14 қарашада түстен кейін Ақмола облысы Целиноград ауданының полиция бөлімшесі "қамау изоляторынан қашып кетті" делінген белсенді Дулат Ағаділ жайлы видеоны жақтастарына көрсетті. Бұл туралы Азаттық Радиосы жазды.
Азаттық Радиосының жазуынша, Целиноград ауданының полиция бөлімшесі көрсеткен видео Ағаділ отырған камера есігінің маңдайшасынан түсірілгенге ұқсайды. 13 қараша таңертеңгі сағат 4-5 шамасында жазылған видеодан Ағаділдің бөлмеде жыбырлап жүргені, құжаттарын реттегені, сыртқы киімін кигені көрінеді. Дәлізден түсірілген тағы бір видеода Ағаділдің ерсілі-қарсылы жүргені көрінгенмен оның "қашып кеткен сәті" көрінбеген.
Целиноград ауданының полиция бөлімінің бастығы Ерлан Әкпаров Азаттық Радиосының тілшісіне "ғимараттың сыртында бақылау камералары жоқ, сол себепті Ағаділдің ол жақтан шығып кеткені туралы видео-жазба жоқ" деп айтқан. Оның түсіндіруінше, 2013 жылы тұрғызылып, тозығы жеткен дуалдың астында саңылау бар, Ағаділ сол саңылаудан шығып кеткен. Оқиғаның барысын түсіндірген Әкпаров Ағаділдің уақытша қамау орнынан қашып кетпегенін – "өз еркімен кетіп қалғанын" айтқан.
– Оған ешқандай жаза қарастырылмайды. Себебі ол әкімшілік баппен қамалып отыр. Біз мұндай жағдайда сиренаны да қолданбадық, себебі бұл қылмыстық іс емес. Табылғаннан кейін де ешқандай жауапқа тартылмайды. Тек қалған бес күн мерзімін өтейді, – дейді Ерлан Әкпаров.
Ағаділ туралы ақпарат талап еткен оның жақтастары мен Азаттық Радиосының тілшісіне "Ағаділдің дені сау, жағдайы жақсы екеніне, келетініне сенімдімін" деген Әкпаров оның табылғаны-табылмағаны жайлы нақты ақпарат айтпаған.
Ағаділді қолдаушы белсенділер полицияның сөзіне, көрсеткен видеосына күмәнмен қарайды. Белсенді Ербол Есхожин Facebook арқылы тікелей эфирге шығып "Егер Дулат Ағаділ жайлы жақсы хабар естімейтін болсақ, онда Ақордаға барып, қарсылық акциясын жалғастырамыз" деді.
13 қарашада кешке қарай Ақмола облысы Целиноград ауданы Талапкер ауылының тұрғыны 42 жастағы белсенді Дулат Ағаділдің осы аудандағы тергеу изолятордан "қашып кеткені" туралы ақпарат әлеуметтік желілерде шыққан.
14 қараша түске қарай ішкі істер министрлігі ведомство ғимаратына барған белсендінің жақтастарына Ағаділге қатысты түсініктеме берді.
14 қарашада кешке әлеуметтік желіде Ағаділдің табылғаны, дені сау екені туралы құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина жазды. Бірақ ол толық ақпарат алдағы уақытта жарияланатынын жеткізді. Көп ұзамай Төреғожина жазбасын өшірді.
Пікір қалдыру