Таразда зергерлер мен қолөнер шеберлерінің қалашығы ашылды (фоторепортаж)

/uploads/thumbnail/20190523174401337_small.jpg

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясында Жамбыл облысында баянды бастамалар қолға алынып, жарқын жобалар жүзеге асуда. Әсіресе, ұлттық құндылықтарды ұлықтауға, тереңнен тамыр тартатын тектілігімізді дәріптеуге басымдық берілуде. Сонымен қатар жауһар жәдігерлерді насихаттау арқылы төл тарихымыздың тағылымын танытуға да айрықша көңіл бөлінуде.  Осы орайда Жамбыл облысы әкімдігі туризм басқармасының ұйымдастыруымен ортағасырлық Төрткүл сарай кешенінде  «Көне Тараз шеберлерінің» қалашығы ашылды.

Төрткүл

Айта кету керек, құтты құндылықтардың ордасына айналған қалашықтың есігі алты ай айқара ашық болмақ. Яғни әр аптаның демалыс һәм мереке күндері қала қонақтары мен тұрғындары емін-еркін этноауылға бас сұғып, өміршең өнер туындыларын тамашалай алады.

Төрткүл

 

Ұлттық нақышта киініп, қаздай тізілген аналар, алтыбақанның сәнін кіргізген жастар, адырна тартып, нысанаға жебе сілтеген жұмыр жігіттер, ән мен жырдан шашу шашқан өнерпаздар, осының барлығы ортағасырлық тарихтың куәсі болған Төрткүл сарай кешенін салтанатқа бөледі. Шет елден келген қонақтарға да, шаһардың жергілікті халқына да шарапатты шаттық сыйлады.    

Төрткүл

Төрткүл

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақ ауылы» этно-жобасын құрудың басты мақсаты - көне Тараз дәстүрін, көшпенділердің бірегей, жарқын және айқын мәдениетін, өткен тарихын жаңғырту. Ұлттық-мәдени кешен қонақтарды қазақ халқының бай тарихымен, мәдениетімен, өнерімен және салт-дәстүрімен таныстырады. Кешенде кез келген адам көшпенділер өркениетінің этно мәдени ортасын сезіне алады және ауылдың күнделікті, мерекелік өміріне көз жүгіртуге толығымен ие болады. Этноауылда қазақ музыкалық және театр өнерінің фестивальдері, қолөнер шеберлерінің мастер-класстары, ұлттық тағамдар, қолөнер және көркем өнер көрмелері, этникалық музыкалық фестивальдар, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар және басқа да іс-шаралар өтеді. Атап айтқанда «Дәстүрлі аң аулау түрлері», «Ұлттық ойындар мен ойын-сауық», «Ұлттық тағам»,  «Қазақ музыкалық-театр өнері», «Қолөнершілер» секторларын тамашалаған адам қазақ халқының әдет-ғұрыпы, салт-санасы жайлы мол ақпарат алатыны сөзсіз,-дейді облыс әкімдігі туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова.   

жамбыл

Шара барысында Қазақстан қолөнершілер одағының төрайымы Айжан Беккулова сөз тізгіндеп, сан ғасырлар бойы талайды тәнті етіп, ұрпақтан ұрпаққа мирас болып жеткен қолөнердің қыр-сырын, үлгі-өнегесін кеңінен әңгімелеп, тараздық шеберлердің шедеврлеріне қолдау білдіріп, шабыт сыйлаған һәм осы шараны ұйымдастырушыларға алғыс білдірді. Сахнада ән мен жыр төгілсе, этноауыл маңында зергерлер өздерінің әшекей бұйымдарын, тоқылған, өрілген өнер туындыларын халыққа таныстырды.

Төрткүл

жамбыл

жамбыл

Оның ішінде домбыраның қалай жасалатынына дейін көрсетілді. Qazaq-Oner қолөнершілер орталығының басшысы Айгүл Жансерікова мен Орталық Азия қолөнершілерді қолдау қауымдастығының (CACSA) президенті Мукаррама Каюмова көпшілікке қолөнер тақырыбынды шеберлік сағаттарын өткізді. Жалпы өткен жылы өңірге 400 мыңнан астам турист келіпті.  Олармен жүргізілген сауалнама қорытындысы осындай шеберлер қалашығын  ашуға сеп болған көрінеді.

жамбыл

Төрткүл

Маңызды шараға арнайы алыстан ат терлетіп жеткен өнер мамандары мен сарапшылар аз болған жоқ. Германия, Болгария, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен келген майталмандар да қазақтың қыраны қалықтап, тазы ойнаған, қымыз сапырылып, тарихпен сырласқан этноауылдан табылды. Өздерінің мол тәжірибесімен бөлісті. Таң сәріден кешке дейін жалғасқан шараның соңында сала майталмандары, қала меймандарымен әріптестік байланыс нығайып, өңідегі туризм мен өнерді дамыту мақсатында бірқатар меморандумға қол қойылды.

Жойқын Жігер

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар