АҚШ республикалық партиясының басшылығы дауыс беріп, партиялық иерархияда үшінші орында тұрған Конгресс мүшесі Лиз Чейниді орнынан босатқан. Бір кезде Абраам Линкольн құрған партия сөйтіп оңшыл-реакцияшыл, Трамптың қылмыстық-коррупциялық сектасына айналды деп жатыр сарапшылар. Олар "2021 жылғы 12 мамырдан бастап ресми түрде енді республикашылдар партиясы жоқ деп есептеуге болады" дейді.
Сондағы Лиз Чейнидің жазығы не? Оның жазығы – Трамптың "даусымды ұрлап алды" деген өтірігіне қарамастан шындықты айтудан тайсалмауы. Бүгінгі оқиға тек партия үшін ғана емес, салдары ондаған жылға созылатын, Америка үшін де сындарлы кезең көрінеді.
Көріп отырғанымыздай, қанша демократиясы дамыған ел дегенмен де ақ нәсілділердің басқаларды, қара және сары нәсілдегілерді менсінбеуі, астамшылығы қалмай келеді екен. Нәсілшілдікті уағыздаушылардың басында Трамптың өзі тұрғаны белгілі, ал республикашылдардың басым бөлігі ұсақ қалалар мен қала маңына тұратын ақ адамдар. Сұраныс болмаса ұсыныс та болмайды дегендей, осындай орта Трампты туғызып отырғаны анық. Мәселе тіпті Трамптың жеке басында да емес, мәселе қазіргі америка қоғамына осындай адамның керек болып отырғанында болып отыр.
Лиз Чейни Конгресске дейін Буш кезінде мемлекеттік департаментте істеген, ал әкесі кіші Буш кезінде атақты вице-президент болыпты.
Бүгінгі оқиғадан кейін партияда екіге жарылу болатыны анық, одан оншақты пайыздай адал саясаткерлер мен сайлаушылар бөлініп шығып, жаңа партия құруы мүмкін. Әрине, алдағы оншақты жылда ондай жаңа партия күш те, саяси салмақ та ала алмайды, өйткені республикашылдардың басым көпшілігі Трамптың сектасын жақтауда.
Біз үшін, жалпы әлем үшін де, АҚШ-тың демократиялық ел болып қала бергені абзал. Американың демократияны дамытудағы жетекші рөлін ешкім де жоққа шығара алмас. Ол көптеген елдер үшін бағыт-бағдар, алдындағы маяктың қызметін атқарғаны рас. Соның бірі – біздің ел. Америка халқына сабыр, демократияны дамытуда тек қана жеңіс тілейміз. Диктаторлық басқару стилі қандай нәтижелерге алып келетінін айқын біліп отырғандықтан, "Құдайым, сақтай көр Американы!" дейміз.
Қуаныш Еділхантегі
Шолушы
Пікір қалдыру