Еліміздің ұлттық рухани құндылығын өзге ел алдында танытатын бірден-бір ескерткіштерге аз-кем тоқталсақ. Түркістан қаласынан оңтүстікке қарай 4 шақырым жерде Түркістан-Шәуілдір автокөлік жолынан солға қарай 500 метр қашықтықта Гауһар ана кесенесі орналасқан. Аңыз сарынына, шежіре деректеріне сүйенсек, Қожа Ахмет Яссауидің қызы Гауһар анамыздың бейітінің басына өз заманында күйген кірпіштен кішігірім кесене тұрғызылыпты. Алайда, ХХ ғасырдың басындағы сұрқия саясаттың салдарынан кесене бұзылып, кірпіші тоналған екен. Бұл олқылықты істің орынын толтыру мақсатында «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайы 2015 жылы Гауһар ана басына қайта кесене орнатты. Келбетіне көркі сай кесене аумағындағы негізгі жұмыстар 2016 жылдан бастап қолға алынды. Жантақ, шеңгел басқан аумақ гүлзарлармен абаттандырылып жүйелі түрде ағаш көшеттері отырғызылды. Ескерту, белгі тақтайшалары қайта жаңартылып, жарық шамдар, Гауһар ана кесенесі туралы 3 тілде жазылған ақпараттық тақтайша орнатылды. Кесене алдындағы автотұрақ аумағы тегістеліп, айналасы темір шарбақпен қоршалып, тас төсеу жұмыстары жүргізілді.
Пікір қалдыру