Ы.Дүкенұлы атындағы Тараз қалалық мәдениет үйінде оңтүстік аймақтағы ішкі істер органдарының қызметкерлері арасында «Ән жүректе – туған жер» атты патриоттық ән арт фестивалінің өңірлік конкурсы өтті деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Патриоттық ән өнері байқауы ішкі істер органдары қызметкерлерінің рухани деңгейі мен патриоттық тәрбиесін жетілдіруге, оларды ұлттық және әлемдік мәдениет пен өнермен таныстыруға, ұжымдардағы моральдық-психологиялық ахуалды жақсартуға, сондай-ақ Қазақстанның жағымды имиджін нығайту мақсатында ұйымдастырылды. Конкурсқа Алматы және Түркістан облыстарының полиция департаменттерінің, Алматы және Шымкент қалаларының, Алматы облысының мамандандырылған күзет қызметі басқармасы, сонымен қатар өзіміздің облыстық полиция департаменті, қылмыстық-атқару жүйесі департаменті және мамандандырылған күзет қызметі басқармасы шығармашылық ұжымдары қатысып, өнерлерін ортаға салды.
Шараның ашылу салтанатына қатысқан аймақ басшысының орынбасары Сұлушаш Құрманбекова Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс екендігі айтылғанын тілге тиек етіп, құқық қорғау саласындағы мамандардың рухы биік болуы қажеттігін жеткізді. Сондықтан ұлттық рухты көтеруде ән өнерінің алатын маңызы жоғары екендігіне баса айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Өз кезегінде облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары, полиция полковнигі Бақытжан Ералин конкурс Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының және Жастар жылы аясында ұйымдастырылып жатқанын жеткізді.
– Полиция қызметкерлерінің жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беруде жауапкершілігі жоғары. Әрі олардың туған жерге деген махаббат сезімі, жоғары азаматтық ұстанымды және даңқты дәстүрдің адал ізбасарлары болуға деген ұмтылысы жастарға үлгі болуға тиіс. Сондықтан олар өз елінің патриоты болулары керек. Осы орайда біз жас қызметкерлер арасында патриоттық әндердің ең жақсы үлгілерін насихаттай отырып, кейінгі толқынға эстетикалық талғам, мемлекетіміздің тарихына құрмет сезімін ұялатуды мақсат еттік, – деді Б.Ералин.
Жалпы байқауда қатысушылар эстрадалық, академиялық және халықтық стильде патриоттық шығармаларды дуэт, трио және квартет болып орындау бойынша үш номинацияда бақ сынады. Өз кезегінде қазылар алқасы олардың таңдаған репертуарларының көркемдік құндылығы, орындау шеберлігі, сахна мәдениетіне баға берді. Бірақ қазылар алқасына үздіктердің үздігін анықтау оңайға түспеді. Себебі қатысушылар өте жоғары деңгейде өнер көрсетіп, құқық қорғау саласындағы қызметтерінен бөлек өнерге де таласы бар екендіктерін байқатты. Дегенмен дуэтпен ән айтуда Алматы облысының
мамандандырылған күзет қызметі басқармасы қызметкерлерінің көрсеткен өнері өзгелерден ерекшеленіп тұрды. Трио ретінде ән орындауда Жамбыл облысының мамандандырылған күзет қызметі басқармасының өнерпаздары мықты екендіктерін дәлелдей білсе, Алматы қалалық полиция департаментінің төрттігі квартеттер арасында үздік деп танылды.
Өңірлік конкурстың жеңімпаздары қазан айының 14-16 жұлдызы аралығында Петропавл қаласында өтетін республикалық фестивальде бақ сынайды
Пікір қалдыру