Экономист Мақсат Халық: Несие кешірілсін деу – қисынға келмейтін талап

/image/2020/08/10/crop-5_3_320x496_maqsat-khalyq.jpg

4 тамызда қоғам белсендісі Жанболат Мамай Ақордаға несие амнистиясын қолдаған 100 мыңға тарта адамның қолын өткізген. 5 тамызда Қамшы порталында жарияланған "Қазақстанда кредитті кешіруді қолдайсыз ба?" сауалнамасына дауыс беріп жатқандардың саны 150 мыңнан асты. Олардың 98 пайызы кредитінің кешірілгенін қалайды. Алайда Қамшы тілшісімен сөйлескен GSB UIB бизнесті талдау орталығының сарапшысы, экономист Мақсат Халық кредитті кешіру нарықтық экономика заңдылығына қайшы екенін айтты.

– Несие кешірілсін деу – қисынға келмейтін талап. Біріншіден, бұл – нарықтық экономика заңдарына сай емес. Әр азамат несие алғанда, оны өтеуді де жауапкершілігіне алады. Алған қаржы міндетті түрде қайтарылуы керектігін біліп, келісім-шарт жасайды. Яғни, қарызды алу бар жерде, қайтару да бар, – дейді ол.

Қаржыгер амнистия жариялау ұсынылып отырған 4 трлн теңге көлеміндегі тұтынушылық несие сомасы Қазақстан үшін қомақты қаражат екенін жеткізді.

– Бұл – өте қомақты қаражат. Мәселен, былтыр үкімет 500 мыңнан астам азаматтың 300 мың теңгеге дейінгі несиесін жауып берді. Сол кезде 105 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсалды. "Жыл соңына дейін тағы жабамыз" деген. Соның өзінде бұл мақсатқа кететін қаражат көлемі 200 млрд теңгеден аспайды. Енді 200 млрд теңге мен 4 трлн теңгені салыстырып көріңіз.

Тағы бір мысал келтірейін, елде коронавируспен, коронавирус салдарынан болып жатқан дағдарыспен күреске билік 5,9 трлн теңге бөліп отыр. Бұған ел қазынасына кәсіпкерлерден түсуге тиіс салықтық төлемдердің сомасы да кірген. Кәсіпкерлер еңбекақы қорына аударылатын салықтан, жеке табыс салығынан, басқа да әлеуметтік аударылымдардан қазан айына дейін босатылды. Қосымша құн салығы мен корпоративтік табыс салығын төлеу 3 айға шегерілді. Сондай-ақ шағын және орта бизнесті қолдауға 1 трлн теңге бөлінді. Сонда тұтынушылық кредиттің көлемі дағдарысқа қарсы күреске бөлінген қаражаттың жартысынан асып тұр. Бұл аталған соманың өте үлкен екенін білдіреді.

Ел бюджетінің биылғы жалпы шығыны 14 трлн теңгені құрайды. Ал амнистия жариялауға сұралған сома бюджеттің үштен бір бөлігіне жуықтайды. Егер азаматтардың несиесі кешірілетін болса, онда әлеуметтік төлемді жасауға, зейнетақы төлеуге, қорғаныс, білім, денсаулық салаларын қаржыландыруға қаржы тапшы болуы мүмкін, – дейді экономист.

Мақсат Халық кредитті кешіру әлеуметтік алалауды тудыруы мүмкін деп санайды.

– Былтыр кредитті кешіргенде "менің үш балам бар, жағдайым қиын, неге 4 баласы барлардың кредиті кешіріледі де, менің кредитім кешірілмейді" дегенге саятын пікір көп болды. Бұл әлеуметтік алалауды, келіспеушілікті тудырады. Несиесін жауып тастаған азаматтар "неге біз несиесін төлей алмағандар үшін салық төлеуіміз керек, олар ғана қиын жағдайда ма" деуі де мүмкін. Сондай-ақ бұл қоғам ішіндегі ауызбіршіліктің сетінеуіне, наразы топтың пайда болуына әкеліп соғуы да ықтимал, – деп атап өтті экономист.

Сарапшы несиелік борышы бар азаматтарға көмектесудің ең тиімді тәсілі – олардың табысын арттыру, сондықтан жұмыссыздарға екі қолға бір күрек тауып беру керек деген пікірде.

– Проблемалық кредиттердің көбеюі азаматтар жалақысының төмен болуымен байланысты. 2015 жылдан бері қазақстандықтардың табысы азайғаны байқалады. Соның салдарынан халықтың өмір сүру деңгейі түсіп кетті де халық табысының көп бөлігін азық-түлікке жұмсайды. Жетпеген соң банктен, микроқаржы ұйымдарынан қарыз алады. Сондықтан ең бірінші кезекте мемлекет азаматтардың табысын арттыруға күш салуы керек. Қазіргі жағдайда Қазақстандағы ең төменгі жалақы 42 мың 500 теңге емес, 70 мың теңге болғаны жөн. Келесі жылы оны 100 мың теңгеге дейін көтерген дұрыс деп санаймын. Сол кезде ғана халықтың әл-ауқаты жақсарады.

Сондай-ақ мемлекет бүгінгідей жағдайда қосымша жұмыс орындарын ашып, жұмыссыз қалған азаматтарды басқа мамандықтарға қайта оқыту бағдарламаларын қолға алуы керек. Ал азаматтар қазіргі жұмысынан айырылып қалмауға тырысқаны дұрыс.

Мұндай шақта кредитті кешіру уақытша эффект береді. Кредиті кешірілген азамат қолындағы қаражатпен зат сатып алып, экономикадағы айналымға үлес қосуы мүмкін, бірақ бұл – уақытша құбылыс. Ертең ол азаматтар ақшасы біткенде тағы несиеге жүгінуі ғажап емес. Сондықтан үкімет табысынан айырылып, қиын жағдайға қалған азаматтарды алдымен жұмыспен қамтып, сосын жұмыс өнімділігін арттыруға күш салуы керк. Әр азамат – адами капиталды құрайды. Маманның еңбек өнімділігі артқан сайын экономика өседі. Сондықтан мемлекет маманның біліктілігін арттыруға жұмыс істеуі керек. Профессионал маманның табысы да артады, сәйкесінше әлеуметтік жағдайы да көтеріледі.

Бұл тұста халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру да аса маңызды. Қаржылық тұрғыда оң-солын білетін азамат артық пайыз салатын, алдайтын мекемелерден аулақ жүреді. Бірақ мұны мемлекеттік деңгейде қолға алып, қаржылық сауаттылықты арттыратын ұлттық бағдарлама әзірлеу қажет. Ол мектеп бағдарламасына енгізілгені жөн. Бұл ретте Малайзияның тәжірибесіне сүйенуге болады, – дейді экономист.

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар