Демократиялық партия шақырған митинг алдында Алматыда азаматтарды ұстау жалғасып жатыр. Полиция мен арнайы жасақ Төле би мен Абылай хан көшелерінің қиылысындағы "Астана" алаңын қоршауға алып, сағат 11.00-ге жоспарланған митингіге келіп жатқандарды жаппай ұстауда.
Полиция көшеде жүрген азаматтарды басқа жақпен айналып жүруін сұрап, алаңға кіргізер емес.
Журналистердің құжаттарын тексеріп, қызметтік куәлік пен жеке куәліктерін суретке түсіріп алып жатыр.
Оқиға орнында жүрген Қамшы тілшісінің хабарлауынша, полиция сағат 10.00-ден бері ондаған азаматты ұстаған. Оған дейін Vlast.kz сайты 70-ке жуық Демокаратиялық партия белсенділерін "Астана" алаңына барар жолда ұстап алып кеткенін хабарлады.
Бұған дейін, 20 ақпанда Демократиялық партияның бастамашыл топ жетекшісі, оппозициядағы саясаткер Жанболат Мамай азаматтарды 22 ақпан күні Алматыдағы "Астана" алаңына митингіге келуге шақырған болатын. Оны полиция 21 ақпан күні "Демпартия" белсенділернің бірі Жанбол Рахматулаевтың Қаскелең қаласындағы Қарасай ауданыдық сотына барған кезде ұстап, Қарасай аудандық ішкі істер бөліміне жеткізген. Бүгін таңертең Мамайдың "рұқсат етілмеген митингіге шақырды" деген айыппен үш тәулікке қамалғаны белгілі болды.
31 жастағы Жанболат Мамай Қазақстанда оппозиялық белсенді, тәуелсіз журналист ретінде танымал. Ол 2017 жылы "Мұхтар Әблязовтың қаржысын газет арқылы заңдастырған" деген айыппен үш жыл мерзімге шартты жазаға кесіліп, сот оның үш жыл журналистік қызметпен айналысуына тыйым салған еді. Мамай қазір пробациялық бақылауда.
Өткен жылдың қазан айында Мамай бастаған бір топ белсенді билікке оппозияция ретінде "Демократиялық партия" құратындарын мәлімдеген. 2019 жылы 26 желтоқсанда Әділет министрлігі бастамашыл топты тіркеген. Кейін Мамай 22 ақпанда Алматыда "Демпартияның" құрылтайын өткізетінін хабарлаған.
Ал осы жылы 19 ақпанда "Демпартияның" бастамашыл тобы Алматыда баспасөз мәслихатын өткізіп, партия жақтастарына қысым жасалып жатқандықтан 22 ақпанға жоспарланған жоспарланған құрылтай өтпейтінін, оның орнына "митингіге шығатындарын" мәлімдеген болатын.
Пікір қалдыру