Үкімет басшысының бірінші орынбасары Әлихан Смайылов экономиканың оң өсіміне қол жеткізу үшін министрліктер мен жергілікті атқарушы органдар белсенді және үйлесімді жұмыс істеуі керектігін мәлім етті.
– Бес айдың қорытындысы бойынша коронавирус пен әлемдік сұраныстың төмендеуіне байланысты еліміздің жалпы ішкі өнімі төмендеді. Дегенмен ауыл шаруашылығында, өңдеу өнеркәсібінде, азық-түлік, құрылыс материалдары өндірісінде, фармацевтикада, машина жасауда, құрылыста тұрақты өсім байқалады. Осы жылдың мамыр айында алдыңғы аймен салыстырғанда сауда және көлік салаларында экономикалық белсенділік қарқынды өсуі байқалады. Үкімет 5,9 трлн теңгені құрайтын дағдарысқа қарсы шұғыл шаралар кешенін қабылдады. Ол қаражатты бюджеттік бағдарламалар әкімшілері экономикаға уақтылы жеткізулері өте маңызды, – деді Әлихан Смайылов Үкімет отырысында.
Үкімет басшысының орынбасары «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Еңбек» және басқа да мемлекеттік бағдарламалардың тиімді орындалуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
– Премьер-министрдің тапсырмасына сәйкес қазіргі таңда мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың инвестиция тарту жоспарлары нақтыланды. Жалпы сомасы 44 трлн теңгені құрайтын 2 мыңға жуық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Инвесторлармен тікелей жұмысты күшейтумен қатар дағдарысқа қарсы шұғыл шаралардың барлық пакетін және экономиканы қалпына келтірудің кешенді жоспарын іске асыру осы жылдың соңына дейін экономиканың оң өсіміне қол жеткізуге мүмкіндік береді. Ол үшін министрліктер мен жергілікті атқарушы органдар белсенді және үйлесімді жұмыс істеуі керек, – деді Әлихан Смайылов.
Пікір қалдыру