Бүгін, 3 қыркүйекте Жаңаөзенде бес жүзге жуық қала тұрғыны алаңға шықты деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Бұл туралы Tengrinews.kz хабарлады. Сайттың жазуынша, наразы халықпен сөйлесуге Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Тұрымов келген.
Тұрымов жиналғандардың талаптарын тыңдап, тұрғындарды толғандырған мәселелер бойынша жеке қабылдауға шақырды. Ол сондай-ақ, жиналғандарға Қазақстан жерінде Қытай кәсіпорындары мен зауыттары салынбайтынын айтқан.
Наразылар өздерімен сөйлесуге "президент Қасым-Жомарт Тоқаев келсін" деген талап қойып жатыр.
Кеше, 2 қыркүйекте Жаңаөзенде 100-ге жуық адам биліктің "Қазақстан жерінде Қытаймен бірігіп 55 зауыт салу" туралы шешіміне қарсылық білдіріп әкімдік маңына жиналған. Ол ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан 11-12 қыркүйекте Қытайға жоспарланған ресми сапарынан бас тартуды талап етті.
30 тамызда Нұр-Сұлтанда да белсенділердің "Қытай экспансиясы мен 51 зауытын салуға қарсы халық құрылтайы" деп аталған жиын өткен.
2019 жылдың 19 наурызына дейін Қазақстанды 30 жылға жуық үздіксіз билеген Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы сәуірде Қытай басылымдарына берген сұхбатында Қытайдың Қазақстандағы 55 ірі жобасының 15-і жұмысын бастағанын, 11 нысан биыл пайдалануға берілетінін айтқан.
Пікір қалдыру