АҚШ президенті Джо Байден Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен телефон арқылы сөйлесіп, Шыңжаңдағы этникалық қазақтар мен ұйғырлар мәселесін көтерді. Бұл Байденнің қызметке кіріскеннен кейінгі Қытай басшысына соққан алғашқы қоңырауы.
Ақ үй жариялаған ақпаратқа сәйкес, Байден "мәжбүрлейтін және әділетсіз экономикалық тәжірибелер", "Гонконгтегі репрессия" және қазақтар мен ұйғырлар өмір сүретін "Шыңжаңдағы адам құқығының бұзылуы" мәселесін көтерген.
"Сондай-ақ, әңгімелесу барысында екі ел басшысы COVID-19 пандемиясына қарсы қалай күресу керектігін талқылады" деп жариялады Ақ үй. Сонымен қатар, Байден Си Цзиньпинге климаттың өзгеруіне қарсы күресу және ядролық қарудың таралуына жол бермеу үшін бірге жұмыс жасағысы келетінін білдірген.
Бұрынғы президент Дональд Трамп Қытайға кеден салығын енгізген. Байден әкімшілігінің жоғары лауазымды адамы NBC News-ке қазіргі уақытта кедендік баж салығын тағы да көтеру жоспары жоқ екенін айтты, бірақ "Қытайға қатысты сауда саясатында өзгерістер болады" деп мәлімдеді.
Пікір қалдыру