Қазіргі заманда адамның кез-келген күрделі жағдайларды жеңе білу қабілетіне әсер ететін үш негізгі психологиялық сипат бар деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
- Зияткерлілік коэффициенті (IQ)
Зияткерлілік коэффициент – (ағыл.т IQ — intelligence quotient,) адамдардың тез қабылдағыштығы мен ақылдылығына берілетін баға. Оны арнайы жасалған тест арқылы, қарапайым адамдардың ойлауы мен ақылдылығына қарап салыстыра анықтайды. IQ жоғары адамдар беделді қызметтерде істейді және мансапта табысқа жету пайызы жоғары. Мұның басты себебі, IQ деңгейінің жоғарылығы адамға жаңа мәселелерді тезірек үйренуге және шешуге көмектеседі. IQ тесттерін орташа есепке теңестіріп, шамамен 100 деп алатын болсақ, 50% адамдардың IQ-і 90 мен 110-ның арасында болуы тиіс немесе 25 % адамдардың IQ-і 90-нан төмен, 110-нан жоғары болуы керек. Ал 70%-ға жетпеген адамдардың ақыл-есі жетілмеген болып саналады.
- Эмоционалды интеллект (EQ)
Эмоционалды интелект деп қарапайым қазақи тілмен айтқанда, адамның мінезі немесе адамның өз сезімдерін басқара алуы.
Эмоционалды интеллектінің негізгі құрушылары:
– Өзіндік сана-сезім. Бұл адамның өз эмоцияларын тани білу, талдай алу және оларды дұрыс талқылау қабілеті.
– Өзін - өзі ұстау. Әсіресе, өте қиын жағдайда эмоциялық теңгерімін сақтай алуы.
– Әлеуметтік сана. Басқаша айтқанда, бұл – айналаңдағы адамдарды түсіне білу. Оларға эмоциялық жағдайын ескере отырып, маңындағылармен өзара әрекеттесу және байланыс құру қабілеті.
Барлық дерлік жетістікке өз күшімен жеткен атақты бай адамдардың, үлкен компаниялардың басшыларының эмоционалды интелектісі жоғары екенін зерттеу жұмыстары көрсетіп берген. Ақылдан бөлек адамның мінезі жетістікке жетуге тікелей қатысы бары дәлелденді.
- Адамның өмірлік күш-қуатының өлшемі - VQ (Vitality Quotient)
Адамның өмір сүруге деген құштарлығы, мінез-құлқы, айналасындағы адамдарға әсері, өзіндік энергиясы – күш-қуат интелектісімен өлшенеді. Бұл түсінікті ғылымға француз психологы Пьер Касс енгізген. VQ – қозғаушы күш, адам өмірінің стимуляторы. Адамдардың шыдамдылығы, әсіресе, бір жұмыста ұзақ уақыт бойы сақтап қалуға және өз мүмкіндіктерін ешқандай қиындыққа қарамай пайдалануға ұмтылу қабілеті. Бір сөзбен айтқанда, VQ – өмір сүруге деген ұмтылыс. VQ жоғары адамның физикалық, интеллектуалды және тіпті эмоциялық мықты болады.
IQ, EQ және VQ деңгейлері әр адамда бар табиғи қасиеттер болып табылады, алайда сіз оларды дамыту өз қолыңызда екенін ескеріңіз. Сіз үнемі жаңа білім алуға қызығушылық танытасыз ба, әлде адамдармен қарым-қатынас жасауға бейімсіз бе, сіз оларға әсер ете аласыз ба, сізде өмірлік күш-қуат бар ма, адамдарға басшылық жасай аласыз ба және ең бастысы айтылған үш интеллектіні қаншалықты теңдестіре алатыныңыз туралы ойланып көріңіз.
Өз-өзіңізді түсіне алсаңыз, көп жақты ойлану арқылы өзіңіздің қабілеттеріңізді дамытып, әлеуетіңізді арттыра аласыз, осылай өмірде де, мансапта да биік жетістікке жете аласыз. Есте сақтайтын нәрсе, өзіңіз сүйетін іспен шұғылдануыңыз маңызды, ол сіздің ақыл-ой мен өмірлік энергияңызды арттырады.
Пікір қалдыру