Кузбасс вице-губернаторы Сергей Цивилев «Зимння вишня» сауда орталығындағы қайғылы оқиға үшін қала тұрғындарынан тізерлеп тұрып кешірім сұрады, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі РИА Новости сайтының дерегін негізге ала отырып.
Кемеровоның басты алаңында таңертең басталған митинг жеті сағатқа созылды. Кейін әкімшілік өкілдері жиналғандардан өз үйлеріне тарқауын өтініп, дыбыс күшейткіш аппаратураны сөндіріп тастады.Бірақ қатысушылар алаңнан кетуден бас тартты.
Цивилев сөйлемекші болған кезде микрофон сөніп тұрған. Кейін ол халықтан тізерлеп тұрып кешірім сұрады. Бірнеше секундтан кейін қайтадан тұрып «ежелгі Русьте адамдар кешірім сұрау үшін тізерлеп тұратын болған», — деді. Сол сәтте митинг қатысушылары қол шапалақтай бастады.
Еске сала кетсек, Кемероводағы төрт қабатты «Зимняя вишня» сауда орталығында алапат өрт шығып, 64 адам қаза тапты. Қала ауруханаларында 13 адам жатыр, олардың дені газдан уланған. Өрт туралы іс бойынша бірнеше адам ұсталды.