Еңбек өнімділігін арттыру және экономика құрылымын өзгерту үшін Алматы әкімдігі цифрландыруды, креативті индустрияны және туризмді дамыту арқылы құрылымдық маневр жүргізуде. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында хабарлады.
Алматыда 2025 жылға дейінгі цифрландыру стратегиясы және қаланың бірыңғай ІТ-архитектурасы, қаладағы барлық ІТ-компаниялардың тізімі жасалды. Болашақта Big data (үлкен деректер) және жасанды интеллект арқылы қала ұтымды басқаруға көшеді.
Қазірдің өзінде Алматыда креативті индустрияда 50 мыңнан астам адам (жұмыспен қамтылғандардың жалпы санының 5%) жұмыс істейді. Мұнда 4,3 мыңнан астам кәсіпкер мен 3,6 мыңнан астам компания тіркелген немесе елдің креативті бизнесінің 53%-ы Алматы қаласына тиесілі.
«Алатау» креативті хабы жұмыс жасауда, мұнда күн сайын 700 адамға дейін шығармашылықпен айналысады. Биыл дәл осындай нысанды қаланың Медеу ауданында ашу жоспарланып отыр. Жыл соңына дейін Depo Evolution Park бұрынғы трамвай паркінің базасында салынады.
Креативті индустрия Паркі Алматыдағы ең ірі нысандардың біріне айналады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Алматының креативті экономиканы дамыту тәжірибесі бүкіл елге тарайтын болады.
Алматыны дамытудың перспективалы бағыттарының бірі туризм болып табылады. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында ғана салаға тартылған инвестиция көлемі 29,6 млрд теңгені (өсім 2,6%) құрады.
Қазірдің өзінде мыңдаған шақырым жаяу тау соқпақтары цифрландырылды және ұзындығы 500 км дейінгі соқпақ абаттандырылды. Қосымша 172 км тау бағыттары абаттандырылып, 4 кемпингтік аймақ пен 3 глэмпингтік аймақ құрылуда.
Биыл Алматының таулы аймақтарында тікұшақ алаңын жасау, 2 бақылау-құтқару пунктін ұйымдастыру жоспарлануда әрі 16 құтқарушы тәулік бойы кезекшілік ететін болады. Сондай-ақ, құтқарушылар пультіне «SOS» спутниктік сигналын беру мүмкіндігі бар шалғай учаскелерде 15 лашық үй салуды жоспарлап отырмыз.
«Қазақтелекоммен» бірге таулардағы «көрінбейтін» аймақтарды ұялы байланыспен қамту бойынша жоба әзірленуде. Туристердің хабардарлығын арттыру үшін 10 интерактивті терминал орнатылады.
Пікір қалдыру