Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында, Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Түймекент ауылдық округі әкімшілігінің ұйымдастыруымен ережесіз жекпе-жектен әлемнің үш дүркін чемпионы Ардақ Назаровпен кездесу болып өтті деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Тәрбиелік мәнге толы кездесуге аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімі мен аудандық жастар ресурстық орталығының мамандары, Түймекент орта мектебі мен Ғазиз Байтасов атындағы тірек мектебінің ұстаздары, мектеп оқушылары, жас спортшылар және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Ардақ Назаров – шаршы алаңда жүзге жуық кездесу өткізіп, оның басым көпшілігінде қарсыластарын тізе бүктірген бейбіт күннің батыр ұлы. Өзін тек спорттық жағынан емес, тарих пен әдебиет саласынан да біліктілігін көрсетіп, жастарды ұлтжандыққа тәрбиелеп жүрген спортшы. Түймекент ауылындағы жас ұрпақтың салауатты өмір салтын ұстануымен қатар, ата – ананы құрметтеу, имандылық, ізеттілік, адамгершілік секілді құндылықтарды бойларына сіңіру мақсатын көздеген жиынның бастапқы сөзін Түймекент ауылдық округінің әкімі Қанат Смағұлов ашты. Өз сөзінде Қанат Ерубайұлы ұйымдастырылып отырған аталмыш жүздесудің маңыздылығына тоқталды.
Кездесу барысында саңлақ спортшы жастармен отбасы құндылығы және бірлік пен ынтымақ тақырыбында ой бөлісті. Кіші буын өкілдерін жігерлендіріп, намыстарын қайрайтын сөздер айтып, оларды ұлтжандылыққа, отансүйгіштікке шақырды. Сондай-ақ, чемпион жастарға тарихта өткен батыр бабаларымыздың ерліктерін баян етіп, тәуелсіздіктің қандай қиыншылықпен келгеніне тоқталды. Киелі даланы мекен еткен көшпелі бабалардың жауынгерлік ерліктері туралы тарихи қиссаларды жастарға шебер жеткізіп, сол батырлардың жеке-жеке есімдерін еске алды. Бүгінде әлем мойындаған чемпион көпке үлгі. Өскелең ұрпаққа салиқалы сөздер айтып, орамды ой білдіріп жүр. Алаштың намысты азаматы Ардақ Назаров байзақтық жастарға ер жігіттерге қандай қасиеттер тән болу керектігін айтып, жастарды өз елінің патриоты болуға шақырды. «Алла тағала беріп те сынайды, алып та сынайды. Дүние бүгін бар, ертең жоқ. Бірақ, адамзатты сұлулықпен, мансаппен, байлықпен, дүниемен өлшеуге болмайды. Адамзаттың өлшемі – оның руханиятында, оның тектілігінде, мәрттігінде, адами құндылығында», – деп қорытындылады ол сөзін. Кездесу соңында ауыл ақсақалдары ел намысын әлемдік аренада қорғап жүрген саңлақ спортшыға алғыстарын айтып, баталарын берді.
Пікір қалдыру