Өткенде бір мектептегі 4-класс (сынып деген сөзді біздің ұрпақ қабылдай алар емес...) ұлдарының арасындағы "Жігіт сұлтаны" байқауына қазылық жасауға тура келді. Бұл жастағы балалар үшін тым ерте емес пе? Жарайды, ерте емес те шығар. Бірақ...
1.Бір бала тақпақ айтты. Қалғандары ән салды. Тек, "минусовкадағы" даңғыраған музыкадан олардың даусын есіте алмай қор болдым... Домбыра, баянмен сүйемелдеп айтқызуға болмайтын ба еді?..
2. Күш сайысына ортаға жеңіл гантель қойылған екен, барлығы да оп-оңай 10 реттен көтерді де қойды. Кімнің күші қандай екені байқалмай қалды.
3.Өз қолымен бұйым жасау деген тапсырмаға бәрі үйінен я торт секілді тағамдар пісіріп әкелген, я зат жасап әкелген. Әкемізбен бірге істедік деп қояды. Не де болса көптің алдында жасамағаннан кейін мұнда да кімнің қаншалықты өнерлі екенін анықтау мүмкін болмады.
4.Тапқырлық сынына "2-нің квадраты қанша?" деген секілді күлкілі сұрақтар қойылды. Ең соңында, қазылар алқасының төрағасы, мектеп директорының орынбасары менің талап етуіммен, қиналып барып, барлық 10 сынақ бойынша қойылған балл қосындысын шығарып, жеңімпазды анықтадық... Сонда бұндай көзбояушылық байқауы кімге, не үшін қажет болды? "Галочка" үшін бе? Мақтаулы мектептің ұстаздары шәкірттерінің санасына не сіңіріп, не құйып жатыр?..
Өмірзақ Ақжігіттің фейсбук парақшасынан