Қыс қыр астында. Сондықтан қазір қысқа дайындық қарқынды жүргізілуде. Әсіресе жылыту маусымына ауылдағы ағайын мықтап кіріскен. Алайда адамдар кез-келген әдіспен үйлерін жылытуға асығатыны соншалық, өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау салдарынан өрт шығып жатады деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі .
Жылыту пештеріне байланысты өрттердің себептері негізінен түтіндікте жиналатын күйенің жануынан, қабырғаларының қатты қызуы нәтижесінде түтін құбырларындағы кірпіштердің жарылуы болып жатады. Ал бөлмелерді жылыту үшін электрлі, оның ішінде қолдан жасалған құралдарды қолдану электр желілерінің шамадан тыс жүктелуіне, түйіспе баттердің қатты қызуына, артынан сымдардың тұтануына әкеліп соғады.
Жамбыл облысы Байзақ аудандық Төтенше жағдайлар бөлімі ағымдағы жылдың 25 тамыз- 25 қыркүйек аралығында тұрғын үй секторында айлық өткізуді жоспарлаған болатын. Енді осы айлық барысында тұрғын үй секторындағы өрттер мен улы газдан улану оқиғаларының алдын алу және жол бермеуді бұқаралық ақпарат құралдары арқылы түсіндіру және профилактикалық жұмыстар жүргізуге бағытталған шаралар жүргізілді. Өрт қауіпсіздігі айлығын өткізу барысында 3 мыңнан астам тұрғын үйді аралап, ең бірінші каркас-қамысты және т.б. үйлерге басты назар аударылды. Барлығы 9 мыңнан астам тұрғынмен әңгімелесу жүргізіліп, жаднамалар таратылды. Жылу беру маусымы кезінде өрт салдарынан адамдардың қаза болуының алдын алу үшін 10 мыңнан астам азаматқа нұсқаулық таратылды. Жылыту пештерін, электр қондырғыларын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау бойынша 1687 адамның қатысуымен 16 жиын ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, облыстық «Жамбыл» телеарнасында, Сарыкемер ауылының LED дисплейлерінде және ХҚКО филиалдарында бейнероликтер көрсетілуде. Жүргізіліп жатқан түсіндіру және профилактикалық жұмыстар өрт қауіпсіздігін алдын алуға, сондай-ақ, өңірдің тұрғын үй қорының өртке қарсы қорғалуын күшейтуге ықпал етеді деп сенеміз.
«Сақтықта қорлық жоқ» дейді дана қазақ. Сондықтан жылыту маусымында сақтық шараларын да ұмытпаған жөн. Әсіресе қатты отынмен үйлерін жылытатын тұрғындар балаларына қырағылық танытқандары абзал. Себебі көптеген өрттер дәл осы балалардың қараусыз қалдырғаннан орын алып жатады. Десе де беті аулақ, биылғы жылыту маусымы сәтті өтеді деп сенеміз.
Пікір қалдыру