Елбасы 2020 жылы бүлдіршіндерді мектепке дейінгі білім беру мекемесімен қамту деңгейін 100 пайызға жеткізу қажеттігін тапсырғаны белгілі. Осыған орай, бүгінде мемлекет пен жекеменшік әріптестік негізінде балабақшалар көптеп ашылуда. Яғни, кәсіпкерлер мемлекет жасаған мүмкіндікті жібермей, “Балапан” бағдарламасын жандандыруға ден қоюда.
Жаңатұрмыс ауылдық округінде орналасқан Жібек жолы ауылында мемлекеттік тапсырыс аясында жекеменшік “Бөрте” бөбекжай – бақшасы ел игілігіне берілді деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі .
Бүлдіршіндер мен ата-аналарды қуанышқа бөлеген салтанатқа аудан әкімі Нұржан Нұржігітов қатысып, өзінің ізгі тілегін білдірді. Нұржан Молдиярұлы соңғы жылдары Үкімет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаулар нәтижесінде мемлекет пен жекеменшік әріптестік аясында он алтыншы балабақшаның ашылып отырғанын, нәтижесінде ауданда 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуға қол жеткізілгенін айтты. Барша ауыл тұрғындарын айтулы қуаныштарымен құттықтап, жеке кәсіпкер Лаззат Жабатаеваға ризашылығын жеткізді. Тұрғындар атынан сөз алған ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Бейсен Жүзгенбаев болашақ ұрпақтың тәрбиесі алдымен балабақшадан басталатынын алға тартып, жеке кәсіпкердің ауыл бүлдіршіндерін қолдаудағы қадамына сәттілік тіледі. 100 орындық қос қабатты жаңа ғимараттың керме лентасын ақсақалдар алқасының төрағасы Бейсен Жүзгенбаев пен еңбек ардагері Жұмабай Нұрадилов қиып, игі тілектерімен бөлісті. Аталмыш балабақша құрылысына жеке кәсіпкер 230 миллион теңгеге жуық қаржы жұмсаған екен. Мұнда төрт топқа бөлінген 100 бүлдіршінге жеті педагог тәрбие береді. Сондай-ақ кіші қызметкерлер саны он адамды құрайды. Жаңа ғимараттың табалдырығын аттаған 34 бала Ақшолақ ауылынан, 30 бала Көкбастау мен Тегістік ауылдарынан тасымалданса, қалған қырыққа жуық бүлдіршін Жібек жолы ауылының балалары. Сонымен қатар, жаңа нысанда заман талабына сәйкес барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Атап айтқанда, мекеме меңгерушісі, әдістемелік, медбике, шаруашылық меңгерушісіне жеке-жеке бөлмелер берілсе, әр топқа ойын, жатын, тамақ ішетін, киім шешінетін және асхана бөлмелері бөлінген. Барлық бөлмелер талапқа сай безендіріліп, төсек – орындар, құрал – жабдықтармен қамтамасыз етілген. Шарада бүлдіршіндердің жолдаған сазды сәлемдері көңілдегі қуанышты үстей түссе, жаңа қонысты аралап көрген үлкен – кіші осынау балғындар үшін үлкен сый болған іске бек ризашылықтарын білдірісіп жатты.
Пікір қалдыру