Жанболат Мамай: Арон Атабек, Макс Боқаев, Мұхтар Жәкішев түрмеде отырған шақта, билікпен диалог орнату мүмкін емес

/image/2019/06/17/mycollages-2.jpg

Құрметті Марғұлан Қалиұлы! Жеке өзіңіздің білдірген сеніміңіз үшін көп рақмет! Мен де Сізді қазақ елінің патриот азаматы, ел, жер үшін тынбай еңбектенетін, аса дарынды ұлы деп білемін. 

Қоғамдық комиссияға қатысты менің пікірім төмендегідей. Меніңше, бұл комиссияға Сіз сияқты тұлғалар және басқа да бірқатар адал азаматтар кіруі үшін билік ең алдымен, бірқатар маңызды қадамдарға баруы тиіс. Ол бірінші кезекте – саяси тұтқындарды босату. Арон Атабек, Макс Боқаев, Мұхтар Жәкішев және басқа да азаматтарымыз түрмеде отырған шақта, билікпен диалог орнату мүмкін емес. «Қылыш үстінде серт жүрмейтіні» сияқты, бейбіт митингіге шыққан адамдарды мыңдап түрмеге жауып, ең белсенділері тұлғаларды түрмеде ұстап отырған биліктің алдына барып, онымен келіссөз жүргізу дұрыс емес деп санаймын. Ақорда қоғаммен қандай да келісім, келіссөз жүргізбестен бұрын өздері жазықсыз, саяси себептермен соттаған тұлғаларды дереу босатуы тиіс. 


Бұл іс-шарамен қатар биліктің тағы бір жасауы тиіс қадамы – ол, әрине «Саяси партиялар туралы», «Сайлау туралы», Бейбіт жиындар туралы заңдарға өзгеріс енгізуі тиіс. Мен сіздің ұсынысыңызды толық қолдаймын: парламент депутаттарын сайлау 50/50, яғни мажоритарлы және партиялық жүйемен өткені абзал. Сонда парламентке тәуелсіз, адал, халықтың сөзін сөйлейтін тұлғалар өте алады. Бейбіт митингілер бойынша да билік өз көзқарасын түбегейлі өзгертуі тиіс. Бұл заңдар туралы сын бұрын да айтылып жүр, билік қандай өзгерістер енгізуі қажеттігін біледі. Әзірше, олардың аузынан бұл заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енеді, реформалар болады дегенді естімедім. Бар болғаны – Тоқаевтың митингі өткізуге арнайы жер береміз дегені болды. Ондай жер қазір де бар. Алматыда «Сарыарқа» кинотеатрының арты. Бірақ, оған біріншіден, халық өзі де бармайды, екіншіден, міне, 2011 жылдан бастап оның өзіне билік бейбіт жиын өткізуге рұқсат берген емес. 


Одан кейінгі мәселе – бұл комиссияның мәртебесі жайында. Ол заң қабылдай алмаса, оның нақты құзіреті жоқ болса, онда бұл кезекті алдау болады, меніңше. Егер билік қоғамды шынайы реформалар бастайтынына сендіргісі келсе, ең бірінші кезекте, жоғарыда айтқанымдай, заңды өзгертіп, әділетті парламент сайлауын өткізуі тиіс. Менен артық білесіз, ол елдерде өмір сүрдіңіз, демократиялық мемлекеттерде парламент – халықтың өкілдері отыратын орын. Бізде неге дәл сондай парламент болмайды? Егер парламент мықты болса, депутатттары шынайы халықтың ықыласымен отырса, қосымша комиссия құрудың қажеті де болмас еді. Тіпті халық митингіге емес, дәл осы парламентке келіп, депуттатар арқылы қоғамда өзгеріс жасауға ұмтылар еді. 


Сондықтан, қазіргі жағдайда, билік әлі де нақты қадамдарға бармаған тұста, қандай да комиссия арқылы саяси реформалар болады дегенге сенімім аз. Ең соңғы мысал – жер комиссиясы. Ол жерде негізінен барлығы шенеуніктер мен депутаттар болды, аз ғана адамды қоғамдық күштерден қосты. Нәтижесі – бәрібір проблема шешілген жоқ. Бар болғаны жерді сатуға және жалға беруге мораторий жарияланып, мәселені кейінге ысырып қойды. Бұл комиссия да соның кебін құшып, тағдырын қайталамай ма? Осы жолы да билік комиссия қатарына ондаған өзінің жандайшаптарын қосады да, арасына Қосанов пен оның айналасындағы саяси алаяқтарды жібереді. Ал Сіз сияқты биліктен қандай да преференция сұрамайтын, сатылмайтын адамдарды азшылық етеді. Шешім көпшіліктің даусымен қабылданады түсінікті. 


Тоқсан сөздің тобықтай түйіні, менің пікірім мынадай: билік бірінші қадамды жасап, жоғарыда атағандай, бірқатар өзгерістерді қолға алуы тиіс. Келесі мәселе: бұл комиссияның Конституциялық құзіреті болып, заңдарға, тіпті Конституцияға өзгерістер енгізуді ұсына алатын мүмкіндігі болса және оны өзіңіз сияқты адал азаматтарға басқаруға мүмкіндік берсе, онда бұл жобаның мәні мен мазмұны болады деп санаймын. Ал егер бұның бірі де орындалмай, бұл Ақорда саяси технологтарының кезекті халықты алдау жобасы болса, оған барудың қажеті шамалы. Қоғамда онсыз да халық сенетін, адал, ақ азаматтар көп емес. Бұл комиссияға билік елде қалған сондай тұлғаларды кіргізіп, абыройын шашуға тырысуы мүмкін. Сондықтан, мұндай жобалардан өзіңіз сияқты елдің ықыласына бөленген азаматтар сақ болса, биліктің кезекті алдауына ұрынбаса деймін.

Оқи отырыңыз:

♦ Марғұлан Сейсембай: "Ұлттық Қоғамдық Сенiм Кеңесi" мүмкiндiк пе, алдау ма?"

Жанболат Мамай

Фейсбук парақшасынан

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар