Жамбыл облысы «Nur Otan» партиясы Байзақ аудандық филиалының ғимаратында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» тақырыбындағы Жолдауын насихаттау және түсіндіру бойынша облыстық ақпараттық топ мүшелері аудан тұрғындарымен жиын өткізді деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі .
Жиында алдымен баяндама жасаған Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің мобильді тобының мүшесі, ардагерлер қоғамының белсенді мүшесі Канал Берденов жиынның мақсатына тоқталып, осы Жолдау мемлекеттің өркендеуіне негіз қалайтынын айта келе, оның ішінде, дамуға жол ашатын басым бағыттарға кеңінен тоқталды. Атап айтқанда, Жолдауда арнайы басымдық ретінде жүзеге асуы тиіс 5 міндетті, яғни, “Заман талабына сай тиімді мемлекет”, “Азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету”, “Қарқынды дамыған және инклюзивті экономика”, “Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі”, “Қуатты өңірлер – қуатты ел” бағыттарын таныстырып, олардың әрбіріне кеңінен назар аударды. Өз кезегінде сөз алған аудандық ардагерлер кеңесі әлеуметтік мәселелер жөніндегі комиссиясының төрағасы, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі, медиатор Серік Балабеков біріншіден – өсіп келе жатқан ұрпақты тәрбиелеуден бастау керектігін, екіншіден – халықтың үкіметке деген көзқарасы мен пікірін өзгерту керектігін айтып, жастарды заманға сай тәрбиелеп, Жолдауды тек оқып қана қоймай, белсенді жұмыс жасау абзал екендігін жеткізді. Одан соң сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кемелбек Беспаев «Мемлекетіміздің дамуы үшін ең бірінші ауылдық жерлерге мән беріп, ауыл шаруашылығын дамыту қажет»,- деген ойын ортаға салды. Әрмен қарай, облыс әкімдігі ішкі саясат бөлімінің мобильді тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы Жазушылар одағының мүшесі, драматург Елен Әлімжан сөз алды. Ол Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында мемлекетімізде атқарылған жұмыстарды мысалға ала отырып, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының жариялаған Жолдауының толығымен орындалуы үшін ұлттық болмысымызды сақтауымыз керектігін алға тартты. Өзге мемлекеттерді мысал ретінде келтіріп, Жолдауда еліміздің алдына қойылған міндеттерді орындау басты мақсат екендігін және осы мақсатқа жету үшін аянбай жұмыла үлес қосып, еңбек ету керектігін жеткізді. Жиын барысында Суханбаев ауылдық округі жастар істері жөніндегі аға инспекторы Ерғали Нұрғожаев сыбайлас жемқорлық мәселесіне қатысты пікірін білдіріп, осы дерттің барлық салаларға кедергі екендігіне тоқталды.
Бұдан кейін, аталмыш кездесу Ғани Мұратбаев атындағы гимназиясында жалғасты. Жиынға педагогтар, ата-аналар мен аудан тұрғындары қатысты. Канал Берденов Жолдау бойынша баяндама жасап, әр бағытқа жеке
көңіл аударды. Сонымен қатар, үкіметпен кері байланыс орнату үшін, бірлесе отырып жұмыс жасаудың маңыздылығына тоқталды. Ауыл тұрғындарының бүгінде жеке бизнес бастап, өзін-өзі жұмыспен қамтып қана қоймай, үкіметке де, халыққа да тиімді істі жүзеге асыратындығын баса айтты. Топ мүшесі Елен Әлімжан өз сөзінде, мемлекетіміздің бәсекеге қабілетті дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіруі үшін халықтың салмақты үлесі бар екенін, жастардың отансүйгіштігі мен қалыптасып жатқан тәрбиесінің маңыздылығына тоқталып, жиынға қатысушыларды Жолдау жүктеген міндеттерді бірге, жұмыла атқаруға шақырды. Жиын барысында аудан тұрғындары орын алып жатқан митингілер мен халықтың наразылығын туындатып отырған мәселелер, жұмыссыздық пен жемқорлық, сондай-ақ, жер мәселелеріне байланысты пікірлерімен бөлісті.
Пікір қалдыру