Жабайы жылқының құлынының тұлыбы 2018 жылы Якутияда табылды. Ол шамамен 42 мың жыл бұрын өлген деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі ТАСС сайтына сілтеме жасап.
Солтүстік-Шығыс федералдық университетінің ғалымдары 42 мың жыл бұрынғы құлынды зерттеу барысында оның жүрегінен сұйық қан тауып алған. Зерттеу нысанына айналған құлынның ішкі ағзаларының барлығы сақталған. Тіпті, ішкі қан тамырлары, бұлшық еттері қызыл түсін жоғалтпапты. Терісінің басы бөлігіндегі түгі де қаз-қалпында. Осынша уақытта тамаша жағдайда сақталған археологиялық табыс ғалымдарды таң қалдыруда.
Якутияның шығыс бөлігі ғалымдарды таң қалдырудан жалыққан емес. 2009 жылы 4,4 мың жыл бұрын өмір сүрген үлкен жылқының мүрдесі және 8,2 мың жыл бұрын өмір сүрген бизон бұзауының қалдықтары табылып, археолог ғалымдарға үлкен табыс болған.
Әлгі табылған құлынның сақталу деңгейі керемет деп бағалауда ғалымдар. Тұлыпты Солтүстік-Шығыс университетінің Мамонттар мұражайына берді. Зерттеу нәтижесінде құлынның туғаннан кейін екі апта шамасында өлгені анықталған. Ол балшыққа құлап, өлген бойда қатып қалған. Оның тамаша сақталу себебі де – осы.
"Ас қорыту мүшелерінде лай мен балшық бар екен. Оның бәрін құлын өлер алдында жұтқан секілді", - дейді Мамонттар мұражайының директоры Семен Григорьев.
Біршама уақыт бұрын мұражай қызметкерлері құлынның ішкі ағзаларына мұқият тексеру жүргізген. Сол кезде оның жүрегінде сұйық қан сақталғаны анықталды. Сондай-ақ, зерттеу нысанының құйрық-жалы, түгі қаз-қалпында сақталған.
"Тексеру нәтижесінде табылған сұйық қан оның қатып сақталғанының арқасында. Жүрек тамырларындағы сұйық қан 42 мың жыл бойы бір қалыпты ұстап тұрған. Бұлшық еттер де өздерінің табиғи қызыл түсін жоғалтпаған. Біз бұл археологиялық табысты адамзат тарихындағы ең тамаша сақталған дүние деп сенімді түрде айта аламыз", - дейді Григорьев.
Осы уақытқа дейін Якутия жерінен табылған мұздық дәуірінің табыстарының бір-екеуін айтып өттік жоғарыда. Сондай-ақ, бұл маңнан түгі сақталған мамаонт қалдығы, 2017 жылдың күзінде арыстан күшігінің мумиясы табылып, ғалымдарды табысқа кенелткен.
Аударған: Әділет Мәдениет
Пікір қалдыру