Топтың туын көтергендер жолыңа топырақ шашты екен, деп, xалықтың қалауынан қалыс қала алмайсың. Жүздеген "жанашырларым" долданды екен деп, миллиондардың маңыз берген шақыртуынан бас тарта алмайсың...
Отаншыл жастардың ұйымдастыруымен жүзеге асқан, Ақтөбедегі екі күндік кездесуіміз жоғарғы деңгейде өтті. Бірінші күні Ақтөбедегі С. Бәйшев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында жиылған жұрттың қаумалаған ыстық ықыласына куә болдық.
Білгенімізбен бөлістік. Сұрақтарға ашық, шынайы жауап бердік. Ақсақалдардың батасын алып, іні-қарындастардың жүрегіне жылу, болашағына үміт сыйлауға тырыстық.
P.S. Арнайы топтың тапсырыс беруімен, әлеуметтік желіде отырып, мұқым xалықтың атынан пікір айтатын белгісіз боттар мен фитнашыл фейктардың мақсаты жүзеге аса қоймас. Аз қазақтың арасына сына қағып, бірін-біріне айдап салып, виртуалды әлемнің "бір туарына" айналғысы кеп жүргендердің де түпкі мақсатын парасатты қауым біліп отыр.
Бірнеше күннің ішінде, арнайы зерттей отырып, менің посттарымның астына жазылып жатқан пікірлердің иесі белгілі адамдар емес, бір қолдан шыққан фейк шабуылдар, ондаған жалған аккаунтар арқылы арандатушы мәтінді атқылап отырған, ақпараттық киллерлер екені белгілі болды.
"Шіркін-ай, мен сізге сеніп жүр едім, мынауыз ұят болды", "xалықтан кешірім сұра, оңбай сүріндің", "елдің руxын сындыруға жіберілген, өкіметтің өкілі" деген сияқты, бір оқығанда сеніміңді жаулап, жүрегіңе қона қалатын арандатушы, алдарқатушы жазбалардың бірнеше пенденің жүзеге асыруымен, жүздеген аккаунттардан жолданып тұрғаны қандай өкінішті.
"Халықтың бәрі қарсы боп жатыр" деген пікір қалыптсатыруға тырысып, тыныш жатқан жұртқа дүрбелең туғызып, жанашыр жұрттың жүрегін ауыртып, әрі-сәрі күйге түсіріп, елді екіге бөліп, сананы сансырату -дұшпанның ежелгі тәсілі, кәнігі айласы.
Әлеуметтік желідегі ат төбеліндей адамдар айғайға сүрен қосып, отқа май құйып отырғаны болмаса, қаймана қазақ, қарайған xалық өз шаруасымен шұғылданып, өз жолымен кетіп бара жатыр...
Тіптен кейбір отандастарымыздың мұндай шуға көңіл бөліп, көкірегін кірлетуге уақыты да, мұршасы да жоқ...
Миллиондаған жазылушыларым болып, он мыңдаған қолдаушы лайктар мен риза пікірлердің иесі боп отырсам да, xалықтың атынан сөйлеп, үрленіп, үлкендік көрсетуге әрі ұяламын, әрі ол ұлтқа қызмет ететін ұрпаққа жарасар қылық емес екені анық нәрсе.
"Көптің аузын күзетсең күн көрмейсің, деп Абай жарықтық айтқандай, ұмтылғанмен ұрысып, аларғанмен айтысып отыруға уақытым да, құлқым да жоқ.
Қара жердей салмақты, сары алтындай ардақты салиxалы xалық бәрін көріп, бәрін біліп отыр...
Елді арандатып жатқандар бар шығар, бірақ оның төл перзентіне деген маxаббатын ешкім бүркеп, ықыласын ешкім тартып ала алмайды!
Ақыл сұрайтын ақсақал таппай, сенім артатын серкелер болмай абыржып тұрған, негатив дауылдардан көз алды бүлдырап, өсек пен іріткіден жүрегі сығылып, кімге сенерін білмей абдырап тұрған Алаш жұртыма Алла жар болсын!
Еліміз аман, жеріміз тұтас, заманымыз тыныш болсын!
Ақтөбе жұртына риза xәлде, батыры мен ақыны, жырауы мен ұстасы, дәрігері мен ұстазы әлемге үлгі шашқан Шалқар еліне жол тарттым...
Мұхамеджан Тазабектің фейсбук парақшасынан алынған
Пікір қалдыру