Тараз қаласындағы «Ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры, танымал кардиолог Сейітхан Жошыбаев Қырғызстан Республикасы Президенті Сауранбай Жиенбековтың қолынан аталған елдегі жоғары марапаттың бірі саналатын «Достық» орденін алды. Бұл орден жерлесімізге жүздеген қырғызстандықтың өмірін құтқарғаны және аталған елдегі медициналық қызметкерлерді дайындауға қосқан үлесі үшін берілген, деп жазады Qamshy.kz ақпараттық агенттігі.
1939 жылы Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданы, Ақыртөбе ауылында дүние есігін ашқан Сейітхан Жошыбаев шынында Қырғызстан медицинасына көп еңбек сіңірді. Бұл марапатқа дейін танымал кардиолог Қырғызстанның еңбек сіңірген дәрігері атағын иеленген еді. Сондай-ақ Кеңес одағының денсаулық сақтау ісінің үздігі деп те танылды. 2006 жылдан бері Сейітхан Жошыбаев Тараз қаласындағы «Ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жетекшілік етеді.
Айта кету керекайыр қалпақты ағайынның ең жоғары мемлекеттік наградасын иеленген қазақстандық дәрігер жоғары медициналық білімді де Бішкек қаласынан алған. Ол 1962 жылы сол кездегі Фрунзе қаласындағы Қырғысзтанның мемлекеттік медицина институтын тәмамдаған. Осыдан соң Сейітхан Жошыбаев денсаулық сақтау ісінің ең күрделі саласымен шындап айналысуға кіріседі. 5 жыл бойы Қырғызстанның Нарын, Талас қалаларында дәрігердің ассисенті, дәрігер ординатор болып еңбек етеді.Кейіннен білімін Мәскеу қаласында жетілдіріп, ондағы Жүрек-қан тамырлары ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасын бітіреді. Мәскеуден қайта оралып, Қырғызстандағы түрлі медициналық ұйымдарда бөлім меңгерушісі, республикалық клиникалық ауруханада хирург, Қырғызстан мемлекеттік медицина институтында кафедра меңгерушісі лауазымдарын атқарды.
Сейітхан Жошыбаев араға ширек ғасыр уақыт салып, Қазақстанға қайта оралып, Алматыдағы Сызғанов атындағы Жүрек-қан тамырлары иниститутының жетекшілік жасайды. Мұнан кейін туған жері Жамбыл облысына келіп, Тараз қаласындағы «Ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталағына» басшылық етті. Бұл мекеме бүгінде республикадағы жүректі емдеу ісіндегі жетекші медициналық ұйым саналады. Танымал кардиологтың қазақстандық медицинаға сіңірген еңбегі де ескерусіз қалған емес. Ол 2001 жылы «Ерен Еңбегі үшін» медалін иеленсе, 2008 жылы еліміздегі жоғарғы мемлекеттік марапат саналатын «Парасат» ордені мен марапатталды. Кейіннен «Қазақстан Тәуелсіздігіне 20 жыл», ІІ дәрежедегі «Барыс» орденінің иегері атанды.
Пікір қалдыру