АҚШ уақытша Түркия аумағында виза беруді тоқтатты. Бұл жайында Qamshy.kz ақпарат агенттігі Bloomberg мәліметіне сүйеніп хабарлайды.
Аталған жағдай екі ел арасында 4-ші қазанда орын алған келеңсіздік салдарынан бастау алған. Түркия билігі Ыстанбұлдағы АҚШ елшілігінің қызметкерін Фетхуллах Гүленмен байланысы бар деген күдікпен тұтқындаған. Күдікті сот шешімі бойынша Түркия үкіметі мен елдегі конституциялық тәртіпті «жоюға» әрекеттенген және тыңшы деген айып бойынша тұтқынға алынған.
Вашингтон Анкараның бұл әрекетін екі жақты қарым-қатынасқа сызат түсіретін негізсіз қадам деп айыптады.
Түркиядағы АҚШ елшілігінің анықтамасында соңғы уақыттағы келеңсіз жағдайлар дипломатиялық мекемелердегі қызметкерлердің қауіпсіздігіне көңіл бөлуге итермелегені айтылған.
Түркия президенті Режеп Ердоған Анкараның принципке сүйеніп АҚШ секілді виза беруді тоқтататынын мәлімдеді. Бұл жайында Түркия президенті Украина президенті Петр Лукашенкомен өткен кездесуден кейін хабарлады.
Ердоғанның мәлімдеуінше, Түркиняның Сыртқы Істер министрлігі АҚШ өкілдеріне жүгініп, аталмыш мәселенің шешімін табуға тырысқан.
«Анкара елшілігі аталмыш шешімді қабылдағаны бізді қынжылтады. Түркия – құқықтық мемлекет. Біз тайпа немесе тайпалық мемлекет емеспіз. АҚШ қандай шешім қабылдаса, міндетті түрде және дереу, Түркия да дәл сондай шешім шығара алады» деп мәлімдеді Түркия президенті.
Айта кетсек, 9 қазанда Түркия билігі АҚШ елшілігінің тағы бір қызметкерін тұтқындауға шешім шығарды.