- Нағашы аталарым Алматыға 1860-шы жылдары келіп қоныстаныпты. Қазіргі аэровокзалдың орнында сол ағайынды Сүлеймен, Мүмсары деген көпестердің жайлары тұрады екен. Қаракесек бабамыздан тараған кісілер. Бекмұхамед, Досмұхамед, Жақыпбек дегендер өтіпті. Осылардың бірінен Мұхамеджан атам туады. Бұ кісіден – Ахметжан нағашым және апалы-сіңлілі Бибінұр апам мен Бибіжамал анам туған. Мені тәрбиелеген - Бибінұр апам. Неге десеңіз, анам көбіне жұмыстан босай алмайтын.
- О кезде Алматыда қазақша білім беретін бір ғана 12-ші мектеп-интернат болыпты. Оған шалғай облыстардан келетін малшылардың ұл-қыздары мен жетім балалар ғана қабылданған көрінеді. Сондықтан, мені амалсыз орыс мектебіне берген сияқты. Әкем каникул сайын пойызға отырғызып ауылға, Жуалыға жіберетін-ді. Енді ойласам, елге жат болып кетпесін, атажұртынан тамыры үзілмесін дейді екен ғой. Жаздай ауылда жүргенде ызаланып, жынданған кездерім де есімде. Себебі, жолдастарымның бәрі демалыста не Қара теңізге «Артекке», болмаса, Балтық жағалауына, Мәскеу, Ленинград, Киевке кетеді. Қалай ызаланбайсың? Бірақ Құдайға шүкір, әкем қауіптенгендей, тамырым шабыла қойған жоқ...
- Күләш тәте Байсейітова жиі соғатын біздің үйге. Менің анам сахнаға шығып көрмеген адам. Бірақ, үйде Күләш апай екеуі қосылғанда мамам әнді кәдімгіше шырқататын.
- 1-ші жилкомбинатта тұрдық. Қазіргі Қабанбай батыр атамыз бен Фурманов көшелерінің қиылысы. 2-ші жилкомбинатта Дмитрий Снегин, Тайыр Жароков, Жұмағали Саин ағалар тұрған. 3-ші жилкомбинатта Кәрім аға Мыңбаев, Жұбан аға Молдағалиев, Әлжаппар Әбішев ағалар бар. Нағыз мәдени орталық десе артық емес. Бәрі бір-бірімен керемет араласатын. «Лениншіл жастан» да келетін адамдар көп. Анам кейде «үлкен шәугімді қой» деп звондайды. Демек, өзімен бірге қызмет ететін журналист ағаларым келеді деген сөз. «Кіші шәйнекті қой» десе, өзі ғана келеді. Мен де шешеме анда-санда коммутатор арқылы қоңырау шалып тұрушы едім. Онан кейін цифрлы телефондар келді ғой. 53-48 номері арқылы теретінмін. Мұны да ұмытпаппын...
(Бақытжан аға тоғыз-он жасар кезінде үріккен аттан жығылып мерт болған өзінің Шолпан әпкесі есіне түскенде көзі боталап, бірталай қамығып қалады)
- Алматы аймағы ауылдарының бірі анамды қонаққа шақырыпты. Ондағылар тау ішінде батырдың қызы деп Шолпанды атқа мінгізеді. Онысы атақты сәйгүлік екен. Жазмыш па... Содан құлаған ғой. Әкем қырқыншы жылға дейін анаммен бірге Қиыр Шығыста, одан Житомирде әскери қызметте жүрген-ді. Сонда араларындағы осы кішкентай Шолпанның әрбір қылығына сүйсініп, достарына менің тентек қызым сөйтті деп мәз болып, аузынан тастамай айтып отырады екен. Перзент өлімі оңай тие ме? Есіне түскен сайын, «қарамадың, ие болмадың» деп, анамнан көргендей болып, қатты қиялданатын еді...
(Шолпан, расында да, әкесі іштей зор үміт күткен өте алғыр бүлдіршін болыпты. Қапияда сүйікті қызынан айрылуы батырдың жүрегін қансыратып, мәңгілік жазылмайтын жараға айналған).
- Мен де жастай мертігіп, көп азап шектім. Кейін бірде әкемнің: «Ежелгі ұғым бойынша ата-баба, әке-шешенің күнәсін ұрпағы көтеретін түсінік бар. Рас нәрсе. Қазақ «зауал» дегенді бекер айтпайды. Әрбір теріс әрекетің алдыңнан шығатын сәт туады. Қанша жалтарсаң да жауаптан құтыла алмайсың. Елімді қорғадым дегеніммен, көп қан төккенім анық. Сонда маған қарсы атылған оқ жазатайым саған тиіп кетпеді ме екен?!» деп толғанғаны есімде.
– Әкемнің іргені аулақ салуы, әрине, анама жеңіл тимеді. Бірақ, ол бәріне де шыдады. Кішкентай кезімде мен де налыдым ғой, талай... Көп жәйтті терең түсіне қоймасам да, ренжідім, өкпеледім әкеме... Бұл қалай, неге кетті, неге қасымызда болмайды, неге бірге тұрмаймыз дегендей. Сонда анам: «Әкеңді сөкпе! Әкеңді ешқашан да жамандаушы болма!» деуші еді. Әйтеуір, күдер үзген жоқ. Өмір бойы күтті ғой..."
Бақытжан Момышұлының әңгімесін өз аузынан 2006 жылы күз айында жазып алған Құлтөлеу Мұқаш, "Жас қазақ" газеті