Коронавирусқа байланысты Жапонияның Йокогама портында екі апта карантинде тұрған "Diamond Princess" кемесіндегі Қырғызстан азаматы коронавирус жұқтырған. Бұл туралы Бішкекте өткен баспасөз мәслихатында Қырғызстан сыртқы істер министрінің орынбасары Нұрлан Абдрахманов мәлім етті, деп хабаралады Азаттық Радиосының Қырғызстандағы қызметі.
Олардың жазуынша, Қырғызстан азаматының вирус жұқтырғанын 26 ақпанда тапсырған сараптама қорытындысы көрсеткен. Қазір қырғыз азаматы Жапониядағы ауруханалардың бірінде оңаша палатада ем қабылдап жатыр. Қырғызстанның Жапониядағы елшілігі қырғыз азаматымен тұрақты түрде хабарласып, жағдайын бақылап отыр.
Diamond Princess кемесі 5 ақпаннан бері екі апта бойы Йокогама портында карантинде тұрды. Жапония билігі 19 ақпанда карантин мерзімі аяқталғанын хабарлап, коронавирус анықталмаған және оның белгілері жоқ 500 жолаушының жағаға шығуына рұқсат берді. Кеме ішінде 50 елден 3700 адам болған. Лайнерде 500-ден астам адам вирус жұқтырған. Бұл Қытай шекарасынан тыс аумақта Covid-19 вирусын жұқтырғандардың ең үлкен шоғыры.
Бұл кемеде төрт Қазақстан азаматы да болды. Қазақстан сыртқы істер министрлігі карантиндегі Diamond Princess кемесінде болған Қазақстанның төрт азаматы: екі әйел екі немересімен 21 ақпанда жағаға шыққанын, оларға вирус жұқпағанын хабарлаған болатын. Олар осы апта басында Қазақстанға оралған. Денсаулық сақтау министрлігінің айтуынша, олар 14 күндік карантинге жіберілген.
Пікір қалдыру