Зейнетақы жинағын алу: ең маңызды он жауап!

/image/2021/02/14/crop-233_7_529x706_1372982.jpg

Арнайы есепшотты қалай ашу керек

Отбасы банкінде зейнетақы жинақтарын аударуға арналған есепшотты екі жолмен ашуға болады. Біріншісі -  "ЖССБ24" мобильді қосымшасы. Екіншісі – байланыс орталығына бейнеқоңырау жасау. Бүгінде Отбасы банкінен бөлек Халық банкі де зейнетақы жинақтарын пайдалану жүйесіне оператор ретінде қосылып, өз қосымшасында арнайы есепшоттарды ашу қызметін іске қосты. Онда жинақтың есебінен ипотека рәсімдеу, қарызды өтеу және қайта қаржыландыру қарастырылған. Ал Отбасы банкінде тұрғын үй мәселесімен бірге емдеу шараларын да шешуге болады.

Өтінім қалай жіберіледі

Өтінімдер  www.enpf-otbasy.kz сайты арқылы жіберіледі. Егер арнайы есепшот болмаса, оны өтінім беру кезінде ашуға мүмкіндік бар. Өтінім мақұлданғаннан кейін 5 жұмыс күні ішінде зейнетақы жарналарының бір бөлігі арнайы есепшотқа түседі. 

Порталға қандай құжат жүктеу керек

Пәтерді толығымен сатып алсаңыз, порталға жеке адаммен немесе құрылыс компаниясымен арадағы сатып алу келісімшартын жүктеу керек. Бұдан бөлек, осы құжаттың ХҚКО-да тіркелгені туралы анықтама жіберіледі. Ал зейнетақы жарнасын алғашқы жарна ретінде пайдаланып, ипотеканы "Отбасы банкінде" емес, басқа банкте рәсімдесеңіз, сол банктің кредит беруді мақұлдағаны туралы хатты тіркеу керек. 

Зейнетақы жинақтарын жеке тұрғын үй құрылысына пайдалану үшін біраз құжат жинау қажет. Соның ішінде сәулет-жоспарлау тапсырмасы, мердігерлік туралы келісімшарт (оны арнайы лицензиясы бар құрылыс компаниясы береді), құрылыс-монтаждау жұмыстарына кететін шығындар сметасы (оны да құрылыс компаниясы жасайды), эскизді жоба және құрылыстың басталғаны туралы ескерту хат бар. Осы құжаттардың негізінде құрылыс компаниясына ақша аударылады. Бірақ екі жылдан кейін үйдің құрылысы аяқталғаны туралы құжатты жіберу керек.

Есепшотқа аударылған сома 45 күн ішінде пайдаланылмаса...

Арнайы есепшотқа аударылған зейнетақы жинағын пайдалануға 45 күн беріледі. Ал демалыс күндерін қоса есептегенде екі айға дейін созылады. Дегенмен, қандай да себептерге байланысты ақша пайдаланбай қалса, банк оны қайтадан Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударады. Сосын өтінімді екінші рет беруге болады.

Бес жылдық шектеу қандай ипотекаға қатысты

Ипотеканың мерзімі бес жылдан артық болған жағдайда, сондай-ақ, кредит зейнетақы жинақтарының есебінен рәсімделсе, үйді бес жыл бойы сатуға тыйым салынады. Осы норма тек ипотекалық қарыздарға ғана таралады. Ал зейнетақы жинақтарының есебінен қарыз өтелсе, бес жылдық шектеу қойылмайды.

Отбасы банкі комиссия ала ма

Арнайы есепшот ашу, одан ақша аудару және тағы басқа операциялар үшін ешқандай комиссия алынбайды. Салымшы өз ақшасын 45 күннің ішінде пайдаланып үлгермесе де, барлық қаржысы сол күйінде Бірыңғай зейнетақы қорына қайтырылады. 

Процентсіз ипотека рәсімделе ме

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі біржолғы зейнетақы төлемін тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалану ережесін бекітті. Онда ислам банкінің қаржыландыру бағдарламалары аясында тұрғын үйді сатып алу тетігі қарастырылған. Осы санаттағы ипотеканың шарттары туралы банктің өзінен білуге болады.

Жақын туыстарға пәтер алуға бола ма

Әрбір адам жеткіліктілік деңгейінен асатын зейнетақы жарнасын жақын туысына бере алады. Порталда арнайы қызмет бар. Сол арқылы зейнетақы жарнасын жақын туысқа беруге болады. Ол өз кезегінде берілген ақшаны алғашқы жарна ретінде пайдаланады, я болмаса, толығымен үйді сатып алады. Ерлі-зайыптылар да зейнетақы жарнасын бір-біріне бере алады. Бірақ өз араларында пәтер сатуға және сатып алуға тыйым салынған. 

Шетелде пәтер сатып алу мүмкін бе

Біржолғы зейнетақы төлемін тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалану ережесіне сәйкес, үйді тек Қазақстан Республикасының аумағында ғана сатып алуға болады.

Емделу үшін пайдалануға өтініш қалай беріледі

Әзірше, зейнетақы жинақтарының бір бөлігін емдеу шараларына пайдалану аясында Отбасы банкі ғана қызмет көрсетуге келісті. Осы мақсатта да арнайы есепшоттар ашылады.

sputnik.kz

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар