Иран президенті Хасан Роухани мұсылман елдерін Израильмен қарым-қатынасын үзіп, АҚШ-пен сауда-экономикалық байланысты қайта қарауға шақырған. Роухани бұл шешімін Вашингтон осы аптада Израильдегі елшілігін Иерусалимге көшіргеннен кейін қабылдаған.
18 мамырда Ыстамбұлда өткен мұсылман елдері саммитінде Роухани АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігін әлемге төнген «үлкен қатер» деп атаған. Бұдан бұрын Трамп Вашингтонның 2015 жылы жасалған ядролық келісімнен шығатынын мәлімдеген.
«Мұсылман елдеріне Вашингтонмен саяси және экономикалық байланыстарын қайта қарауды ойластыру керек. Израильмен қарым-қатынасты үзіп, сауда жасауға байкот жариялауға шақырамын»,- деді Иран президенті өз үндеуінде.