Қоғам белсендісі Аружан Сайын Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Абай ауылында зорланды деген 7 жасар баланың ісіне қатысты ақпарат берді. Биыл наурызда бүкіл Қазақстанды дүрліктірген іс жабылған жоқ. Аружан Сайынның айтуынша, тергеу жалғасып жатыр.
"Бала анасымен аналар үйінде жатыр. Біздің команда оларға барынша көмектесіп жатыр. Құрманғазы Мүсір Абай ауылынан баланың әжесімен бірге жүретін адвокат іздеп жатыр. Бірақ әзірге табылмады.
Іс жабық түрде жүріп жатыр. Сондықтан ондағы істің мән-жайын біле алмаймыз. Анасы мен адвокаты ештеңе айтпау туралы құжатқа қол қойды. Ал тергеуші менің қоңырауларыма жауап бермейді. Оның үстіне мен әу баста тергеу қызметінің басшылығына брифинг өткізу жайлы ұсыныс тастағанмын. Себебі қазақстандықтардың бәрі дерлік баланың тағдырына алаңдап отыр. Халыққа құрмет көрсетіп, ақпараттандырып отыру қажеттігін жеткіздім.
Тіпті ол болмаса да, баланың құқығын қорғау мәселесінде үнсіз қалғандар мен пойыздан түсіріп алғандар және тағы басқа зиян келтірмек болғандарға қатысты істің мән-жайын білуге халық құқылы. Бұл мәселелер кәмелетке толмаған балаға жасалған зорлыққа қатысы жоқ, ол адамдар өз міндеттерін заңға сүйеніп орындауы тиіс еді.
Бізге берілген бар ақпаратты біз тергеу орнына апарып тапсырамыз. Мәселен, Абай тұрғындары тағы бір құрбанның бар екенін айтқанда біз бұл туралы балалардың құқығын қорғау комитеті мен тергеу қызметін хабардар еттік. Егер қандай да бір деректеріңіз болса, маған жекеге жазыңыздар, біз тергеушілер мен адвокаттардың нөмірін береміз", - деп жазды Сайын Facebook-тегі парақшасында.
Айта кетейік, биыл наурызда «Абай ауылында жеті жасар бала зорланды» деген ақпарат бүкіл Қазақстанды дүрліктірген еді. Деректерге сәйкес, бірінші сыныпта оқитын баланы 5 ай бойы өзінен 7-8 жас үлкен төрт оқушы зорлап келген. Баланың әжесі тиісті органдарға бірнеше мәрте жүгінсе де, тырп етіп қозғалған ешкім болмады.
Бұл іс мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың назарын өзіне аударды. "Қауіпсіздік кеңесінің отырысында да мемлекеттік органдардағы проблемаларды ашық айттым. Мәселен, ОҚО-дағы жоғары сынып оқушылары зорлаған баланың оқиғасы. Іс ұзаққа созылып, туған-туысқандарын әуре-сарсаңға салды. Бәрібір де ештеңе таба алмай, дәлелдей алмадық. Неге екенін білесіздер ме? Барлық жерде туысқандары отырған. Бұл іспен айналысқан полицейлер де – туыстары, жоғары органдарда да туыстар, одан жоғарыда да – туыстары, бәрі істі жабу үшін жасалған", — деген еді президент "Нұр Отан" партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында.
Пікір қалдыру