2006 жылы негізінен бір жыл Атырауда болдым. Қытайдың қызыл паспортымен жүрген кезім. Ықтиярхат шықпаған. Заңсыз жүрген қытайларды ұстағанда мені де қоса ұстап кететін.
Алғаш келгенде ұш-төрт ай әр нені істеп нәпақа тауып жүр едім. Кейін Атыраудан жұмыс шықты. Қытайдың телефон нөмірін алып өзімен сөйлестім. Жұмысқа алатын болды. Оларға аудармашы керек екен. Қалада өскен, жоғары білім алған менің қытайшам жақсы еді.
Қытайлар қаржы құйып қазақтардың атында ашқан, үлкен келісім-шартқа қол жетізген ірі серіктіктерге қызмет істейтін шағын серіктік екен. Қазақстанда заңды құжаттарың толық болмай мандыған жұмысқа тұра алмайсың. Шамасы бұларғада мен секілді қытайша жақсы білетін, алайда заңды құжаттары толық емес адамдар керек секілді. Заңды құжаттарың толық болмаса сенімен ауыз екі келісім болады да, қағаз жүзінде келсімшарт болмайды. Ал, қағаз жүзінде тоқтам болмаса саған зейнетақы да, салық та төлемейді. Әрқандай қоғамдық игілік болмайды. Кез келген уақытта жұмыстан шығарып жіберуі мүмкін.
54 сағат поездға отырып Атырауға бардым. Алтайлық жігіттер күтіп алды. Аты аңыздай жайық өзенін көрдім. Мені жұмысқа шақырған серіктік көлемі үлкен болмасада жағдайы тым нашар серіктік емес секілді. Ауызекі сөйлескеннен кейін "Сені жұмысқа аламыз. Аудармашы боласың. Қалада болмайсың, ұңғыманың басына жібереміз",-деді. Қуанып кеттім.
Туған жеріңнен алыс жүргеннен кейін әртүрлі қиыншылыққа жолығасың. Намсыңа тиетін жайттер де болады. Қайда жүрсең де сыйынарың тек бір Алла ғана..
Көші-қон мекемесінің сақшылары, шекаралық бөлімнің адамдары, полиция адамдары, орта қорғаудың адамдары... Қойшы, әйтеуір тексеріп келетіндер көп. Оларға да реніш жоқ. Жұмысы. Тек заңды есіктен келетін қытайлықтарңа қарағанда, заңды келіп, заңсыз жұмыс істейтін қытайлықтар өте көп болатын. Мен де солардің бірі болып жүрдім, ықтиярхатым қашан қолыма тигенше. Заңсыз еңбек күші ретінде қытай, өзбек, тәжік, қырғыздың азаматтары көп ұсталады. Ал, дамыған елдің азаматтары қазақстанға келіп заң бұзыпты-дегені өте аз естисің.
Жұмыста жүргенімде қытайлармен қатар мені де ұстап алып кетті. Бұл бірінші рет әрі соңғы рет ұсталуым еді. Іштей қатты алаңдадым. Атырау обылысы, Құрманғазы ауданы ішкі істер бөліміне алып келді. Ұсталған қытайлар не ағылшын тілін білмейді, не қазақша білмейді, не орысша білмейді. Әуелі ортақ Бейжің акцентінде сөйлей алмайтындары да бар. "Недеген алаңсыз халық",-деп ойлаймын. Жершарындағы мемлекеттерді "тілден қысылмай аралаймын",-деп бәлкім ағылшындар ғана ойлайтын шығар. Ал, мына қытекеңдерге таңырқамасқа амал жоқ. Қорықпайды, алаңдамайды. Былайша айтқанда кәперсіз. Өздерінің шетелде жүргенін әбден біледі, тек тілдік тұрғыда еш алаң жоқ. Өздерінің оқу-тоқуы да шамалы. Ана басшылық қызмет істейтіндері мен ерекше мамандық иелері болмаса, көбі орта мектеп, орталау, тіпті бастауыштық қана жұғымы бар қытекеңдер. Қандай "Керемет маман иесі" ретінде бұларды ту қытайдан алдыртып отырғанын қытайлардің өздері білмесе кім білсін! Істеген серіктігің қаншалық болса соншалық деңгейдегі адамдармен қарым-қатынаста боласың. Бәлкім, мұндайлардың алаңсыз болатын жөні де бар шығар…
Сегіз қытай ұсталып еді, заңсыз жұмыс істегені үшін. Менімен тоғыз адам. Неге екені белгісіз әкелген мекемеден қайтадан тізіп сыртқа шығарып үш машинамен басқа бір мекемеге әкелді. Шекаралық сақшы мекемесі деп ұқтым өзім. Орынбасар бастығы жас жігіт екен. Кабинетіне сегіз қытаймен бірге мені де алып келді. Ана жігіт кабинетінің төрінде отыр. Аяғын үстелге қойып айқастырып алыпты. Арт жағында Елбасының суреті, Елтаңба мен Мемлекеттік Ту тұр. Бір түрлі елжірей қарадым. Туға да, Елбасының суретіне де.
Қытайлардан біраз сұрақтар сұрады. Мен аударып отырмын. Бір кезде әлгі жас басшы жігіт маған қарап: "Ей, қытайда сен жейтін нан қалмады ма? Қай атаңның басына қаңғырып келдің?" дегені. Қаным басыма шауып кетті. Қорланып кеттім. Намыстан да, ашудан да қалшылдап тұрмын. Бұндай делқұлымен сөз таластырудың да қажеті жоғын Алматыда жүргенде сезінген едім. Үндемедім. Жауап та бермедім. Ешнәрсені де аудармай тұрып алдым. Сосын әлгі жігіт "Мыналардың әр қайсысына мың доллардан штраф саламыз. Сен де мың доллар штраф төлейсің!",-деді. "Саған мың доллар бергенше Қытайға кетіп қалмаймын ба",-деп ойладым. Доллардың Қытай юаньына шаққанда 1:8 кезі. Аз ақша емес. Түскі ас уақыты болды ма, әлде жағы қарысып қасарысқан менен жалықты ма, басқа аудармашы да жоқ, қасымызда селтиіп тұрған екі сақшыға: "Мыналарды алып кетіңдер! Сосын сөйлесеміз!" деді.
Бізді Құрманғазы ауданы ішкі істер бөліміне қайтадан алып келді.
Сақшылар да Қытай тілін білетін аудармашы жоқ болып шықты. Сосын мен аудардым. Сақшылар жазып отырды. Үшінші Қытайды тергеп отырғанда бір денелі кісі кіріп келді. Отырған сақшылардың бәрі атып тұрып әскери құрмет білдірді. Маған қарап :"Қазақсың ба, қарғам?",- деп сұрады. Бағанағының мазағы әлі өртеп отырсада мына кісінің жылы шырайы, жұмсақ үні үміт сыйлағандай болды. Айтарға болмаса анау айтқан мың долларды қайдан тауып беремін деп уайымдап отыр едім. Паспортты жинап алған. Кетейін десеңде кете алмайсың.
"Иә, аға, Қазақпын!"-дедім. Сосын ана кісі:"Мына жігітті қайсысың ұстап әкелген? Қазақтарда нелерің бар сендердің? Кім сендерге Қазақ ұстап әкелсін депті"-деп айғайлады. Ана қытайлардың сөзін жазып отырған жігітке: "Сен бері келіп кетші",- деп шақырып алып кетті. Әудем уақыттан кейін әлгі жігіт қайтып келіп: "Сіздерді бастық кабинетіне шақырады",-деді.
Кабинеті бағанағы бастықтың бөлмесінен де үлкен екен. Ту, Елтаңба, Елбасының суреті қасқайып төрде ілуі тұр. Бағанағы кісі де төрде отыр. Кейін білдім. Осы төрде отырған денелі, қызыл шырайлы, жүзі жылы кісі Құрманғазы аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы екен. Әскери шенін айтып еді, ұмытып қалыппын. Полковник па, подполковник па, әйтеу үлкен шен.
Ана сегіз қытайға қараған жоқ. Менімен көп әңгімелесті. Қашан елге келгенімді, қазіргі жағдайым қандай екенін, қанша айлық алатынымды, тамақ, жатақ жағдайы қандай екенін, неше ағайынды екенімді бәрі-бәрін тізіп сұрап отыр. "Қытайда қанша Қазақ бар? Олардың тұрмыс жағдайы қандай? Ана тілдерінде мектеп барма? Елге келгісі келетін Қазақтар көп пе?"-деп те сұрйды. Сұрағы маған ұнады. Бір сағаттай әңгімелестік. Сосын көмекшісін шақырып: "Мыналарды қамай тұр",-деп сегіз Қытайды көрсетіп "Түстен кейін анықтап сұраңдар! Қаладағы компаниясымен хабарласыңдар. Зәңгері мен директорлары келсін!" деді де, сосын маған қарап :" Мына баурымның паспортын қайтарып беріңдер. Обедтін, жатып дем алар орнын орналастырыңдар",-деді. Сосын:” Қанат, баурым, бізде әзірше Қытай тілін білетін адам жоқ. Қаладан директорларың келсе, басқа аудармашы әкелсе сен боссың. Оған дейін, бізге көмектес, аударыс. Бәрібір сендердің компанияның шаруасы"- деді де орнынан тұрып келіп мені құшақтады: "Мен жай үйлендім. Ерте үйленгенде үлкен ұлым бәлкім сенімен құрдас боларма еді? Біздің Қазақстанда әр жүз адамның қырық тоғызы Қазақ. Бізде басқа ұлттың адамдары көп. Бізге адам керек! Қазақ керек. Қош келдің отаныңа бауырым! Жасымай, еңсеңді тік ұстап жүр" дегені. Қатты толқып кеттім. Көзіме жас келді. Көзімдегі жасты көрсетпеу үшін басымды жерге қаратып изектей беріппін... Елге келгелі көрген көптеген көңілсіздікті мына ағам бір жолда ғана жуа салды.
Кейін жерлік құзырлы органнан тексеріп келсе аудармашыға мені ала кетеді. Ұстап емес, ұсыныспен. Әлі де қытайдың қызыл паспорты менікі. Менің ықтиярхатым әлі шықпаған. Былайша айтқанда “заңсыз еңбек күшімін”. Алайда маған тимейді. Өзім жұмыс істейтін серіктіктің бастығы да мені жібергісі келіп тұратын болды. "Танысы бар"-деп түсініпті ол қытай. Қалтама теңгені толтырып берген соң, келген джиптің алдына отырғызып қояды. Әңгімелесіп, әр нені айтып қалаға барасың. Бір ұялатын жерің кейбір жауапты шені бар, бастықсымақ қытайларды (олардың ішінде де не бір түзу адамдар бар. Тек, еңбек визасыз жұмыс істегені болмаса) машинаның жүк салатын орнына нығарлап отырғызып қояды. Негізі екі мемлекеттің келіскен еңбек визасымен жұмысшыларын қамдау серіктіктің жұмысы. Оған қызметкер кінәлы емес. Тек, еңбек визасын бастықтары мен аса зәру мамандарға ғана алып беріп, қалған қызметкерлеріне теңсіз қарайын Қытай серіктіктерінің әдеті. Адам көп болса адамдық құрмет те арзандап кететін сйяқты ғой.
*** 2006 жылы желтоқсан айында ықиярхатым шықты. 2007 жылы қаңтар айында Алматыға барып алдым. Дипломың бар, заңды құжаттарың бар, неден алаңдайсың? Алла қуат беріп басқа компанияға “түйіндеме” жіберіп едім. Қабылданыппын. Жұмыс алмастырдым. Қазірге дейін сол жұмысты істеп келемін. 2010 жылы азаматтық алдым. 2011 жылы үйлендім. Иншалла, үш баланың әкесімін. Бәрі мейрімі шексіз, теңдессіз құдірет иесі, әлемнің жалғыз жаратушысы Алламының бергені. Бұған да шүкір!
***
Әр жолы Қытайдан біреулер Қазақстанға көшіп келіп, қайтадан Қытайға көшіп кетіпті десе “солар менің ұлтымның теріскей бетін көріп, күнгей бетін көре алмады-ау” деп ойлаймын. Адамның екі беті болады. Ұлттың да екі беті болады. Басқа мемлекеттен Қазақстанға келген Қазақтар қиналса, намысына тиетін сөз естісе, қиыншылыққа жолықса Қазақтарға ренжиді. Билікке ренжиді. Қайтеді енді. Өз қазағы ғой. Егер олар басқа мемлекетте Қазақ елінде көрген шамалы қиыншылғы мен көңілсіздігін көрсе бұлай ренжімес еді. Өйткені ,олар- жат қой. Жаттың аты жат. Туғаныңа болған өкпе мен жатқа болған реніш екі басқа. Өзіңнен күшті жаттан қорлық көрсең де көнесің. Іштен тынып, көнтері болып тірлігіңді жалғастыра бересің. Амалың жоқ. Ал, бірге туғанға ренішің болса тарс кетесің. Өйткені ол сенің туғаның. Қандасың, туысың. Тусыңа еркелемей кімге еркелейсің! Сенің еркелігіңді бір туғаннан басқа кім көтереді? Туыс басқаға қисада өлімге қимайды. Бұрыннан солай. Тек, осыны білсе де жете сезінбейді-ау көп адам. Болмаса ауылдастарына “қара бет” атанып қайта көшіп бара ма? Басқа елде бар жұмыс, екі қолға бір күрек Қазақ елінде де бар. Солар қайта келсе Қазақ елінің құшағы әр қашан ашық тұратынына сенімім кәміл.
Бұл елге оралып келген екенсің, ендеше қоғамдық мәселелерге ұлттық, үйренген таптық көзқараспен қарауға болмайды. Адами себебін ізде. Жұрт қатарлы еңбек қыл. Алланың әрбір пендесіне берері бар.
Сіздерге әрдайым Қазақтың оң бетін ,күнгей бетін көруді нәсіп қылсын! Теріскейі бар жердің күнгейі шуақты болатынын ұмытпаңыздар әрқашан!
Қалымқанұлы Қанатбек
2014 жыл 22 қыркүйек. Қызылорда. Құмкөл мұнай алабы. Түн.