Бұқаралық спортты дамыту мемлекетіміздің ұстанған басты бағыттарынң бірі. Әсіресе жастар арасында саламатты өмір салтын қалыптастырудың маңыздылығы зор. Және жастарды дене шынықтыруға тәрбиелеуде президенттік сынамалардың алар орны ерек. Осыған орай жастар Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылының орталық стадионына жиналып, бес спорт түрлерінен президенттік сынама тапсырды деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Айта кету керек, еліміздегі «Халықтардың дене шынықтыру даярлығының президенттік сынамалары туралы» Ереже Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 24 маусымдағы №774 қаулысымен қабылданған болатын. Жалпы, президенттік сынамалар – халықтың оқуға, еңбекке, әскери қызметке дайындығының жалпы жаттығулар жиынтығы болып табылады.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасының президенттік тесті бойынша спорт түрлерінен ұйымдастырылған аудандық жарыс Қазақстан Республикасының V чемпионатына Жамбыл облысының құрама командасын жасақтау үшін облыстық кезеңге аудан құрамасын іріктеуді көздеді. Аталмыш шараның тұсауы Қазақстан Республикасының Гимнімен ашылды. – Жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау үшін аудандық әкімдіктің бастамасымен біз президенттік сынама тапсыру жарысын өткізіп жатырмыз. Сондықтан, бұл бастаманы ауданның бүкіл жастары мен тұрғындары қолдап, салауатты өмір салтын, спортпен шұғылдануды әр уақытта алдымызға мақсат етіп қоюымыз керек. Яғни, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыру үшін денсаулығы мықты, жоғары білімді жастар қажет.
Бүгінгі іріктеу жарысында топ жарған жеңімпаздар арасынан облыстық кезеңге баратын аудан құрамасын жасақтайтын боламыз – дейді аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Сағынбек Жүнісбеков. Президенттік сынамада 18 ауылдық округтен келген екі жүзден астам аудан тұрғындары мен жастары бес түрлі сынақ тапсырды. Біріншісі бір орынға секіру, қысқа қашықтыққа (30, 60, 100 метрге) және төзімділікке (500, 1000 метрге) жүгіру, күш гимнастикасы (шалқалап жатып денені көтеру, биік кермеге тартылу), граната (300, 500, 700 грамм) мен доп лақтырудан (150 грамм) өз өнерлерін көрсетті. 9 жас пен 70 жас аралығында, он бір жас ерекшелігі бойынша өткен аудандық чемпионатта әйелдер (қыздар) мен ерлер (ұлдар) бөлек-бөлек сынамалардан өтті. Жарыс қорытындысында 9-10 жас аралығында Ж.Тәкімова, Бекнұр Сәлімжан, 11-13 жас бойынша Венера Құдайбергенова мен Асқар Бекарыс, 14-15 жас ерекшелігі бойынша Айша Мұхамеджан, Әлішер Ташқарбаев, 16-17 жас аралығында Нұрай Қайыржанқызы, Төре Нұрбек топ жарды. Ал, 18-23 жаста Б.Ревшенова, А.Алпысбаев, 24-31 жаста И.Баймаханова, А.Септесін, 32-39 жаста А.Ахатов пен С.Турсынбекова, 40-49 жаста
Қ.Құлмаханбетов, Д.Бекбосын, 50-59 жас арасында А.Тұрапбаев, Л.Садықова жеңімпаз атанды. Жоғарыдағы спорт түрлерінен жеңімпаз атанған спортшылардан облыстық іріктеу жарыстарына аудан құрамасы жасақталды.
Пікір қалдыру