенді әке-шешем енді үйлендіремін,  қызығын көрем деп жүргенде, ол інім  тұйықсыз қайтыс болады. Бұл қайғылы жағдай қанқысымнан жығылған, шешеме  ауыр соққы  болып тиді. Сонымен інімнің артынан  шешем де көп ұзамай дүние салды. Осындай қат-қабат келген мейрімсіз  қаза әкемді қатты күйзелтті. Сонымен бұрыннан жан серігі қара домбырасын жанынан тастамай тыңқылдатып отыратын. Домбырадан жұбаныш іздейдін. Кейін білдік, ол кісі қара домбырасын босқа тыңқылдатып жүрмепті. Қайтыс болған ұлы мен жан жарын сағынған көңіл күйін  «Сағыныш» күйімен бейнелепті. Араға бірнеше жыл салып  менің ұлым Шаттықтың сүндет тойын жасадым. Қайғы-мұңнан айығып, көкірегін қуаныш кернеген әкем немересінің қуаныш тойына «Шаттық» атты күйін тарту етті. Қазір ойласам, сол кезде әкем атпен қалаға келмегенде, Серікқанның студиясы болмағанда, бұл күйді өзімен бірге алып кеткен болар ма еді?! Мүмкін, әкем өзінің ғұмырының санаулы күндер қалғанын сезіп-біліп, қарлы-борандатып келіп таспаға жаздырып кетуге бекіген де шығар?! Ол жағы әлі маған жұмбақ?!  

     Бұл күйдің таспаға жазылып қалуына себепкер болған әріптесім Серікқан Ырысбайұлына алғысым шексыз!  Әкем өмірден өткеніне биыл он екі жыл болды. Алайда, осыған дейін қу тіршілік күйбеңі, не болмаса өзімнің құнытсыздығымнан  болар бұл күйді радиоға кезінде табыс ете алмадым. «Ештен кеш жақсы» дегендей әке аманатын  енді орындаудың сәті түскендей. Әкемнің  бұл күйі тым керемет болмағанымен, ол кісінің  басып өткен өмір жолы, өмірден өткен бала мен жарға деген сағынышы мен махаббат мұңы, немереге деген аталық қуанышының шаттығы еді.

                                *                   *                    *

      Әкем Мұсақын Қамзаұлы 1936 жылы Жыңның Күлертең деген жерінде дүниеге келіпті. Әкесі шаруа адамы болып, Жайырда туылып, үркін-қорқын заманда  осылай ауып келсе керек. Әкем ес біліп, етек жапқанда Күлертең мектебінде оқып сауатын ашады. Еңбек жолын Жың Тасжол мекемесінде жұмысшы болудан бастайды, кейін Шиху 3-қатнас-тасымал серіктігінде көлік жүргізуші болады. Сол жерде шешеммен танысып отау көтереді. 1960 жылғы ашаршылық салдарынан төменге түсіп, Жыңның Қаратөре қыстағында жарты ғасыр малшы болған.

       Әкем қақ-соғы жоқ қойдан қоңыр, орта бойлы, арық, сары келген қарапайым малсақ, шаруа адамы еді.  Сол қарапайым әкенің бойында өнегелі қасиеттер көп болатын. Өзі жыртық жамау шалбар кисе де, балаларын ешкімнен кем қылмай қатарға қосқан болатын. Шешем 9 құрсақ көтерген аяулы ана еді, сегізіміз – ұл, ең кенжеміз – Бағдат қыз еді. Мен баланың үшіншісі болатынмын. Сол әкеміздің өнегелі қасиеттеріне бұлдыр үміт, тәтті елеспен ойын қуып жүріп, кезінде қадыріне жетпеппіз?! «Ата-ананың қадірін балалы болғанда білесің»  деген осы екен. Әкем  құралайды көзіне ататын мерген, домбыраны нақышына келтіріп шертетін күйші еді. Қан алып, лоңқа қойып адам емдейтін, емкөстігі де бар тұғын. Көктем келісімен  басының қаны тасығандар әкемді іздеп сабылып, артық қанын судай ағызтып жататын. Мен ойлаймын, қазіргі қанқысым деген пәле сол болу керек. Басы ауырған жұрт басынан қанын алдырған соң сергіп, жеңілдеп әкеме рақметін жаудырып аттанып жататын. Көбісі, әкемнің осы ем-домынан кейін ауруынан құлан-таза аяғып кеткенін жырдан қызық қылып айтып жүретін.

      Әкем кезінде бастауыш сынып оқыса да жазуы маржандай әдемі болатын. Әдебиет факультетін бітірген мен әкемдей көркем жаза алмаймын. Оның да себебі бар шығар, мен орта мектепті латын әліпбиімен бітіріп, институтқа түскеннен кейін төтежазуды үйренген едім. Әкем бізге ылғыйда: «Халыққа адал еңбек етіңдер, кісі ақысын жемеңдер, ел-жұрттан бөлінбеңдер, не көрсеңдер де еліңмен бірге көріңдер!» – деп айтып отыратын.

        Бір жылы көктем кезі, көк шығып, елдің ауызы аққа енді жарыған шақ, біздің үйдің  қоңыр сиыры өрістен қайтпай қалады. Оны мен іздеп,  үйдің шығыс жағындағы  Түйебастау маңындағы саз-батпаққа батып шыға алмай жатқан жерінен тауып алдым. Оны шығаруға менің әлім жетпегесін, үйге қайтып келіп, қонақ болып отырған нағашы ағам Зейнолла мен үлкен ағам Әбидолланы көмекке шақырдым, әкем үйде жоқ екен. Үшеуіміз әлгі сиырды арқанмен алай да, былай да тартқылап батпақтан шығара алмадық. Сыйырдың батпаққа батқан  төрт сирағығын бір жерден тартып шығарсақ, екінші жерге тағы кіріп кетіп көп әуре-сарсаңға салды. Күнде намазға жүгінген шақ, енді қайтеміз деп тұрғанда әкемнің келе қалмасы барма. Біздің қылығымызға күлген әкем: – Бүйтіп әуре болмаңдар, бүйтсеңдер таңатқанша сиырды батпақтан шығара алмайсыңдар. Онан да  сиырдың аяғын бүгіп байлаңдар, бүгілген аяқ батпаққа  кірмейді, – деді. Біз әке ақылының арқасында сиырды батпақтан аман шығарып алдық.

     Әкем қой да, жылқы да, сиыр да бақты. Оның баққан малдары қыстан күйлі шығатын, төл шығыны болмайтын. Сол себептен де ұжым басшылары оны жиі ауытырып тұратын. Себебі олар бұл малды бір оңаса Мұсақын оңалтады деп сенетін. Әкем осындай аулымыздың алыс-жақынына белгілі сиыршысы болып, ұжым жағынан талай рет марапатталған.  

     Әкемнің осындай табыстарға қол жеткізуі, марқұм шешем Нұрила Қинаятқызының да  үлесі зор еді. Балаларын бағып, үйдің бар шаруасын былжытпай атқаратын. Келімді-кетімді кісіні қабақ шытпай күту анамның күнделікті дағдысы еді. Киіз басып, тері илейтін. Теріден шалбар, тон, камзол, қолғап, тымақ тігіп беретін. Қазақ үйдің жүннен, матадан жасалатын жабдықтарын түгел өзі жасайтын. Шешеміз киіз басқан күні көрші-қолаңның әйелдері түгел көмекке келуші еді. Балалар да жиылып, шиға оралған киізді ары-бері тепкілегеп, оны пысыруға көмектесіп мәре-сәре болушы едік. Қысқасы, анам Нұрила он саусағынан өнер тамған шебер, еңбекқор жан еді. Жаз жайлауға, қыс қыстауға көшкенімізде алдында бір бала,  артында бір бала, құрсағында бір бала қара нарды жетелеп биік асуда қайқайып кетіп бара жататын…

       Сол замандағы қатнастың қолайсыздығы, тұрмыстың қат-қабат қиыншылығы салдарынан, шешем іргеміздегі Шихудағы төркініне 30 жыл ат ізін салмақ тұрмақ хат-хабар да алмаған. Кейін шешем Дәриға деген әпкесімен кездесіп көріскенде, сағыныштарын баса алмай көз жастарын көл қылып, құшақтарын жаза алмай ұзақ тұрған бейнесін қайдан ұмытайын?! Олар Айтжамал деген сіңлісін көре алмай кеткен өкінішін де айтып отыратын… «Бір кем дүние» деген осы болар?!

                                  *                       *                   *

       Біз қыстық шөпті ала жаздай шауып  қораны маяға толтыратынбыз. Менің міндетім пішеншілерге тамақ жасау. Себебі, жаз айы болғасын үй жайлауға  көшіп кететін, Базарбек деген ағам мен Дүйисен деген інімнің міндеті шалғымен шөп шабу, әкем бір жағынан шалғы тартса, енді бір жағынан шабылған шөпті ұры-қарылардан қоритын.   Шөп байлау мен орақ оруда Дүйсен алдыға жан салмайтын.

       Сол пішеншілердің бірі Базарбек кейін ауыл шаруашылығын машиналандырудың маманы болса, Дүйсен жауырыны жерге тимейтін балуан, әрі дене тәрбие  оқытушысы  болды. Сол ағам мен інім  бұл күндері Қаратау бөктерінде төмпеш болып мәңгілік ұйқыда жатса да, олар әлі көз алдым да  беине  ұзақ сапарға жолаушылап кеткен секілді болып тұрады.

       Ала жаздай жинаған шөбімізді, қарасан келгір сиырлар бір қыста мүйізімен реп шашып, аяғымен таптап, жегенін жеп, жемегенін сояуға айналдыратын. Ол кезде біздің шабындықтың көлемі мен Қонысбай ақсақалдың шабындығы қыстақ бойынша көп болатын. Бір жазда бір ұжымның шөбін бірақ жинап алатынбыз. Көрші диқан ұжымның  адамдары арбасын айдап келіп бізден шөп сұрайтын. Сонан біз олардың көліктерінен пайдаланып  бір күнде бір маяны  тұрғызып  алатынбыз.  Шөп алғанына олар маз, шөпті тасып жиып алғанға біз мәз болушы едік. Өте-мөте мая шөптерді таңертең күн шықпай немесе кешкі салқында дымқыл кезінде жинап алатынбыз. Себебі, күндіз тасысаң мая шөптердің жапырағы күн нұрының әсерінен қурап түсіп қалатын. Сол шөптің маясы бір-ақ күнде төбедей болып, аспанмен бой таласатын. Оны күздің қара бораны жұлып әкетпесін деп тораңғыдан екі-үш метрдей қазық жасап қағып, бастырып тастайтынбыз.

       Кезінде Қаратөре өңірі  тораңғылық, нар қамыс, шөбі шүйгін, суы мол, ит тұмсығы өтпейтін бұта-бүрген қалың ши, жыңғыл  оның арасында  қоян, қырғауыл, түлкі-қарсақ  сияқты аң-құстар жыртылып айырылатын. Ал аралдағы шулаған құспен, шұрқыраған бақаның  дауысы, Қаратөренің күндіз-түні шертіліп  жатқан семфониялық оркестрі іспетті еді. Арал деп атайтын себебіміз, екі жағы қара су, ортасы шабындық еді. Сол қара суға ағаш көпір салып өтетінбіз. Аралдың аяқ жағында бір өткел бар болатын. Оны біз «Кең өткел» дейтінбіз. Оған біз шомылып ойнайтынбыз. Ол бізге бейне алып өзен  секілді сезілетін. Міне, осының бәрі бұл күнде ғайып болған.

        Қазір аралдың ортасынан тас жол түсіп екі жағы қалың жидемен көмкерілген. Бұрқылтап жататын бастаулар, тартылған.` Тораңғыларда  шал бастанып сиреген. Кезіндегі хан сарайындай көрінетін  тошала үйлердің жұрнағын да қазір таппайсың. Десе де жақынғы жылдан бергі өкіметтің тиымды саясаты арқасында орман қайта қорғалып, алдыңғы жақтан  «бейқұт»  (Бейқұт – ұжымдық түрде мемлекет көмегімен салынған тұрғын үйдің атауы, С.М) үйлер, асфальт жол  салынып, электр жарығы жарқырап халық  игілігіне істетілуі  кісіні қуантады. 

      Балалығымның ізі қалған Қаратөбенің бүгінгі бейнесі кісіні қуантқанымен, ойлап көрсем менің жоғалтқаным аз емес екен?! Сол күннің елесіндей бірнеше тырна көк жүзінде айналып тыраулап, оң түстікті бетке алып шеру тартып барады екен. Еріксізден алыста жүрген Серік Қонысбайұлы, Алтын Ережепқызы секілді сыныптастарым ойыма орала берді. Оларға деген сағыныштан «Ей, тырналар!» деген өлең санамда кестеленіп қалды.

      Ей, тырналар!

      Тыраулайсың, ей, тырналар,

      Түстік жақты бетке алып.

      Ханатыңа хат жазайын,

      Дос-құрбыға кет алып!

 

      Ызғар өтсе мекеніңе,

      Ораласың еркелеп.

      Бір сәлемін олардағы,

      Жеткізсін тез, ертерек?!

      Я, бәрін айта, бірін айт, әкемнің бүкіл өмірі ат үстінде өтті. «Өткен күннің бәрі өмір емес, есте қалғандары ғана өмір» дегендей  бұл айтылған әңгімелер бұл күнде ертегінің елесі сияқты сезілгенімен,  сол елесті  елестетудің өзі бір бақыт.  Әкеммен бірге өткізген күндерімнің таңғажайып  елес-сезімдерін ұрттап,  әлсін-әлі тамсанып,  қалаға қайттым. Әкем – әнім менің!

 Сағидолла МҰСАҚЫНҰЛЫ, ақын.

ҚХР Бұратала облысы, Жың ауданы.                                      

                                       

Қатысты Мақалалар