Бүгін, 27 желтоқсанда Алматы әуежайына жақын Қызылту ауылының маңында Bek Air әуекомпаниясының Fokker-100 ұшағы апатқа ұшырады. Алматы әуежайы баспасөз қызметінің дерегінше, ұшақта 93 жолаушы мен бес экипаж мүшесі болған. Ішкі істер министрлігі хабарлаған соңғы мәлімет бойынша, апаттан барлығы 12 адам қаза болған. Олардың арасында 58 жастағы экипаж капитаны Марат Мұратбаев бар.
Ұшақ апатына байланысты Алматы әуежайында өткен баспасөз жиынында Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Роман Скляр "Fokker-100 ұшағының артқы бөлігі ұшып-қону жолағына екі рет тиген. Ұшақ содан кейін оң жақа қарай бұрылған. Ол кезде шасси (ұшақ дөңгелегі - ред.) жиналып қойған. Ұшақ ұшып кетпек болғанымен оң жаққа ауып кетіп, жеке үйдің қоршауына соғылған" деп мәлімдеді. Скляр ұшақтың "техникалық ақаудан немесе ұшқыш қателігінен құлаған болуы мүмкін" деп айтты. Ол мұның алдын ала болжам екенін ескертті.
Қазақстанда бұған дейін де ондаған әуе апаты болған. Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі солардың ең ірісін назарларыңызға ұсынады.
2012 жылы желтоқсанның 25-і күні Шымкент қаласының әуежайынан 20 шақырым жерде Астанадан (қазіргі Нұр-Сұлтаннан) Шымкентке бет алған "Ан-72" ұшағы құлады. Бұл ұшақ Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметіне тиесілі болатын. Ұшақ бортында жеті экипаж мүшесі мен 20 әскери қызметкер болды. Олардың арасында сол кездегі ҰҚК Шекара қызметінің директоры, полковник Тұрғанбек Стамбеков пен оның әйелі де бар. Ұшақта болған адамдардың барлығы апат болған жерде қаза тапты.
2013 жылы қаңтардың 29-ы күні Алматы әуежайына жақын Қызылту ауылының тұсына "Көкшетау-Алматы" бағыты бойынша ұшып келе жатқан SCAT әуекомпаниясының "Challenger-200" ұшағы құлап, 21 адам қаза тапты. Олардың бесеуі экипаж мүшесі, 16-ы жолаушы болған. Апаттан ұшақ бортында болған ешбір адам тірі қалмады.
2015 жылы 20 қаңтарда ұшақ апаты Жамбыл облысында болды. Балқаштан Шатыркөл кенішіне ұшып бара жатқан "Олимп Эйр" әуе компаниясына тиесілі "Ан-2" ұшағы Жамбыл облысының Шу ауданы аумағында құлады. Ұшақта төрт қызметкер мен үш экипаж мүшесі болды. Олардың арасынан "Балхашцветмет" компаниясының бас геологы Әсем Шаяхметова ған тірі қалды. Ал "Қазақмыс" компаниясының үш қызметкері мен экипаждың үш мүшесі қаза тапты.
2016 жылы қаңтардың 27-і күні "Аспан" әуе компаниясының "UP-MD 600-N" " тікұшағы Алакөл ауданының Үшарал қаласынан науқастанып қалған сәбиді облыстық ауруханаға жеткізуі мақсатында Талдықорғанға қарай ұшып шығып, кейін радардан жоғалып кетті. Келесі күні ұшақтың апатқа ұшырғаны белегілі болды. Тікұшақ бортында ұшқыш, екі дәрігер және бала мен ана болған. Олардың бесеуі де қаза тапты.
2016 жылы 27 маусымда Алматы облысындағы Береке ауылының маңына "Тамшыбұлақ" ЖШС-ға тиесілі "АН-2" ұшағы апатты жағдайда қонды. Соның салдарынан бортта болған екі адамның біреу қаза тапты.
2017 жылы 10 тамызда Алматыдан 43 километр қашықтықтағы "Азем" аиродромында оқу-жаттығу тапсырмасын орындау мақсатында әуеге көтерілген азаматтық авиация академиясына тиесілі "Теспам-P 2002" ұшағы құлады. Апат салдарынан ұшқыш-нұсқаушы және курсант қаза тапты.
2017 жылы 27 шілде Алматы облысының Жаркент қаласынан солтүстікке қарай 10 шақырым жерде жүгері алқаптарына зиянкестерден қорғайтын дәрі-дәрмек себу үшін әуеге көтерілген "КАЗАВИА" авиакомпаниясының "ЯК-12" тікұшағы құлап, жанып кетті. Бортта болған екі адам - ұшқыш Хамит Ақбергенов пен "Аршидинов" шаруа қожалығының басшысы Мәсімжан Мәсімов қаза болды.
2017 жылы 3 қазанда Алматыда East Wing авикомпаниясының "Ан-28" ұшағы құлап, жанып кетті. Бұл ұшақ "Алматы – Шымкент" бағыты бойынша ұшқан. Бортта болған бес адамның барлығы қаза тапты.
Пікір қалдыру