Солтүстік Американың байырғы тұрғындары коронавирустан аман қалу үшін тауға кетпек

/image/2020/04/06/crop-81_23_378x702_cc7d817d27c24d819de228d366d82043_18.jpg

Канаданың байырғы тұрғындар қалаларды тастап, жабайы табиғатқа кетпек. Олардың айтуынша, байырғы тұрғындар қарттардың өмірлік тәжірибелеріне сүйеніп, осылай жасауды шешкен, деп жазады aljazeera.com.

Пол Петрин есімді байырғы тұрғын Канаданың солтүстігінде жабайы табиғатта өмір сүруге дағдыланған. Жиырма жылдан астам уақыт бойы солтүстік-батыс аймақтағы Маккензи өзенінің жағасында өмір сүрген. Бұл шалғай аймаққа күн жылы айларда қайықпен немесе арктикалық қыс айларында тек шанамен ғана жетуге болады.

Соңғы жылдардан бері Инувик қаласында өмір сүреді. Енді олар Инувиктегі үйінен кетіп, жабайы табиғатқа оралуға дайын. Бұл жолы ол коронавирус себебінен кетпек.

– Барлығы жабайы табиғатқа қайтуға дайындалып жатыр, – деді ол телефон арқылы Әл Жазира телеарнасына.

Инувик қаласында көбінесе инувиалуит (батыс канадалық инуит) халқы тұрады. Онда бар-жоғы 3000-нан астам байырғы тұрғын бар. Қазірге дейін Инувикте коронавирус ауруы тіркелген жоқ, қала жергілікті дүкендерде әлеуметтік оқшаулану ережелерін сақтау арқылы сақтық шараларын жүргізуде. Солтүстік-батыс аймақ провинциясының үкіметі 20 наурызда пандемияға байланысты аумақтағы барлық маңызды емес сапарларға тыйым салған.

– Біз онда өзіміз қалаған нәрсені істей аламыз. Балалар жабайы табиғатта ойнайды. Біз аң аулаймыз, балық аулаймыз. Жер бізге жануарларға, өсімдіктерге және бәріне арналған. Ол жақтың суы да керемет, көктемде тұп-тұнық, – дейді Петрин.

Оның әйелі Эми және 11 жастағы қызы Зой, екеуі де жер мен ресурстарды пайдалануды үйренген. Петриннің түсіндіруінше, Зой бала кезінен-ақ бәрін үйренген, жабайы табиғатта қалай өмір сүруге болатынын жақсы біледі.

– Зой қаз пісіре алады. Ол мускрат сойып, терісін сыпыра алады. От жағып, ыстап құрғақ ет жасайды. Біз жидек теріп, балық аулауға барамыз, – деп қосты ол.

Олардың шатырлары ыңғайлы, шамамен 15 адамды сыйғыза алатындай үлкен. Петриндер өздерімен бірге бірнеше отбасы мен достарын алып, COVID-19 қауіп-қатерінен алыс кетпек. Олардың айтуынша, жүздеген тұрғын көшуге дайындалып жатыр. Көздеген жерге қайықпен біреше күн бойы жүзіп барады.

Олардың айтуынша, мыңдаған шақырым алыстағы өзге байырғы тұрғындар да солай істемекке дайындалып жатқан көрінеді.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар