Краковта жауып тұр қар қылаулап, Аппақ түске боялмақ барлық аумақ. Бар сұлулық Висла өзенінде, Тарануда топ аққу жанды баурап. Көріністен тұр көңіл өлең аулап, Сыр бермейді мүлгіген керенау бақ. От шашады мүсіні айдаһардың, Дегендейін жүріңдер менен аулақ. Самарқаулық біздерге танытпастан, Иба, ізет бойына қалыптасқан, - Кең жүректі польяктың екі қызы, Жол көрсетіп келеді жалықпастан. Жаңа достар салып жүр бар ынтасын, (Әлі талай екі қыз сағынтасың...) Біздің елге келіңдер, айналайын, Сол құрметтің көріңдер қарымтасын. ...Толқып тұрмыз Висла жағасында, Небір сұлу құстардың бәрі осында. Жауған ақ қар, аққулар, екі қыздың, Байланыс бар ұққанға арасында. Жалғасындай жайдары есті ананың, Түсірмеді сылқымдар еш қабағын. Ең әдемі сәттерім жан тербетсе, Ең әуелі сендерді еске аламын.
Торундегі түнКөз байлауға қамданды кешкі дала, Қарақоңыр түске енді ескі қала. Жасанды шам көшеге сән бергенмен, Бар жарығы аспанның өшті жаңа. Жарқырайды қайтадан таң атады, Құбылыстар туады жаңа тағы. Ату үшін асыққан Күн сияқты, Дөңгеленіп дүние бара атады... Кеңге жайды қанатын қала түні, Қанша жерге белгілі баратыны... Менің ойымдағыдай жыр жаза алмас, Жиылса да Торунның бар ақыны. Қысқан кезде бойымды дара шабыт, Топтан қашып іздеймін оңашалық. Жылдам жазып алмасам ауырамын, Қылдан нәзік жаныма жара салып. Тұлғам жырға толғанда, жуған нұрға, Қызық болмас сауығың, думаның да... Таңсық емес Галилей, Коперник те, Фараби топырағында туған ұлға. «Қайтыңдар деп бұл жақтан өмір көріп», Торун бізге тұр, міне, төрін беріп. Түн өлеңге, ал өзім түнге сіңіп, Асқақ басып келемін көңілденіп.
ҚалқатайымЖайт екен ғой ғашықтық әсте әурелі,
Сол сұлуды сағындым Мәскеудегі. Көз алдымнан сырғуда нелер елес, Тебірентіп тәтті шақ жас кеудені. Аңсарымды аудырып қарашығың, Келтіретін көңілдің жарасымын,- Қалқам, қалай көтеріп жүр екенсің, Келбетіңе қадалған дала сұғын. Жылы ұшырап көзіне баурағасын, Мұңды етесің талайдың сау баласын. Сымбатыңа иманмен суғарылған, Бар әлемнің назарын аударасың. Ойымдағы өзіңсің асыл үміт, Ардақтысын етер ме ғашық ұмыт. Көрсетпеймін әзірше сені ешкімге, Жұрт көзінен жүре тұр жасырынып... Қалқатайым жаралған ізгі арманнан, Жүрегімді қайтейін сыздар болған. Соның бәрі өзіңді сағынғаннан, Соның бәрі өзіңді қызғанғаннан. Куә етердей бойды алар назыңа ертең, Сағыныштың шертуде сазын өлкем... Мендік күйді жүрсің бе сен де кешіп, Нәркес жанар, наз үнді нәзік еркем.
Түнгі жырЖасаған құлын Айды мертіктірме, Келеді аспан төсі бөртіп түнде. Есіме түсті қарғам, Шақта осынау, Жүр екен менсіз сырын шертіп кімге?! Жұлдызы бөртіп төске ұрған аспан, Құс жолы соқпақ па еді қырға қашқан. Көмкерген кереметті Көк күмбезі, Өзіңдей ғашық едім жырға бастан. Басылмай көңілімнің елеңдесі, Көшеді көкірегімде өлең көші. Көліктің көшедегі жарығымен, Ағаштың бөлмеме енді көлеңкесі. Отырмын сан ойларға беріліп мен, Өмірім өтіп жатыр серілікпен. Еседі пенде-ғұмыр шаттық іздеп, Бір бақыт қайдасың деп мені күткен. Бастаған аяқ-қолы жансыздана, Тіріліп, серпіледі қамсыз қала. Төңірек боялды әне бозаң нұрға, Оянды тіршілік те таң сыздана. Бұл да бір табиғаттың сазы-дағы, Жарасқан жаз қылықтың назына әні. Түндегі бөрткен дене асқынбастан, Ақ күннің шуағымен жазылады.
АспанАйналдырып тауларды баспалдаққа, Шақырардай сол әлем дос болмаққа. Жүргеніммен жер басып ісім болмай, Неге елеңдей беремін аспан жаққа?! Хабар беріп қалардай бір шындықтан, Зеңгір Көкке қараймын тылсым бұққан. Жұмбағы мол дүние жымыңдайды, Жүректегі беймаза дүрсілді ұққан. Айтатындай сырларын ақтарып бар, Іркес- тіркес жүзеді мақта бұлттар. Аспан кейде ғаламды ақпен бояп, Қанатынан төгеді шаттанып қар. Бала шақта жетелеп өрге мұрат, Сермегенмен құлашты кеңге бірақ,- Шатырласа назағай шошушы едім, Кететіндей қара аспан жерге құлап. Жарық берер сәулелі нұрланып күн, Ай, жұлдызын сонан соң тұр жағып түн. От пенен шам бұлардың көшірмесі, Бәрі сенде екен- ау шын жарықтың. Заңғарлықты паңдықпен тұғыр еттің, Құйды нөсер... бірі ме ең мұңы көптің?! Аспан, неге жылайсың ағыл -тегіл, Бола тұра мекені құдіреттің? Күмбірлеген кеудеңе саз ба сіңген, Үйлесімің барында тозбас іргең. Жағал- жағал осынау тіршілікті, Тазалайын дедің бе көз жасыңмен?!...
Таңғы шықТүнгі бұлттар жауынын бүркіді де, Кер даланың шық қонды кірпігіне. Шоқ гүлдердің жанары тұр жәудіреп, Алып ұшқан сезімін іркіді не?! Тиын көз, таңғы шықтай мөлдіреген, Мысалы, қарашықтай көл бір өлең. Мөлтілдеп түннің жасы жерге сіңер, Қылмастан қағып түскен желді де елең. Жұпар исін аңқытып жаздағы өңір, Аңқаңды ашып салады сазға небір. Мөлдір шықтар болмысын сақтап өтер, Маңдайына жазса да аз ғана өмір. Мөлдір ойлар тізілді парағыма, Көшірмесі дәл оның дала мына. Таңғы шықтар жымыңдар жұлдыздардай, Кеңістікті сыйдырып жанарына!
Пікір қалдыру