Мұнайлы Қазақстан биоотынды ұқсатуды меңгере ала ма?

/image/2019/10/25/crop-22_-1_396x527_kolladg-ot-menya.jpg

Болашақта Қазақстан биоотын өндірісі және оның айналымын тереңдетуді қолға алмақ. Қарапайым тілмен айтсақ, бұл дегеніңіз – енді қазақ елі тек мұнайдан ғана өнім өндіріп қоймайды, дәнді дақылдардың, астық өнімдерінің қалдығын да кәдеге жаратып, одан биоотын өндіреді дегенді меңзейді…

Қазірде елімізде осы тәсілдің тамырын тереңдетуге ықыласты екі зауыт бар. Олардың бірі астығы мол Солтүстік Қазақстанда болса, енді бірі Жамбыл облысында орналасқан. Бұл зауыттардың жұмыс істегеніне жылдам астам уақыт болды. Әйтсе де аталмыш зауыттардың шығарған өнімін сыртқа экспорттауға мүмкіндік болмай-ақ тұр.

Жалпы, мұнайға бай Қазақстан үшін биоотын өндіру тиімді ме, жоқ па? Біз осы сауалды арнайы мамандардың ой таразысына салып електен өткізуді жөн көрдік…

Бұл ретте Биологиялық зерттеулер орталығының маманы, профессор: Аманкелді Саданов:
– Негізінде, аңғарғанға бұл әдістің пайдасы, тиімділігі өте зор. Қазір бұл тәсілді Германия, Америка тәрізді мемлекеттер оңтайлы жолға қойып алды. Біз биоотын өндіруде көш бастап тұрған осы екі елдің іс-тәжірибесін меңгере алсақ ұтар едік, ұпайымыз түгенделер еді. Бізде қаншама астық дақылдары ысырап болып, қажетке жарамай жатыр. Ал сол астық қалдықтарын, дән сабақтарының тозаңдарын ұқсатсақ, несі өрескел? Біле білсеңіз, мұнай шикізатынан өнім алудан гөрі осындай астық қалдықтарынан биоотын өндіру арзанға түспек. Сондықтан өз басым бұл бастаманы қолдаймын… Әрине, елде биоотын өндірісін өркендету үшін алдымен біз осы іспен айналысамын деген зауыттарды потенциялы мықты технологиямен қамтамасыз ете білгеніміз жөн»,-дейді.

Ал техника ғылымының докторы, профессор Тоқтамыс Мендебаевтың айтуынша, есептеп көрсек, еліміздің ішкі нарығын биоотынмен қамтамасыз етуді зерттеу жұмыстарына ғана айына  300 миллион теңгеге жуық қаражат керек екен.

«Бұл зерттеу жұмыстарына ғана. Нақ қазіргідей қаржы тапшылығы кезінде бұл әжептәуір сома. Мұны – бір деп қоялық. Екіншіден, қазір біздің елдегі мұнай өндіруші компаниялар өндірілген мұнайдың өзін ұқсата алмай, шикізат күйінде арзан бағамен сыртқа экспорттап жатыр. Мұндайды көзбен көріп, көңілге түйіп отырғаннан кейін бұл бастаманы қолдай қою қисынсыз. Сондықтан әзірге Қазақстанға биоотын өндіру жайын қозғау ерте. Рас, мұндай тәжірибені іске асырып отырған елдер баршылық.Биоотынға бай ел ретінде Бразилияны айтуға болады. Бірақ сол елдерде мұнай қоры аз екенін біз әсте естен шығармауымыз қажет. Мұнайдан түсетін түсімі аз, мұнай қоры ішкі нарығына жеткіліксіз елдер, әрине биоотынға тәуелді болуға мәжбүр. Ал мұнай қоры ауыз толтырып айтуға тұрарлық біз үшін мұндай жайтқа бас қатыру артық болар. Күні ертең «біз халықаралық стандартқа бейімделуіміз керек немесе өзгелерден қалыспауымыз қажет» деген түсініктермен бұл бастаманы қолданысқа енгізіп жіберсек, тағы сол шалағайлықтың дәмін татамыз ба деген күдік бар. Себебі біздің отандық кәсіпорындар биоотын өндірісін өркендетуге әлі бейімделе қойған жоқ. Оның үстіне біз астық экспортынан көш бастап тұрған елдердің сапындамыз. Сондықтан бұл үрдіс астықтың сапасына да  кері ықпалын тигізуі мүмкін»,-дейді маман.

Жалпы,  биоотын өндіру жайы сөз болған тұста еліміздің  Ауыл шаруашылығы министрлігінің мамандары:

– Астығы артылып қалатын және пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлері бар Қазақстан үшін таяу уақыттарда әлемдік биоотын нарығында маңызды ойыншыға айналу айрықша маңызды, – дегенді баса айтқан болатын. Ресми деректер бүгінде Қазақстанда биоотын өндіретін шикізаттар легі жеткілікті екенін айқындайды. Ол үшін елде жүгері, бидай, рапс, соя, пальма майы, қант қамысын өндіру технологияларын дамыту қолға алынуда. Қалай десек те, бүгінде дамуға ұмтылған стратегиялар легі көп. Тек солардың ғұмыры ұзақ және жемісті болсын делік…

Қарлығаш Зарықханқызы

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар