Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиен немересі Айсұлтан Рахат өзін өлтіріп кетуі мүмкін екенін айтты. Бұл туралы ол өзінің Facebook-тағы парақшасында жазды.
"Егер мен олардың маған жасаған барлық іс-әрекеттерінен кейін аман қалған болсам, бұл Алла мен оның ұлы Исаның және киелі күштің мен қорғағаны. Олар сізді де қорғайды. Жақын арада мені өлтіріп кетеді немесе әкемнің күйін кешемін. Мені өз-өзіне қол жұмсап, асылып қалған жынды деп көрсетіп, соны дәлелдеуге тырысады. Менің күшім Алламен және оның ұлы Исамен, киелі күшпен бірге", - деп жазды Айсұлтан Рахат.
Айсұлтан Рахат - Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы, қазір Қазақстан парламенті сенатының төрайымы болып отырған Дариға Назарбаева мен 2015 жылы Австрия түрмесінде жұмбақ жағдайда (абақтының бір кісілік камерасында асылған күйі табылған) өлген Рахат Әлиевтің екінші ұлы.
2019 жылы қазанның 18-і күні Лондон соты Айсұлтан Рахатқа бір жыл шартты жаза кесті. Ұлыбринтаниядағы БАҚ-тардың хабарлауынша, Айсұлтан Назарбаев биылғы маусым айында британ полициясына қарсылық көрсеткені үшін жауапқа тартылған. Назарбаевтар отбасы Айсұлтанның Ұлыбританияда ұсталғаны және сотталғаны жайлы ешқандай комментарий берген жоқ.
Пікір қалдыру