Ербол Алшынбай: Бабамның қанымен көктеген, Мен сені сүйемін, киелі бостандық!

/uploads/thumbnail/20170708150905257_small.png

Бостандық – көк байрақ

Заманның құлындай тастанды,

Қанша рет табанға тапталдық.

Бабамның қанымен көктеген,

Мен сені сүйемін, киелі бостандық!

Теңіздей толқытқан көз жасын,

Бостандық − Алаштың сөз басы.

Сен үшін мерт болып Әлихан,

Кененің кесілді әз басы.

Сен десе жүрегім елжіреп,

Көңілде тулаған сең жүред.

Тұрады Алаштың арындай,

Көк туым көгімде желбіреп.

Тым асау ағындар қақпайлап,

Заманым салса да отқа айдап.

Мен сені сүйемін, бостандық −

Көк аспан,

Көк бөрі,

Көк байрақ!

 

Шәкәрімнің Шыңғыстаумен қоштасуы

Ей, Шыңғыстау, Шыңғыстау!

Қан толып қара жанарға,

Қайғырдым соңғы қарарда.

Қайқы да қылыш қызыл тіл,

Қоштасар сәтте қамалма!

Бауырың –байсын, салқын бақ,

Самалың –саумал,  аңқылдақ.

Қыз ерін − қызыл бүлдірген,

Қымсына барып үздірген,

Асылы ару қойныңа

Арсыздар қолын салар ма?!

Шаһиттер жатқан жұртыма,

Шапағат қылғай жан Алла!

Ей, Шыңғыстау, Шыңғыстау!

Шашыңды қудай ағартқан,

Бітпейтін шер мен мұң қалды.

Кешегі кердең Алаштан,

Кеудесі биік кім қалды?!

Асылдан атам Құнанбай,

Ордасы оның тұл қалды.

Күнәсіз қара топырақ,

Төсімнен аққан қызыл қан,

Сімірген кезде сұрланды.

Жел жылап тұрып жоқтаған,

Мұңлы да сырлы жыр қалды.

Құр құдық маңы  қыраң бел,

Қыраңға тағы шығар ма ел?

Құдайсыз қырық қарақшы,

Астында кетті құранды ер.

Ей, аманат алған ақ тәнім,

Осы ма еді құлар жер.

Сүйегім бетін жабарға,

Табылмай кетті бір арлы ер.

Ей, Шыңғыстау, Шыңғыстау!

Қызарып тұрса күн көкте,

Қылқимас алмас сынса да,

Қынабын жатқа кірлетпе.

Қынабын жатқа кірлетсе,

Ертеңгі туған жас бала,

Жаутаңкөз болып жүрмес пе?!

Қырыңа төккен қызыл қан,

Қырмызы көктем болғанда,

Қызғалдақ болар күн жетсе!

Іле

Екпініңді жұтты ма, сол тасбауыр жағалау,

Неге өксисің тұншығып, мені өсірген анам-ау?

Өз отына өртеніп, құлап барады қызыл күн,

Қызыл күнді көрдім де, сеңдей болып бұзылдым.

Түнменен түн жиекте жапсарласа бергенде,

Сонау көктің көзінен бір ақ сәуле көргем мен.

Сол сәулеге асықтың, толқындарың жарысып,

Сенің тамшың мен едім, толқи аққан жаны ұшып.

Жеттім аппақ сәулеге жүрегімді нұр өбіп,

Түндей терең арналым, түнде қалдың түнеріп.

Түнге қарап толқимын, сені ойлаймын кей күні,

Үндемейсің сен неге, ей, түркінің Жейхұны.

Сен жылайсың шерлісің, бірақ заман таскерең,

Оның сөзі басқа сөз, оның мұңы – басқа өлең.

Менің ұлы бабамның тұлпарындай екпіндім,

Мен сен болып толқыдым, толқынымды көкке ұрдым.

Теңіз құйсам өшпейтін өзегімді өрт жайлап,

Заман алып барады, мені сендей қақпайлап.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар