Жақында Елордада болдым. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жиыны өтті. Қатыстым. Сөз берді. Көп адам жиналғандықтан, регламент сақталды. 3-4 минут сөйлеуге уақыт берілді. Әрине, айтқым келгеннің барлығын жеткізе алмадым. Сондықтан өз толғанысымды әлеуметтік желіде жариялауды жөн көрдім. Бір қажетке жарар деп үміттенемін.
Ең алдымен бір айтарым бар. Ұлттық кеңес – парламент, сенат, мемлекеттік мекемеде көтерген жауыр тақырыптың көшірмесі болмауы керек. Егер қалай да белгілі бір түйткіл сөз болса, оның шешімін табумен айналысуы тиіс. Бір нақтылай кететін сауал: мұнда не туралы айтуға болады? Мұны неге сұрап отырмын? Ұзақ уақыт бойы бізде былай болды. Президентке арналған ақпарат алдымен әбден сүзгіден өткізіледі. Бұл қаншалықты дұрыс? Бізде «ауруын жасырған өледі» деген мақал бар. Сондықтан бізге бірінші кезекте ащы да болса, шындық керек деп ойлаймын. «Біз неге мұндай күйге түстік, қазіргі жеткен жеріміз осы ма?» деген сұраққа көптен бері жауап іздеп жүрмін. Біз неге осыған көндігеміз?
Біз «алдымен экономика, одан кейін саясат» деген ұранмен өмір сүріп келдік. Қазір бәрі керісінше. Алдымен саясат, одан кейін экономика. Тағы да не алдыңғысы да, не кейінгісі жұмыс істемейді. Өйткені ең алдымен мәдениет болуы керек. Ал қалғандары одан кейін бола жатады. Онсыз мәдениетсіз адамды үлкен саясатқа да, үлкен экономикаға да араластыруға болмайды. Мәдениетсіз адам менеджер ретінде белгілі бір жетістікке жетуі мүмкін. Бірақ бұл уақытша жетістік. Шектеулі адам қолындағы шексіз биліктің тарттырар зардабы ауыр. Біз бүгінде нені байқап жүрміз? Шенеуніктер Димаш Құдайберген мен Ержан Максимнің жетістігіне ортақтасып жүр.
Ал біз не туралы айтсақ та, қайда көз салсақ та, барлығы мәдениетке келіп тіреледі. Мысалы, қаржы мәдениеті, саяси мәдениет, ұлттық мәдениет, пікірталас мәдениеті, бұқаралық мәдениет, тұрмыстағы мәдениет, дене тәрбиесі мәдениеті, спорт мәдениеті тағысын тағылар. Яғни, мәдениет адам өмірінің барлық саласын қамтиды. Өкінішке қарай, біз Маркстің ізімен жүрдік. Ол экономика – базис, қалғандары үстіндегі құрылым деп есептеді.
Ал адамзаттың мыңжылдық тәжірибесі мен барлық әлем діндері керісінше, мәдениетті – негіз, ал қалған экономика мен саясатты құрылым деп есептеді. Мәдениет деп сол қолға шанышқы, оң қолға пышақты дұрыс ұстап, тамақтануды айтпаймын. Менің айтқым келгені басқа нәрсе.
Мен адамдардың бойынан міндетті түрде ұстануды талап ететін адамгершілік туралы айтып отырмын. Жемқорлықпен күресу деген не? Шын мәнінде, бұл надандықпен, мәдениетсіздікпен күрес. Тағылымды кітап оқып, отбасында дұрыс тәрбие алған адам тендерде көзбояушылыққа бармайды. Ондай адам бұрмалаудан, қоқан-лоққы жасаудан, пара тықпалаудан тартынады. Ондай адам қоқыспен, былапыт сөзбен, лас идеямен айналасын былғамайды. Мәдениетті адам – арлы адам. Ал арсыз адам мәдениеттен жұрдай адам деген сөз. Бұл жерде жетіспейтін басқа нәрсе бар. Жаратушының аңдарға емес, адамға берген сыйы. Оянған ар-ождан – адам күш-қуатының сарқылмас көзі. Менің айтпағым – ар жөнінде. Міне, сол нарықтық экономика дені дұрыс базисте жақсы жұмыс істей алады. Ал ар-ождан жоқ жердегі базис есігі ашық тордағы жыртқыш сықылды. Егер адам өмірі мен тұтас мемлекеттің іргесі ар-ождан екенін түсінбесек, бізді қасірет зардабы күтіп тұр. Ар-ожданды тек мәдениет қана оята алады. Ағартушылық. Білім. Бұл жерде мәселеге бір жақты қарауға болмайды. Білім өздігінен көп нәрсені шеше алмайды. Ол әрдайым мәдениетпен етене болуы тиіс. Тіпті мәдениетсіз білімнің өзі қауіпті. Айналаға қараңызшы. Қазір білімді, оқыған жылпостар көп. Мен оларды «әліппе ұстаған жабайылар» деп атаймын. Қазіргі табысты адамның келбеті қандай? Ақылды, бай, білімді. Бірақ адамгершілігі кемшін. Яғни дәулетті плебей.
Ғалам қазір мәдениетке мұқтаж. Қазір дүниеде алапат мәдениет дағдарысы жүріп жатыр. Біздің елдегі жағдай да мәз емес. Қоғамда рухани көшбасшылар, мәдениет алыптары қалмады. Екі жағалауды жалғайтын көпір де жоқ. Мәдениет мәселесі саясат және ұлттық қауіпсіздікпен бірге астасып жатыр. Бүгінгі әлемде табиғат байлығы, әскер, қару-жарақ емес, елдің болашағын ғылым мен өнер айқындайды. Сондықтан біздің саясаткерлер өзінің халқын қандай сипатта көргісі келеді? – деген сауалға бас қатыруы тиіс. Мұндай жағдайда мәдениет пен адамгершілік, білім мәселесін ойлау қажет пе? Меніңше, ойлау керек. «Елу жылда ел жаңа» дейді. Оның үстіне қазіргі ахуалда бұлардың маңызы айрықша. Ал небәрі 30 жылда тұтас бір ұлттың адамгершілік коды өзгеріп кетті. Өйткені басымдық дұрыс қойылмады. Себебі мәдениетті екінші орынға қойдық. Ал 30 жыл дегеніміз не? Бұл мектепті үш толқынның бітіріп шығуы деген сөз. Сапа барған сайын нашарлап барады. Бүгінгі мектеп түлегі цифрлық әлемге, жаһандық ғаламторға шырмалуда. Оның өз ойын жинақтауға шамасы жоқ. Ол тек қас-қағым сәтті ғана ойлайды. Ол ұғынықты тілмен түсіндіре алмайды. Өйткені ол виртуалды әлемде өмір сүреді. Ұялы телефонынсыз екі сағатта тұра алмайды. Телефонын жоғалту – ол үшін нағыз қасірет. Ғаламтор таптырмас көмекшіге айналады деп есептеді осыдан біраз бұрын. Бірақ қазіргі жағдайда ғаламтор нағыз жауға айналды. Біз бұл жерде мынадай парадоксты байқаймыз. Технология прогресімен оны игеру арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Мәдениетті, білімді адам елеп-екшеп, өзіне қажеттісін таңдап алады. Ал қазіргі жастар, әсіресе оқушылар – бар салмағымен басып жатқан ақпарат ағыны алдында әлсіз.
Менің ұсынысым: мұндай жағдайда ақылды билеуші әскерді күшейтпейді. Әскер мен полиция ең соңғы қадам болуы керек. Ақылды билеуші мәдениет пен білімге ден қояды. Сондықтан бізге дәл бүгін мәдениетке деген көзқарасты түбегейлі өзгерту қажет. Мәдениет министрлігі өзге уәзірліктер арасында ең маңыздысы болуы тиіс. Оны спорттан ажырату керек. Оның әдісі мен қызметін түбегейлі өзгерту керек. Министрлік науқаншылдықтан арылуы тиіс. Министрліктің мәдениет саясаты жөніндегі кеңесі болуы тиіс. Оның құрамында шығармашылық интеллигенцияның өкілдері болған жөн. Оның тек кеңес беру мәртебесі болып қана қоймай, қадағалау қызметін жүзеге асыратындай өкілеттігі болғаны абзал. Мәдениет министрлігі өгей баланың күйін кешпей, дұрыстап қаржыландырылуы тиіс. Мәдениет министрлігі мемлекетті басқару мен сындарлы саясат жүргізудің басты құралдарының бірі болуы керек. Билік құрылымындағы лауазымды қызметке тұрғысы келетін үміткер өз халқының мәдениеті бойынша емтихан тапсыруы тиіс. Сондай-ақ әлем мәдениетінен хабардар болғаны жөн.
Бізде әлі күнге дейін әдебиеттен бірде-бір Нобель лауреаты жоқ. Әлемдік деңгейде бірде-бір ойшыл жоқ. Мәдениеттегі жетістігіміз аракідік. Тіпті кездейсоқ та. Мүмкін олар бар да шығар. Бірақ оларды әлем танымайды. Біз таланттарды шығара беруіміз керек. Олардың жеңіске жетуі маңызды емес. Маңыздысы – мәдениетті адам етіп қалыптастыру. Ол үшін жағдай жасау керек. Димаш пен Тимур Бекмәмбетовтің жетістігін кездейсоқ деп санауға болмайды, әрине. Оларды өз елінде мойындамады. Сол себепті бұлар өз өнерін шетелдерде дәлелдеуге мәжбүр. Тек содан кейін ғана жауапты тұлғалар қимылдап, мұны өзінің жоспарланған табысындай етіп көрсетеді. Бұлай болмауы тиіс. Таланттыларды жетілдіру әдеттегі шаруаға айналуы қажет.
Мәдениет министрлігі мәдени саясат бойынша кеңес болуы керек. Ол консультативтік орган болып қана қоймай, қадағалау функциясында жүзеге асыруы тиіс. Қазір елімізде тек екі орталық бар. Нұр-Сұлтан мен Алматы. Ал басқалары қайда қалды сонда? Бұрын әр ауылдың өзі клубы, кітапханасы болатын. Шалғай ауылдың тұрғыны іріктеуден өтіп, үлкен сахнаға жолдама алатын. Ал қазір мұндай атымен жоқ. Әр ауылда, әр ауданда Димаш Құдайберген мен Ержан Максимдері бар. Қазақ өте талантты халық. Тек өнерлі өренге жағдай жасалмайды. Жасөспірімдер арасында суицидтің көбеюі, өңірлердегі оқиғалар, қоғамдағы наразылық осыдан туып отыр.
Халықаралық тәжірибеге сүйенсек. Мысалы, мәдениетке қатысты мәселе Біріккен Араб Әмірліктерінде қалай шешілуде? Ондағылар бір кездері мұнайдың таусылатынын алдын ала біліп отыр. «Әрі қарай қалай өмір сүреміз?» деген сауал төңірегінде ойлануда. Оның бірден-бір шешімі – туризмді дамыту. Дубай сауда туризмін дамытса, Әбу Даби Луврдың филиалын ашты. Бұл жерде мәдени туризмге назар аударып отыр. Енді тек араб елдері мен Таяу Шығыс қана емес, кез келген адам құмдағы елге барып әлемдік өнермен таныса алады. Ол үшін Парижге сабылудың қажеті жоқ. Тағы бір мысал айта кетейін, Испаниядағы Соломон Гуггенхайм мұражайы. Неге ол жерде мұражай ашылды? Себебі неде? Қазір Бильбао – әлемдік туризм индустриясындағы маңызды орталық.
Жаңа Зеландия. Әлемге әйгілі «Жүзік әміршісі» фильмінің түсірілімі өткен жер. Қазір ашық аспан астындағы мұражайға айналды. Оны көруге келушілердің есебінен туризм экономикаға айтарлықтай үлес қосуда. Ал біздің елде осындай мәдени орталыққа айналатын қанша жер бар? Бір ғана Батыс Қазақстанның өзінде 300-ден асады. Ал оңтүстік өңірде ше? Сарайшықтың өзі бір төбе. Мен Ұлытау туралы айтпай-ақ қояйын. Өзіміздің тарихымызға қызығушылық білдіру үшін ең алдымен өткенімізді біліп, ол туралы әдемілеп айтуымыз керек! Тағы бір маңызды мәселе бар.
Өнерлі жастар елімізден кетіп жатыр. Өйткені мұнда жағдай жоқ. Олар кез келген «голливудта» жұмыс істеуге дайын. Тек оларға мүмкіндік берсе болғаны. Ал қазіргі зиялы қауым деп жүргеніміз беделінен айырылып бітті. Неге алып туындылар жоқ? Рухани серпіліс неліктен байқалмайды? Халықты кітапқа қайтаруымыз керек. Адамдар кітап оқып, мәдени ортаны қайта қалпына келтіре алады.
Ал қазір мәдениетті айқындайтын не? Өмірдің тыныс-келбетін қайдан көреміз? Интернет пен телевизия төңірегінде бірер сөз. Бірақ ол жерде ұлы дәстүрдің де, өнердің де жұрнағы жоқ. Әсіресе біздің телевизияда. Таңертеңнен түннің бір уағына дейін той бизнесті көрсетуден жалықпайтын телеарналар ашылды. Басты республикалық телеарналарда төбелес, атыс-шабыс, жылаулық сериалдан басқа түк те жоқ. Оның сипаты қоғамға жат. Бүгінгі оқырман, тыңдарман, көрерменнің сапалық талғамы қандай? Өкінішке қарай, бүгінде елімізде талғамы мен эстетикалық көзқарасы ұялы телефонмен айқындалатын жастар өріп жүр. Гаджетпен өмір сүретін тұтас ұрпақ қалыптасты. Қазіргі әлеуметтік желі дегеніміз не? Бұл сүзгіден өтпеген ақпарат. Кезексіз микрофон. Біреу айғайлап жіберсе, қалғандары іліп алып кетеді. Кейбірі оны шынайы қабылдап жатады. Осылайша, тар шеңберді айналып жүр. Білімсіз қауыммен талғамы төмен көрермен (тыңдарман, оқырман) кез келген жалған ақпаратты талғамай жұта береді. Ортаңқол, таяз үстіртін дүниетаным саяси сахнаға жайғасты. Сарабдал саясаткерлердің орнына таяздар мен үндеместер келді. Айта кеткен жөн, шама келсе, мәдениетті бойға сіңіру керек. Мәдениет саясаты тұжырымдамасын дайындап, оның жүзеге асыруға шыңдап кіріскеніміз жөн. Мәдениетке жан-жақты көңіл бөлгеніміз жөн. Шынайы сараптамадан бастауымыз керек. Алдымен БАҚ-ты, телеарналарды сараптан өткізуіміз қажет. Олардың беріп жатқан айқай-шу жаңалықтарының таралуын шектеу керек. Осыдан екі жыл бұрын «Мәдениет арнасы жабылды. Неге? Ештеме көрсетпеді ме, әлде ешкім көрмеді ме? Тағы да айтарым – оқырманды кітапқа қайтаруымыз керек. Бразилия ай сайын жұмысшылардың кітап оқып, театрға баруы үшін 25 доллар көлемінде стипендия бөледі. Одан бөлек, Бразилияның 4 ірі түрмесінде жазасын өтеушілер кітап оқыса, жазасы қысқаратын заң жұмыс істейді. Ежелгі Афиныда театр қойылымдарын көруге құлдардан басқа қала тұрғындарының барлығы келетін. Сондықтан мәдениетті үкімет пен партиялардың шешімі қалыптастырады деп ойламау керек. Мәдениеттің дамуына тек жағдай жасау керек. Бұл жердегі басты капитал – адам. Джобс өлер алдында «Сократпен әңгіме-дүкен құру үшін бар байлығымды беруге әзірмін», – депті. Бұл сөзді бекер айтпаған шығар…
Ермек Тұрсынов Facebook парақшасынан алынды.
Пікір қалдыру