Астанада «Қазақ хандығы. Алтын тақ» фильмінің тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі «Қазақфильм» киностудиясының ресми сайтына сілтеме жасап.
«Алтын тақ» тарихи туындысы «Қазақ хандығы» киносериалының екінші маусымы. Оның алғашқы көрермендері еліміздің барлық аймақтарынан «Нұр Отан» партиясының мерейтойлық съезіне келген делегаттар болды.
Тұсаукесер елордадағы «Қазақстан» орталық концерт залында өтті. Тарихи туындының авторы - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Тұсаукесер барысында кинотуындыға қатысқан шығармашылық құрам мен актерлер қызыл кілеммен жүріп өтті. «Қазақ хандығы» киножобасы Елбасының бастамасы бойынша қолға алынды және халықтың рухани жаңғыруына бағытталған. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты ұлттық мәдениетті, ұлттық кодты сақтай білу екендігін айтты. Олар сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайтындығын атап өткен болатын. Фильмде тарих қана емес, көшпенді халықтың бай мәдениеті, оның тыныс-тіршілігі бейнеленген. Сонымен қатар, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында көтерілген мәселелер фильмде көрініс тапты», - деді Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Фильм прокатқа биылғы наурыз айында шығады. Көп сериялы картинаны ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Centaurus Rustem Abdrashev production» ЖШС-нің қатысуымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірді. Екінші маусымның оқиға желісі Жәнібек пен Керей хандардың Әбілқайыр Шайбани ұрпақтарымен Қазақ хандығының Сығанақтағы тағы үшін таласы айналасында өрбиді. Бұл қазақ хандығындағы ең күрделі кезеңдерінің бірі.
Фильмнің режиссері - Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, кинорежиссер, сценарист және суретші Рүстем Әбдіраш. Ол «Құрақ көрпе», «Қаладан келген қыз», «Сталинге сыйлық», Елбасы жолы киноэпопеясының: «Балалық шағымның аспаны», «От-өзен», «Теміртау», «Тығырықтан жол тапқан» және «Қазақ хандығы. Алмас қылыш» атты кинотуындылардың авторы. «Қазақ хандығы» сериалының бірінші маусымы отандастарымыздың тарихқа деген қызығушылығын оятты. Шығармашылық топтың атына көптеген алғыс хаттар келіп түсті, ғаламтор және әлеуметтік желілер арқылы жылы лебіздер алдық. Көптеген пікірталастар мен сындар да болды. Халық тарапынан осы жобаның жалғасын түсірсе екен деген тілегін аңғардық. Бұл біз үшін өте маңызды» деп атап өтті фильмнің режиссері Рүстем Әбдіраш.
10 сериядан тұратын тарихи сериалдың екінші маусымының сценарийін жазуға бірінші маусымның авторлары Тимур Жақсылықов, Смағұл Елубай, Рүстем Әбдіраш қатысты. Тарихи киноның түсірілімдері Алматы облысында мамырдың басында басталған еді. Кейінірек түсірілім тобы Түркістан облысында орналасқан «Елтай» ауылы маңындағы «Иір су» жайлауына ауысты. Түсірілім тобы режиссер Рүстем Әбдіраштің бастауымен Керей мен Жәнібек хандардың тұрағын - төрелердің ауылын жасап шықты. Шайбанилар мен Қазақ хандығының үлкен ұрыс сахнасы да жайлауда түсірілген. Сонымен қатар, түсірілімдер Қазақстанның тарихи қалалары - Тараз және Түркістанда өтті.
«Екінші маусымның аты айтып тұрғандай «Қазақ хандығы. Алтын тақ». Қазақ хандығындағы ең бір күрделі кезеңдердің бірі. Жәнібек пен Керейдің Әбілқайыр Шайбани ұрпақтарымен Қазақ хандығының Сығанақтағы тағы үшін тақ таласы. Бұл маусымда тақты, Ақорданың астанасы Сығанақты қайтару сынды маңызды оқиғалардың айналасында өрбиді.
Бірінші маусыммен салыстырғанда бұл, әрине, әлдеқайда қызығырақ, динамикасы жағынан жылдам. Экшн көп болады. Көрерменге қызықты болады деген ойдамын», - деді фильмнің бас продюсері Арман Әсенов.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуына байланысты жасалған сериалдың бірінші маусымының телевизиялық тұсаукесері 2017 жылдың наурызында өткен болатын.
Сондай-ақ, сол жылы қаңтар айында «Алмас қылыш» атты кинонұсқасы жалпыұлттық прокатқа шықты.
Қоюшы-режиссері: Рүстем Әбдіраш
Сценарий авторлары: Смағұл Елубай, Тимур Жақсылықов, Рүстем Әбдіраш
Қоюшы суретші: Мұрат Карипов
Қоюшы операторлары: Сапар Койчуманов, Александр Плотников
Костюм жөніндегі суретші: Ажар Әубәкірова
Бет әрлеуші суретші: Сергей Маурин
Бас продюсері: Арман Әсенов
Композиторы: Әбілқайыр Әбдіраш
Редакторы: Ерлан Төлеутай
Басты рөлде: Қайрат Кемалов, Еркебұлан Дайыров, Досхан Жолжақсынов, Иісбек Әбілмәжинов, Аян Өтепберген, Мейірғат Амангелдин, Ниязбек Шайсұлтанов, Бекболат Тілеухан, Арман Қожа, Шұғыла Сапарғали, Мадина Есманова, Ғазиза Тілеубай, Қарлығаш Мұхамеджанова, Іңкәр Әбдіраш, Фариза Ескермесова, Әшілер Сүлейменов және басқалар.
Пікір қалдыру